Ағаның абзал болмысы
Белгілі қаламгер, журналист Тілеуқабыл Байтұрсынның туғанына – 75 жыл
Ақ-қарасы шендескен, адал-аяры арбасқан мынау қызыл-жасыл дүниеде, өтпелі өмірде өзіңе жол көрсетіп, жөн сілтеген, салиқалы сөзімен, орнықты мінезімен санаңда сәуле қалдырған жайсаң ағалар, жаны ізгі жандар туралы өткен шақта әңгіме қозғау кім-кімге болсын оңай тимесі белгілі.

Осы тұрғыда данышпан Абайдың көпке мәлім мынадай бір тәмсілі бар:
Дүние – үлкен көл,
Заман – соққан жел.
Алдыңғы толқын – ағалар,
Кейінгі толқын – інілер,
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер…
Тіршіліктің көші ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретінін хакім баба осылай тұжырымдаған екен де!.. Бұдан бірнеше жыл бұрын жалғанның көшіне ілескен Тілеш аға, аймақ-атырап баспасөзінде өзіндік орны бар қаптал қаламгер Тілеуқабыл Байтұрсын болмыс-бітімі бөлек, көргені көп, түйгені мол, Алла бойына берген сол қадір-қасиетті инемен құдық қазғандай бейнетті кәсіп – журналистікке сарқа жұмсаған аптал азамат еді.
Осы ғұмырымызда талай адаммен дәмдес болдық. Талай жасы үлкен ағалардың аялы алақанының жылуын сезініп, шапағат-шуағына шомылдық. Солардың ішінде бір-бірімізге көкірек ашып, шын сыйласқан аз ағаның бірі де бірегейі мен үшін осы Тілеш аға болды, білем.
Қалам ұстаған жандардың бәріне тән үрдіс – ол кісінің есім-сойын ең алдымен мерзімді басылым беттерінен танып білдік. 1982 жылы Қарағанды мемлекеттік университетіне студент болып қабылданған соң бала кезден ала қағаздың бетін айналдырып қалған үрдіспен, жергілікті «Орталық Қазақстан» газетіне үңіле бастадық. Мән-маңызы, бай мазмұны тұрмақ, түр-түсі, безендірілуіне дейін ерекше, байыпты басылым бізді бірден баурап алды. Оның арнаулы тілшілері – қызметкерлерінің есімдерін де етене біліп алдық. Негізінен ауылдың тыныс-тіршілігіне, ауыл шаруашылығына қатысты қалам тербейтін Т.Байтұрсынов есімімен осылай танысып едім.
Университет өмірінен хат-хабар жазып, өлеңсымақ «тақпақтар» түртіп, сонымызды редакцияға жасқана басып барып, апарып беріп жүріп ағаның жүзін де көрдім. Әлбетте, ол кездегі таныстығымыз өріс алып кете қойған жоқ. Жай аман сәлеммен шектелдік.
Кейінде ағамен осы облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде жолымыз түйісті. Оқу бітірген соң жаңадан ашылған жастар газеті «Қарағанды жастарында» Төлеубай Ермекбаев, Құлтөлеу Мұқашев, Әшімхан Жәмпейісов ағалардың алғашқы тәрбиесінен өткен соң сол Төлеубай ағамның шақыруы, ықпалымен «Орталықтың» киелі табалдырығынан аттадым.
