Жаңалықтар

Қаһарман «Қаһарманмын!» дей алмайды…

БАҚ қызметкерлері күніне орай қазақ журналистикасының ардагері Қайнар Олжай белгілі «Ara media» арнасына сұхбат берді. Қаламы қарымды журналист сұхбатта ұстазы, қазақ журналистикасының қара нары Нұрмахан Оразбеков турасында айтыпты. Жақсының жақсылығы айтылса, қуанамыз. Қайнар Олжайдың ұстазы турасында айтқан сөзін газет бетіне басуды жөн көрдік.

Сурет egemen.kz

– Нұрмахан Оразбеков ұстазым болды. Ол кісіден көп нәрсені үйрендім. Курстық жұмысымның жетекшісі де болды. Өте керемет аудармашы еді. Материалдарды сол қалпында аударатын. ҚазТаг-тың басшысы болып тұрғанда барып тұратынмын. Бірде Дінмұхамед Қонаевтың жастар туралы оқыған баяндамасын тәржімалады. Екі теруші терді мәтінді. Міне, материалдың үлкендігі осындай. Біреуі шаршаса, екіншісі алмастырады. А2 форматында екі бетке басу керек болды. Нұрмахан марқұм түске дейін екі жарым сағат, түстен кейін екі жарым сағат отырып, аударып тастады. Қолына бір рет қалам ұстаған жоқ. Сөзбе-сөз, ауызша тәржімалады. Қате де көп болған жоқ. Міне, Нұрмахан марқұм осындай еді.
Әр сөзді орнымен қолдануды Нұрмахан ағадан үйрендім. Нұрмахан ағаның бір ерлігін айтайын. 1991 жылы Кеңес үкіметінің шаңырағы шайқалып, бұл турасында газет беттеріне материалдар жарияланып жатты. «Михаил Горбачев ауырып қалды. Денсаулығына байланысты өз міндетін атқара алмайды» деген сыңайда радио­дан мәлімдемелер жасалды. Сол кезде «Орталық Қазақстан» газетіне Нұрмахан Оразбеков «Иә, бұл – төңкеріс!» деген мақаласын басты. Мұндай материалды жариялау – зор жауапкершілікті, батылдықты талап етеді. Осы ерлігі үшін Нұрмахан Оразбековке Қазақстанның «Халық Қаһарманы» атағын беру керек еді. Президент болмаймын. Бірақ, президент болсам, Нұрмахан ағаның ерлігін халыққа айтып, оған Қазақстанның «Халық Қаһарманы» атағын беруді алғаш болып ұсынар едім. Халықтың көпшілігі қолдайтынына сенемін, – деді Қайнар Олжай.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button