Аққан жұлдыз

Біздің Арқада талай дүлдүл қаламгерлер өткен ғой. Тәубә, қазір де бар. Келешекте де талай талантты ұрпақ өмірге келер. Сол шамасына қарай шапқан тұлпарлардың ішінде өз биігіне жете алмай өмірден өткен қаламгердің бірі әрі бірегейі журналист Бағдат Қалиакпарұлы Мекеев еді. Сарыарқа журналистикасын дамытуға бір адамдай үлес қосқан, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бағдат Мекеев бар болғаны 52 жыл ғұмыр кешіп, бақилық болып кеткен болатын. Облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында 30 жылдай журналист болып қызмет еткен Бағдат марқұм баспасөздің нағыз қара нары болды. 1973 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмәмдап, сол жылы ашылған Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетіне жас маман болып қызметке барған-ды. Жалғыз бармай, өзімен бірге оқыған, Сарыағаштың тумасы Гүлниса Ережепқызын қоса ала барды. Екеуі сол Алматыда бірге оқып жүріп, отбасын құрған болатын. Тұңғыштары сонда студент күндері дүниеге келді. Осылайша, бір отбасының екі журналисі Жезқазған қаласында еңбек жолын бастады. Айтпақшы, журналистика факультетінің осы тобында кейіннен сатирик болған Көпен Әмірбеков, ақын Күләш Ахметова бірге оқыған еді.
Бағдат 1950 жылы 21 сәуірде Ақтоғай ауданындағы Қызыларай ауылында дүние есігін ашқан еді. Алаш көсемдерінің бірі Әлихан Бөкейханов туған бұл өлкеден талай оқымысты, ақын, жазушы шыққанын білесіздер. Әрине, осындай киелі топырақта өмірге келген Бағдат та бала күннен өлең жазып, әдебиет деген әлемге құштар болды. Сол жылдары Қызыларай мектебінде Бағдатпен жастары шамалас Дәуітәлі Стамбеков, Серік Ақсұңқарұлы, Абзал Бөкенов, Сүйіндік Жанысбай тәрізді талантты балалар бірге оқыған еді. Есімдері көпке белгілі бұл ақын-жазушылар қандай табысқа жеткенін айтып жатудың өзі артық болар. Осылардың ішінен тек Бағдат қана журналистика факультетін бітіріп, өзінің қысқа ғұмырын тек қана газет пен радиоға арнады. Ол заманда журналистерді аяғы асырайтын. Аптасына кемінде бір рет, әйтпсе 2-3 рет іссапарға шығып, жергілікті жерден ақпарат жинайтын. Сөйтіп, журналист ағайындар облыстың бір бұрышынан екінші шетінен бір-ақ, шығатын еді. Жаяулап-жалпылап жүріп, алыс сапардан келісімен түнімен отырып, мақала жазатын. Осы ауыр жұмысты бір кісідей атқарғандардың бірі осы Бағдат марқұм болатын.
Бағдаттың өмір жолына көз жүгіртсек, ол мектепті 1967 жылы тәмәмдап, бір жыл «Қызыларай» совхозында тракторшы болып қара жұмыс істепті. Келер жылы барып КазГУ-ге түседі. Ол уақытта Қазақстандағы жалғыз университетке, соның ішінде жылына 50 студент қана қабылдайтын журналистика факультетіне оқуға түсу оңай болмайтын. Еңбек тәжірибесі жоқ жас балалар тек қана бестік бағамен қабылданатын еді. Бағдат жас күнінен терең білім алып, ой-өрісі кең, жан-жақты бала болып өскен-ді. Себебі, ол мұғалімдер отбасынан шыққан өрен еді. Әкесі Қалиакпар Мекеев Қарқаралы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищені тәмәмдап, мұғалім мамандығын алған азамат болатын. Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылдың алғашқы айларында майданға алынып, Брест қорғанысын қорғауға қатысқан. Жау Брестті қоршап алып, қатты қырғын болғаны белгілі. Міне, жан берісіп, жан алысқан осы айқастың бел ортасында Қалиакпар ата болған еді. 1943 жылы ауыр жарақат алып, елге қайтарылады. Майданда «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Елге келген соң Қарқаралыдағы орыс мектебінде сабақ береді. Ол уақытта ауыл мектептерінде мұғалім жетіспейтін еді. Сол себепті, Қалиакпар ұстазды 1948 жылы Қызыларай ауыл мектебіне жібереді. Бұдан кейін бірнеше мектепке ауысып, директор болады. 1964 жылы соғыста өкпесіне қадалып қалған оқ қозғалып кетіп, операция жасайды. Көп ұзамай 1965 жылы қайтыс болады. Сонда 52 жаста екен. Ал, Бағдаттың да 52 жаста бақилық болғанын айтып едік. Бұл тағдыр дегенді қойсаңшы.