Ол кезде «Орталықтың» азуын айға білеп тұрған айбынды шағы. Мен мұнда жұмысқа 1991 жылдың тамыз бүлігінен соң бірден «Ия, бұл – төңкеріс!» деп аттандаған батыр редактор Н.Оразбековтің белгілі ерлігі арқасында атағы аспандап кеткен 1992 жылдың басында қабылдандым. Редактор – Рымқұл Сүлейменов аға, жауапты хатшы – Мағауия Сембай, редакцияда Р.Сағымбеков, Т.Әбуғалиев, Б.Мұстафин, Т.Шайхин, М.Айнабеков, З.Ыдырысов, т.б. сынды ардагерлер, М.Хасенов, С.Жүнісов, С.Сексенов, С.Жанысбай, С.Бексейіт, Т.Байтұрсын, А.Несіпбай, Е.Имаш, Т.Ермекбаев, т.б. сынды тіс қаққан журналистер еңбек етеді. Жастық желігі басылмаған жас жігіт, мен әуеліде бір конвейерге түсіп кеткендей күй кештім. Дегенмен қамқор ағалардың аялы алақандарының арқасында жылдам ес жидым. Күнбе-күн, аптасына бес рет шығатын газет жұмысына ысылып, әсіресе, редакцияның «кухнясы» (асхана деген аударма бұл ретте келіңкіремейтін сияқты), штабы саналатын хатшылық жұмысын шебер меңгеріп алдым. Айбынды ағаларымның шапағат шуағына бөлендім, ықыласына ие болдым. Бір сөзбен, «Орталық Қазақстан» менің үлкен өмір мектебіме айналды. Сол мектептің жемісін әлі күнге көріп келе жатқанымды әркез ілтипатпен әңгімелеп жүремін.
Тілеш аға біз білгенде бас редактордың орынбасары, мұндай отырыс-жиналыстарда өзін барынша тартымды, салқынқанды ұстайтын. Қанша дегенмен, бүкіл мемлекет құрылымы өзгеріп, барша жұмыс жаңадан ұйымдастырылып жатқан сол бір алмағайып кезең газеттің тыныс-тіршілігіне де қатты салқынын тигізді. Қаржыландыру қалыпты емес, соның салдарынан газет бір шығып, бір шықпайтын күйге жеттік. Қызметкерлер айлап жалақы алмайды. Аптасына алты рет шығып келген газет алдымен бес рет, кейіннен үш рет қана шығатын болды. Таралымы да едәуір қысқарды.
Ұжымда да түрлі, түсініксіз жағдайлар орын алды. Бірер жылда бірнеше редактор ауысты. Біраз қысқартулар болып, соның ішінде бас редактор орынбасарының бір лауазымы да қысқартылып, Тілеш аға бөлім меңгерушісі қызметіне бекіді. Содан бұрын редакция қызметкерлерінің дайындаған материалдарын қараудан қолы тимейтін Тілекеңнің, енді өзі де көсіліп жаза бастаған еді. «Тура биде туған жоқ» деген, туған ауылы – Қарқаралы ауданының Нұркен совхозында орын алған келеңсіздіктер, басшылық тарапынан жіберілген олқылықтар жөнінен жазылған аса көлемді материалы бүкіл қоғамда қызу талқыға түсіп, біраз елді дүрліктіргені жақсы жадымда. Мақалаға қатысты түрлі тараптардан түскен екі жақты пікірлерге, тіпті, қоқан-лоқыларға Тілекең айылын да жиған жоқ. Өз позициясын берік ұстап қалды. Өндіртіп жаза берді. Әр нөмір сайын сын сағатта халықтың басына түскен тауқымет, зорлық-зобалаң туралы ірілі-ұсақты материалдары үзбей жарияланып жатты. Жай ғана жарияланып қоймады, оқыған жанды тебірентті, толғантты. Еркінен тыс ойлануға, айналадағы жүріп жатқан түрлі процестердің астарына үңілуге, көкірек көзімен қарауға мәжбүрледі.
Қашан да «аға – бор, іні – тас». Біздің сол кезден басталған жақсы қарым-қатынасымыз кейін терең сыйластыққа ұласты. Келе-келе тонның ішкі бауындай тығыз араласып кеттік. Бір-бірімізге деген ағалық, інілік сезімімізге, сенімімізге қылдай қылау түсірген жоқпыз. Бұл ізгі жоралғы мен басқа жұмысқа ауысып кеткенде де жібек желісін үзген жоқ, жалғасын тапты. Қайта, тіпті, менің ол азаматқа деген ілтипатым, құрметім жыл өткен сайын қымбат тарта түсті ғой деймін.
Қызметтен, күнделікті қарбалас тіршіліктен қол қалт еткенде жиі кездесіп, мына күйкі тірліктің таусылып бітпес уайым-мұңын ұмыттырған демалыс сәттерін бірге өткізіп жүрдік. Біраз жүздеспей кетсек телефон арқылы қоңырау шалып, жағдай сұрасып тұратынбыз. Айқын аға бар, әлгі әзіл ертегіде айтылатындай, «екі генерал, бір мұжық» – екі аға, бір іні боп жарасып, дуылдатып-думандатып, әңгіменің көрігін қыздырып отыратын кең шалқар күндер, күрең кештер күні кешегідей көз алдымда, көңіл көгінде. Ол да болса өмірдің жүректен өшпейтін бір қалаулы кезеңдері еді-ау…
Сол жылдары қоғам өмірінде кең қанат жайған құбылыс – түрлі үлкен-кіші баспалардың көбеюіне орай, кітап шығару ісі қауырт қолға алынып, қаламгерлер қауымы бұл жаңалыққа жаппай ден қойды. Бұрынырақта журналистердің жекелеген жинақтары ғана жарық көріп келсе, енді барлық дерлік жазарман жұрт бұрын-соңды жазылған дүниелерін қағып-сілкіп, елеп-екшеп, түптеп-таразылап, кітап етіп бастыра бастады. Тілеш аға да кітап шығару ісімен мықтап шұғылданды. Алдымен «Еңбек түбі зейнет екен білгенге» деген сериялы кітаптар шоғыры дүниеге келді. Бұл жинақтардың мазмұны еліміз көлемінде қарқын алған, ендігіде еңбек көзіне айналған – кәсіпкерліктің, соның аты озған айдынгер азаматтарының абыройлы тыныс-тіршілігінен түзілген еді. Оның ішінде, аймақтағы ауыл шаруашылығын өркендетіп отырған, істің көзін тапқан білікті маман, іскер ұйымдастырушыларды тап басып танып, тынбай зерттеп, сол үшін алыс ауылдарды, шаруашылықтарды ерінбей аралап, көптеген очерктер жазды.
Содан кейін де осы тұрғыдағы бірқатар мерейтойлық кітапшалар шығарумен тұрақты айналысты. Мен осы кітаптардың біразына редактор болдым. Ағаның жинақ-кітаптарының бір тәртіппен, бір қалыппен, ұсынықты болып шығуына баспа ісінің білгірі ретінде өзіндік үлесімді қостым.
Еш нәрсеге асықпайтын, мол пішілген болмыс-бітіміне сай баяу қозғалып, байыппен қимылдап жүретін Тілеш аға атақ-дәреже, сый-сияпат дегендерге соншалық құштар болмады. Облыс әкімінің дәстүрлі «Алтын сұңқар» сыйлығын да әріптестерінен көп кешігіп алды. Онда да конкурсқа Мағауия ағаның дігерімен барып түсіп, сол кісінің ықпалымен алып шықты.
Тілекең қашан да маңайына шуақ шашып, ортасында қалыпты «ауа райын» орнатып жүретін, көңілі таңғы шықтай мөлдір, кім-кімге болсын ниеті түзу, жүрегі тұма бұлақтай таза кісі еді. Ал, жүрегі тазаның әрдайым жүзі жарқын. Мұндай адамдардың дос-жарандары да көп болады. Тілеш ағаның басты байлығы, бір мақтанышы – түрлі дәрежедегі достары еді. Сонау бала кезінен бірге өскен ауылдас достарынан бастап, университет қабырғасында, кейінде қызмет бабында танысып, араласып, сыйласып кеткен жолдастарын өмірінің бір-бір бекетіндей көріп, солардың бүгінгі бақуатты тыныс-тіршілігіне қуанып, қуаттап, марқайып отыратын. Және бір қызығы – кейбір достарының бір адамдармен өзі арқылы танысып, кейінде сол адамдармен өзінен де жақын дос-жолдас болып кеткенін айтып, «бұл да болса, менің бет-беделім» деп мақтанып, разылық танытып жүретін. Айталық, Тілекеңнің бозбала күнінен бірге өскен айнымас достары, анау Әлкен, мына Ерғазы ағайлар уақыт өте келе, бүкіл баспасөз өкілдері, қаламгерлер қауымы, өнер шеберлері арасында танымал болып, біте қайнасып кеткен, бәріміз үшін аса сыйлы азаматтар.
Ағаның үйіндегі Бақыт жеңгеміз де – «Орталық Қазақстанның» ардагері. Үйіндегі балаларын, аталас ағайындарын да жақсы танып білдік. Қарағандыдағы үйінде, Қарқаралы, Нұркендегі қарашаңырағында да болдық. Ағасы қайтыс болған қаралы күндері жанында жүріп, қайғысына ортақтастық. Қазаның арты қайырлы болуына, тойға айналуына тілектестігімізді білдірдік.
Өмір дегеніңіз үнемі өрге басып, биікке бастап отыратын тақтайдай тегіс жол емес, тегі. Оның бұралаң-бұлтағы, соқтықпалы соқпасы да жетіп артылады. Былайынша емендей қатты, болаттай берік көрінетін Тілекең өмірдің ащы-тұщысын, тағдыр талқысын да тартудайын тартып бақты. Пешенесіне жазылғаны өз алдына, көлденең қырсық, пәле-жалалар да бұл шаңырақты көп төңіректеді. Тұрмыс-тіршіліктің шығыршығы кері айналып, сергелдең күй кешкен кездері де болды.
Аға көпке ашпайтын сырын маған сыздықтап білдіретін. Тартқан сыйы, артқан жүгі атан түйеге лайық дерлік тотанақ тіршіліктің басқа салған ауыртпалығын айтып, кейде мұқап, мұңайып отыратын. Екі сөзінің бірі – Хаки еді, Хақназар – аталық мейіріммен ерекше жақсы көрген сүйікті немересі. Онымен кездесуді ерекше күтетін, оған ерекше дайындалатын, сосын әрбір қылығын, әрбір сәтін жыр қылып баяндап беретін. Менің көз алдымда немересін сауда кәрзіңкесінің орындығына отырғызып алып, супермаркет ішін баппен аралап жүретін бейнесі жақсы қалыпты.
Тілеш аға құрметті зейнет демалысына шыққан соң да сүйікті «Орталығынан» бір сәтке де қол үзген жоқ. Редакцияға күніне бір соғып кетуді өзіне парыз санайтын. Апта аралатып, «Орталықтан» келе жатырмын, «Орталыққа» бара жатырмын деп, маған да келіп тұратын. Сол баяғы көңіл, сол баяғы кең пейіл. Алды бар, арты жоқ, арсы-күрсі әңгіме.
Ия, өмір – мұрат, өлім – ақиқат… Туған жерімен тығыз байланыста өмір сүріп, ел-жұртының тыныс-тіршілігіне бар ықыласымен араласып, перзенттік парызын өтеу үшін қолынан келген бар қызметін аямаған Тілеш ағаның мезгілсіз қазасы да уақыттың белгілеген межесі болды. Арда мінез абзал азамат жетпіске жетпей желкенін жықты. Көңілге бір жұбаныш – артында жақсы аты, тәлім-тағылымы қалды. Терең білімі мен бай іс-тәжірибесінің арқасында қарымды қаламгер ретінде өңірдің көркем шежіресін жазуға лайықты үлес қосты. Оның артында қалған мол мұрасы кейінгі жас буын өкілдеріне өрісті өнеге, әлі талай тақырыптың өзегі болып, зерттеу нысанына айналады деп сенеміз.
Ол қарапайым да қадірлі өмір кешті. Ағаның абзал болмысы онымен тығыз араласқан және жақын білген әр адамның жүрегінде мәңгі сақталып қалары сөзсіз. Біз енді өзіміздің өмірлік мұраттарымызды әрдайым осындай шоқтығы биік, еңсесі ерек жандардың тағдырлы ғұмырымен тектеп, таразылап жүретін боламыз.
Жомарт ОСПАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
«Egemen Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі



