Ақ қар, көк мұздағы бәсеке
Теміртауда дәстүрге айналған «Ақ қыс – 2025» ХХІІ облыс қалалары арасындағы және «Қарлы қыс – 2025» ХХХV қысқы ауыл спартакиадасы өтті. Оған алты қала мен жеті ауданнан 500-ге жуық спортшы қатысып, қысқы спорттың төрт түрінен сынға түсті. Спартакиаданың ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Негізі, екі спартакиада екі бөлек уақытта өтетін. Бірақ, біршама жылдан бері бір уақытта қатар өтіп келеді. Десе де, ережелері, спорт түрлері ауыспапты. Президенттік көпсайыс, конькимен жүгіру, шайбалы хоккей және шаңғы жарысынан әр қала және әр аудан өзара командамен сынға түседі.
Биылғы «Қарлы қыс – 2025» XXXV қысқы ауыл спартакиадасына қатысушылар былтырғыдай емес. Әр аудан тыңғылықты дайындалып келген. Әсіресе, Нұрадан келген хоккейшілер. Ақтық кезеңде Абай ауданының командасымен кездесіп, ойынның негізгі бөлігінде 1:1 есебімен тарқасқан. Ойын соңы буллит кезеңіне ұласып, соңында 2:3 есебімен жеңіске жетті.
Бұған дейін қос команда бірнеше мәрте кездесіпті. Әріге бармай-ақ, берітіндегісін айтайық. Осыдан екі жыл бұрын нұралық хоккейшілер ақтық кезеңде абайлықтармен ойнап, І орын иеленген. Былтыр да финалда кездесіп, жеңіліп қалған. Биыл да қос қарсылас тағы финалда тоғысты. Бұл жолы нұралықтар қарсыластарын сан соқтырып кетті.
– Спартакиадаға дайындықты ерте бастадық. Әр ауылдан ойнап жүрген жігіттердің басын қосып, 15 адамды іріктедік. Бәрі тәжірибелі ойыншылар. Уақытылы ауысып, нәтижеге жұмыс істедік. Қарсыластарымыз осал емес. Біршама жылдан бері финалда кездесіп жүрген команда. Ойынның негізгі бөлігінде есеп тең түскенде, жанкүйерлердің қолдауы бізге дем берді. Былтырғы қателіктерімізді қайталамауға тырыстық. Нәтижесінде жеңіс біздің жағымызда қалды, – деді команда капитаны Шалғынбай Баспақов.
«Ақ қыс – 2025» XXII қысқы облыс қалалары арасындағы спартакиадасына Қарағанды қаласының спортшылары да сақадай сайланып келіпті. Сәйкесінше керемет нәтиже көрсеткен. Жасақтаған командалары спорттың үш түрінен алтын алған. Бірақ, хоккейшілері ақтық кезеңде сүрініп, теміртаулықтардан айласын асыра алмапты.
– Спартакиадаға дайындықты жыл басынан бастаймыз. Әуелі қатысушыларды іріктеп, жаттығу жұмыстарына содан кейін кірісеміз. Негізі біз жаттығуға баса назар аударамыз. Бұл – командалық сайыс болған соң ауызбіршілік керек. Былтыр, жалпыкомандалық есепте І орын иелендік. Бұның бәрі спортшылардың еңбегінің нәтижесі. Биыл жарыс ережесіне сәйкес спартакиадаға 30-дан астам спортшымен келдік, – деді Қарағанды қалалық дене тәрбиесі және спорт секторының меңгерушісі Берік Досымбеков.
Шаңғы жарысының ережесі бойынша әр командадан төрт адамнан қатысуы керек. Яғни, екі ер және екі әйел адам. Және жас ерекшеліктері де әрқилы болуы шарт. Осы талаптарға сүйене отырып, теміртаулықтар команда қатарына 60 жастағы Валентина Титовскаяны қосқан. 60-та демесеңіз, Валентина Викторовнаның қимыл-қозғалысы ширақ. Үнемі спортпен шұғылданып, түрлі байқауларға қатысып жүрген жан. Осы жолы да спорт бөлімі тарапынан шақырту түсіп, қаланың атынан өнер көрсетуін сұрапты.
– Осындай сайыстарға үнемі қатысамын. Ал, спартакиадаға бесінші мәрте қатысуым. Бес жыл қатарынан командамен ІІ орын алдық. Өзім үнемі дайындалып жүргеннен болар, қиындықтар тумады. Дегенмен, қобалжу болды. Әр сайыста өзің емес, команда үшін бақ сынайсың. Сондықтан, жақсы нәтиже көрсетуің қажет. Алдағы уақытта мені командаға қайта шақырып жатса, міндетті түрде келемін, – деді Валентина Викторовна.
Жарыс қорытындысы бойынша «Қарлы қыс – 2025» XXXV қысқы ауыл спартакиадасында жалпыкомандалық есепте Абай ауданының командасы үздік атанды. Нұралықтар ІІ орын иеленсе, ІІІ орынға Осакаров ауданының командасы табан тіреді.
«Ақ қыс – 2025» XXII қысқы облыс қалалары арасындағы спартакиадасында Қарағанды қаласының командасы алдына қара салмады. Теміртаулықтар – ІІ орын, Шахтинск командасы ІІІ орын еншіледі. Ал, Валентина Титовскаяға жарыстың «Ең үлкен қатысушысы» деген марапат тапсырып, сый-құрмет көрсетті.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет ұйымдастырушылардан