Бағдаттың анасы Төкен Мекеева да Қарқаралы педагогикалық училищесін бітіріп, жұбайы қай мектепке жіберілсе, сонда мұғалім болған. Кейін екеуі де Қарағанды пединститутын сырттай бітіріп, жоғары білім алған. Отбасында 7 бала болған, ауылдық жерде интернат болмағандықтан ағайынның 4-5 баласы да осы үйде жатып оқиды екен. Сонда оншақты баланы асырап-сақтап, оларға білім мен тәрбие бере білді. Төкен апа көп жылғы еңбегі үшін «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен және бірнеше медальмен марапатталған. Ең бастысы – ұстаз бола жүріп, өз балаларына да терең білім, тәрбие бере білді. Аналық борышын да адал атқарды. Бағдаттың қаламы қарымды журналист болғанын мақтан тұтып өтті.
Бағдат Қалиакпарұлының өзімен тетелес өскен Бақыт деген қарындасынан: «Оны журналист ретінде жақсы білеміз, ал, бала кезінде қандай болды?» – деп сұраған едік.
– Бағдат ағам жастайынан зерек, алғыр, тапқыр, ақылды болып өсті. Бірақ, сотқарлығы да болатын. Ауылдың басқа балаларындай кешке дейін асық ойнап, доп қуып, үй шаруасына көмектесіп ер жетті. Табиғатқа сүйіспеншілігі ерекше еді. Жазда қойдың кезегіне барамыз, қабығы аршылған таяқтарды құмырсқаның илеуіне оны бүлдірмей тығып кетеді. Қайтарда сол таяқтарды алып, жалаймыз. Осы күні ойласам, ол құмырсқа қышқылы екен. Қымыздық теріп, жапырағын жейміз, сонда тамырына тигізбейді. Көктемде бәйшешек тереміз, онда да тамырын жұлғызбайтын. Келесі жылы тағы өсуі керек дейтін. Кейін азамат болып өскен соң ішімізде бас көтерер сол болғандықтан толып жатқан парызы болды. Соның бәрін мінсіз атқарды. Анасының алдындағы, ағайын-туыстың алдындағы борышын толығымен өтеді. Өз балаларын бәрін бірдей аяқтандырып үлгермеді. Дегенмен, оларға дұрыс тәрбие беріп, өмір сүруге қажет дағды беріп кетті деп ойлаймын.
Біз жоғарыда Бағдат Мекеев 1973 жылы жаңа ашылған «Жезқазған туы» газетіне қатардағы журналист болып орналасып, еңбек жолын бастады деген едік. Осында тоғыз жыл табан аудармай тілші, бөлім меңгерушісі болып қызмет істеді. Бұдан кейін бір жыл сол кездегі Жезқазған облысына қарайтын Шет ауданының «Ильич туы» газетінің редакторы болды. Ал, 1983-1986 жылдары «Орталық Қазақстан» газетінде қатардағы тілші болып қызмет істеді. Міне, осы жылдары онымен қатарласа қызмет істеп, оның қаншалықты еңбекқор, қаламы ұшқыр журналист екенін көрдік. Ол өте тез қимылдайтын, қамшы салдырмайтын қаламгер еді. Тәжірибесі толыққан кезі болатын. Кез келген облыстық мекеменің басшысына кіріп, сөйлесе алатын адуынды әріптес болып шықты. Жасында сотқар бала болғаны рас екен, басынан сөз асырмайтын намысқой, бетті жігіт екеніне көзіміз жетті. Шынында, мінезді адам ғана мықты журналист бола алады. Бағдаттың өмірге деген өзіндік көзқарасы, пікірі бар азамат еді. Журналисттік іс-сапарда көрген-білгенін жасырмай, біреулерге қарап жалтақтамай, шындықты шырылдатып жазып, газетке беретін. Ол кез келген тақырыпқа жазатын әрі мықты очеркші еді. Әсіресе, ауыл еңбеккерлері туралы очерктері сәтті шығады. Себебі, өзі ауылдан шыққандықтан түрлі штрихтар қолданып, даладағы табиғатты әсем суреттегенде айызың қанады. Еңбек адамының образын қолмен қойғандай береді.
Біздің заманымызда Бағдат сияқты ұшқыр, алымды журналистер бір орында ұзақ отырмайды. Республикалық редакциялардың басшылары талантты журналистерді аттай таңдап алады. Бір күні қарасақ, Бағдат Қазақ радиосынан саңқылдап: «репортаж жүргізген Бағдат Мекеев» деп тұр. Бұл 1986 жылы болатын. Ол газет шығарушы журналист қой. Оның бесаспаптығы сондай, аз уақыттың ішінде радио-журналист болып шыға келді. Газеттегілер бүгінгі оқиғаны ертеңіне беріп жатса, радиодағылар күнбе-күн шұғыл береді. Радио мен газеттің айырмасының өзі сонда ғой. Талантты адам қашан да талантты деген рас болар, Бағдат радиожурналистиканы да тез меңгерді. Репартерын арқалап алып, қала мен ауылды аралап, проблема көтеріп, мәселені төтесінен қойып, қазақ радиосынан саңқылдап жүрді. Үш жылдай ол осы қызметті мінсіз атқарды.
Содан 90-шы жылдары республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне белгілі қаламгер Шерхан Мұртаза бас редактор болып келіп, жан-жақтан қарымды журналистерді жинай бастады. Сондай мақтаулы, болашағынан үміт күттіретін журналистердің қатарында біздің Бағдат та болды. Ол 1989 жылдың сәуір айынан 1997 жылдың сәуіріне дейін 8 жыл табан аудармай «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті. Тағы да қамшы салдырмады. Облыстың өмірінен бұрқыратып мақала жазды. Есте қалған сондай мақаласы Шұбаркөл көмір разрезінің проблемасына арналды. Сол уақытта Қазақстанның қазба байлықтарын тонау басталған еді ғой. Бағдат алғашқы журналистердің бірі болып осы талапайға қарсы шықты. «Машкеевич деген біреу келіп, байлығымызды шетелдерге сатып, дорбасын долларға толтырып жатыр» деп бүкіл елімізге жар салды. Бірақ, оның айқайын еститін құлақ болмады. Сол адуынды Бағдат сол кездегі облыс әкімі П.Нефедовпен шарпысып қалғаны бар. Кейіннен «Петр Петровичпен шайқасың неден басталды, қалай аяқталды» деп сұраймыз ғой. Әңгіме былай болған екен. Облысқа «Егеменнің» меншікті тілшісі болып бекіп, қызметін істеп жатыпты. Содан «Казправданың» тілшісі екеуі облыс әкімінен сұхбат алмақ болады ғой. Сөйте, Нефедов «Казправда» өкілін қабылдапты да, Бағдатты кіргізбепті. «Сізге «Егемен» газетінен Мекеев келіп тұр» – деп көмекшісі барса, «Что такой «Егемен», кто такой Мекеев, я незнаю», – депті. Бағдаттың мінезі де жетісіп тұрған жоқ. «Әп, бәлем, қолыма түсерсің», деп тісін қайрап жүріпті. Ол кезде облыс әкімінің дүйсенбі күні өткізетін аппарат жиналысына облыс пен республикалық газеттердің тілшілері қатысатын. Ол жиналысқа бүкіл мекемелердің басшылары қатысады, соларға облыс әкімі тапсырма береді. Ал, П.Нефедов бұрын шахтаның директоры болған ғой. Сонда лездеме өткізгенде анайы сөйлеп үйренген ол мына жиналыста байқамай «Өй, шешеңді» деген қазақшаның орысшасын айтып жіберген ғой. Оны Бағдат диктофонға жазып алады да, «Дөкей облыстың дардай басшысы былай деп жатыр» – деп «Егеменге» жазып жіберген ғой. Жасынан сотқар атанған Бағдат кімнен қорықсын, республикалық газетке басып жіберіпті. Ертеңіне Петекеңнің көмекшісі звондап, «облыс әкімі сізді сұхбат алсын» деп шақырыпты. «Иә, батырым, соңы не болды?» – деп сұраймыз. Бағдат марқұм қарқылдап бір күліп алып: «Бала кезімде арбамен келе жатқанда шабан өгіздер жүрмей әуре қылады. Сондайда ұшына қорғасын құйылған бишікпен жон арқадан осып-осып жібергенде белі майысып, бүлкілдеп желіп отыратын. Сол тәрізді Петьканы да майпаңдаттым ғой» дейтін.
Бағдат марқұм «Егемен Қазақстан» газетінен кейін тағы қазақ радиосының облыстағы тілшісі, «Түркістан» газетінің меншікті тілшісі қызметтерін атқарды. Ақырғы екі жылда аудандық «Абай ақпарат» газетінің редакторы болды. Содан 2002 жылы 11 мамырда кенеттен бақилық болып кетті. Жоғарыда оның жұбайы Гүлниса да журфакті бітірді деген едік қой. Гүлниса Мекеева да Бағдат қайда жүрсе қоса жүріп, журналист болып қызмет істеді. Отбасындағы 5 баланың тәрбиесі сол Гүлнисаның мойнында болды. Бағдат оларды ештеңеден тарықтырмай асырап-сақтады. Бәкең өте табысқой еді. Совхозға командировкаға барып келгенде машинасынан бір-екі қап картоп, бір-екі қойды домалатып түсіріп жататын. Оны ұқсатушы, әрине, Гүлниса болды. Бағдат өте көпшіл болды. Кездескен таныс, жора-жолдасты, күн демей, түн демей үйге алып келетін. Сондайда Гүлниса қабағын шытпай, барын дастарқанға жайып салатын. Екеуі өте тату болды, қашан көрсең әзіл-қалжыңын айтып отыратын.
«Орнында бар оңалар» деген. Бағдат пен Гүлнисаның бес баласы бүгінде орнын тауып, ел қатарлы өмір сүріп жатыр. Үлкендері Индира медицина университетін бітірген білікті дәрігер. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Қазір әлеуметтік қорғау министрлігінің Қарағанды облыстық департаментіне қарасты медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы қызметін атқарады. Ұлы Қобыландыдан немере көріп отырған әже. Үйдің кенжесі Талғат Мекеев Шахтинск қалалық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары қызметінде. Бәкеңнің басқа балалары да өмірден өз орындарын тапқан. Бір өкініштісі, Индираның ері Думан да өмірден ертерек, 49 мүшелінде қайтты. Ол көп жыл аудандық әскери комиссариаттың бастығы болып, полковник шеніне жетіп, облыстық әскери комиссардың орынбасары қызметіне тағайындалған кезде марқұм болып кетті. Бұл күнде Бағдат пен Гүлниса Мекеевтердің немере-шөберелері өсіп-өніп жатыр.
Міне, қос журналист Бағдат пен Гүлниса Мекеевтердің туғанына 75 жыл толып отыр. Олардың жасамаған жасын, көрмеген қызығын кейінгі ұрпақтары көрсін деп тілейміз!
Серік СЕКСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі