Жаңалықтар

Аңғал астындағы атын алдырады

Қазіргі қоғамда қылмыс келбеті өзгеріп барады. Ұры да, қаскүнем де бетперде киіп, виртуалды кеңістіктен бой көрсететін заман туды. Ақшаңызды ұрлау үшін алаяқтар енді есігіңізді қағып кірмейді, олар телефоныңыз­ға қоңырау шалып, банктің атымен хат жазады. Осындай сын-қатерлерге және басқа да қылмыс түрлеріне жауап ретінде Қарағанды қаласының құқық қорғау органдары Президент тапсыр­масына сәйкес жүйелі әрі кешенді шаралар қабылдап жатыр.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Қылмыстың жаңа түрі бар

Қарағанды қаласы полиция басқармасы ұсынған дерекке сүйенсек, кеншілер астанасында 2025 жылдың 7 айының ішінде 2819 қылмыстық оқиға тіркелген. Оның 1557-сі – алаяқтық болса, соның 997-сі – интернет алаяқтық. Яғни, қазір әрбір екінші алаяқтық цифрлы кеңістікте тіркеліп отыр. Бұл қауіптің тек шынайы өмірде емес, виртуалды кеңістікте де күшейіп жатқанын аңғартады.

Бүгінде киберқылмыскерлер адам психологиясын шебер меңгерген, олардың айла-тәсілі күн сайын түрленіп отыр. Күні кеше ғана ескі тәсілмен қалтаңызды тінткен ұры енді телефон арқылы SMS-кодты сұрап, шотыңыздағы ақшаны жоқ қылады. Сондықтан да, қалалық полиция басқармасы бұл бағыттағы жұмыстарды қарқынды түрде жүргізіп келеді.

Пәтер ұрлығы азайды

Қалта ұрлығы әлі де болса, қоғамдық көліктер мен адам көп жиналатын жерлерде тіркеліп отырады. Осыған байланысты Қарағанды қалалық полиция басқармасының Криминалдық полиция басқармасы Жедел іздестіру бөлімшесі күн сайын «қауырт» сағаттарда, яғни, таңертеңгі және кешкі мезгілдерде Қазыбек би ауданының аумағында ұдайы жедел-іздестіру іс-шараларын өткізуде.

Осы орайда Қарағанды қаласының полициясы профилактикалық шараларды тек қауіп төнгеннен кейін емес, алдын ала қолға алуды мақсат етіп отырғанын атап өту керек. Биыл қалада ауқымды ақпараттық және түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

– Нақтырақ айтсақ, қоғамдық көліктерде дыбыстық хабарламалар мен бейнероликтер үздіксіз берілуде. Базарлар, аялдамалар, мектептер, медициналық мекемелер мен автобустарда ақпараттық парақшалар таратылып, қалта ұрылары мен интернет алаяқтарынан қорғану ережелері түсіндірілуде. Сонымен қатар, қарапайым тұрғындарға қылмыстың жаңа түрлері мен олардан сақтану жолдары туралы үнемі мәлімет беріліп отыр.
Уақытылы атқарылған жұмыстың нақты нәтижесі де жоқ емес. Атап айтсақ, пәтер ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда 22,5%-ға төмендеген. Бұл – халықтың сақтығы артқанын және полиция­ әрекетінің нәтижелі екенін көрсетеді, – деп атап өтті Қарағанды қаласы полиция басқармасы Криминалдық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Бауыржан Омаров.

Қылмыспен күрестегі жаһандық тәсілдер

Бүгінде пәтер, қалта ұрлығы және интернет-алаяқтық мәселесі елімізде ғана емес, бүкіл әлемде күрделі проблемаға айналды. Әлемнің дамыған елдері бұл қауіпке қарсы кешенді заңнамалық және технологиялық шаралар қабылдауда.

Мәселен, Ұлыбританияда интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін үкімет киберқауіпсіздік тақырыбын мектеп бағдарламасына енгізген. Балаларға жеке деректерді қорғау, фишингтен сақтану, жалған жарнамаларды тану сияқты базалық дағдылар үйретіледі.

Сонымен қатар, әрбір банк клиентіне арнайы «қызыл жалауша» ескерту жүйесі енгізілген. Күмәнді операциялар кезінде автоматты түрде ескерту келеді.

Ал, Германияда интернет-алаяқтыққа қарсы арнайы «Cybercrime Unit» бөлімдері федералдық және аймақтық деңгейде жұмыс істейді. Олар: VPN, TOR арқылы жасырынған алаяқтарды арнайы алгоритмдер арқылы анықтайды. Жедел бұғаттау жүйесі арқылы жалған сайттар мен шоттарды дереу жауып, ақшаның қозғалысын тоқтатуға мүмкіндік береді.

АҚШ тәжірибесінде жеке деректерді қорғау ұлттық қауіпсіздік деңгейінде қарастырылады. Мұнда әрбір штатта киберқылмысқа қарсы өз полиция бөлімшесі бар. Жұмыс принципі — «Zero Trust», яғни, кез келген цифрлы әрекет толықтай тексеріледі.

Көптеген банктер мен маркетплейстер AI-мен жабдықталған транзакция бақылау жүйесін енгізген. Күдікті әрекет автоматты түрде тоқтатылады.

Заң күшейді

Қазақстан да әлемдік дамыған елдің тәжірибесіне сүйене отырып, өз тетіктерін жетілдіруде. Қылмыстың түрі өзгерсе, оған жауап беретін заң да өзгеруде. Биыл 16 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық заңнаманы оңтайландыру туралы Заңға қол қойып, Қылмыстық кодекске 232-1-бап енгізілді.

Бұл бап бойынша кімде-кім өз жеке банк картасын, шотын немесе төлем құралдарын мүліктік пайда табу мақсатында басқа біреуге берсе, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Ең қауіпті тұсы – бұл әрекет «білместікпен» жасалған күннің өзінде қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылады. Себебі, алаяқтық әрекеттер дәл осы қарапайым сенімге негізделіп жұмыс істейді. Біреу «көмектесші», «картаңды ғана бере тұр» дегенде, азамат өзінің қылмысқа қатысып жатқанын білмеуі мүмкін. Алайда, заң осындай «аңқаулықтың» соңы ауыр зардапқа әкелетінін ескертіп отыр.

Атап айтсақ, қазіргі интернет алаяқтар банк қызметкері болып қоңырау шалады, сатып алушы немесе сатушы ретінде интернет-дүкендерде байланысқа шығады, «оңай табыс», «инвестиция», «жұмыс ұсы­нысы» деген желеумен азаматтарды ал­дайды.

Одан бөлек, жалған сайттар, QR-кодтар және вирус тарататын сілтемелер арқылы азаматтардың құрылғыларына еніп, банк деректерін ұрлайды.

Серіктестік – нәтиже кепілі

Қарағанды қалалық полиция басқармасы профилактикалық іс-шараларды бірқатар маңызды мекемелермен біріге отырып, іске асырып жатқанын да атап өту керек. Ол шаралар өз кезегінде нәтижесін беруде.

Мәселен, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу агенттігі, екінші деңгейлі банктер, прокуратура қызметкерлерімен семинарлар өтсе, қала әкімдігі, ірі кәсіпорындар, білім беру мекемелері және денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе отырып, қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен бірге, ауқымды шаралар «Қарағанды-Арена» мұз сарайында, соның ішінде, «Сарыарқа» хоккей матчтары кезінде де өткізілді.

Нәтижесінде, биыл Қарағанды қаласында мүліктік қылмыстарды тіркеу 7,9%-ға, бөтеннің мүлкін тонау 50%-ға төмендеген.

Полиция подполковнигі Ба­уыр­жан Омаров қылмыспен, оның ішінде, интернет-алаяқтықпен күрес бұл полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті екенін айтады.

«Біз тұрғындарға қылмыстың түрлерін түсіндіру арқылы алдын алу мәдениетін қалыптастыруға тырысып отырмыз. Қарапайым ережелерді сақтау арқылы азаматтар өздерін және жақындарын үлкен қауіптен сақтай алады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз құқық қорғау саласындағы барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып, күресті жүйелі әрі нәтижелі жүргізіп келеміз», – дейді Бауыржан Амангелдіұлы.

Нүкте

Қарағанды қаласындағы қазіргі қылмыстық ахуал құқық қорғау органдарының жедел әрекеті мен қоғамның сауаты арқасында тұрақталып келеді. Алайда, интернет алаяқтар мен қаскүнемдердің айласы шексіз. Сондықтан, ең тиімді қорған – ақпараттық сауаттылық, қырағылық және бірлесе әрекет ету.
Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім мен жауапкершілік – қауіпсіздіктің негізі. Цифрлы дәуірде қылмысқа қарсы тұрар бір ғана жол бар – саналы қоғам мен сергек азамат.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button