Ақ айтып, нақ сөйлеген еңселі елу

Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде айтыс өнерінің ақтаңгері, бірнеше жыр додаларының жеңімпазы, филология ғылымдарының докторы, профессор Аманжол ӘЛТАЙ ердің жасы елуге толуына орай «Тұлпар мінез қазақтың баласымын…» атты жыр кеші өтті.

– Аманжол Дүйсенбайұлының өмірі Арқаның көрінісі. Арқа қашанда ақындарымен, батырларымен, қайраткерлерімен ерекшеленген. Ал, Аманжол ағамыздың бойында ақындық та, батырлық та, қайраткерлік те бар екенін білеміз – деді облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

Тек ақындығымен ғана емес өзге де сан алуан қырларымен бүгінде иісі қазақтың жүрегінен орын алған аяулы ағаның жыр кешін филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов тізгіндеді. Кеш кіріспесі филология факультетіндегі С.Сейфуллин атындағы «Балауса» студент-жастардың шығармашылық орталығының мүшелері Айбек Салдатбек, Мади Бижан, Аманжол Қайыров, Тілеужан Қамысбаевтың оқуында Аманжол ағаның «Тұлпарлар жыры» поэмасымен өрілді. Жиында Қарағанды университетінің ректоры, профессор Нұрлан Дулатбеков сөз алып, ақынды мерейтойымен құттықтады.

Бұл кеште Аманжол ақынның сөзіне жазылған барлық әндер орындалды. Атақты «Туған жер» әнін күміс көмей әнші Жақсыгелді Кемалов орындап, тыңдарман қауымның құлақ құрышын қандырды. Әуезді әннен соң Асанәлі Әшімов, Ұлықбек Есдәулет, Жүрсін Ерман, Ғалым Жайлыбай, Серік Ақсұңқарұлы сынды танымал тұлғалар сөз алып, өз құттықтауларын жеткізді.

– Сонау 90 жылдары құлындай ойнақтап, айтыстың аламанына келген Аманжол қазір қазақтың арқалы ақынына, қайраткеріне айналды. Мінекей, біз де соған куә болдық. Өмір сапарыңда тек сәттілік серігің болсын. Сүрінбе, абыройлы, сүйкімді, сүйікті қалпыңды сақта. Алдыңғы буын ағаларыңның ақжарма тілегін қабыл ал, қарағым, – деп ізгі ниетпен тілек білдірді Жүрсін Ерман.

Іні ізгілігін сезінген аға пейілден артық тілек бар ма?! Көрермен қауым тебіреніп сала берді. Арқаның арда ақынының құрметіне Сейіл Аяған, Ержан Базарбеков сынды танымал әншілер ән салып, көрермен жұртты тамсандырып тастады. Ақынның сахнада бірнеше жырлары оқылып, сөзіне жазылған әндері айтылды. Небір талғамы тау көшірер тыңдарманның ойындағысын тауып айтқан айтыс алыбына деген құрмет жиылған қауымның көңілінен шықты. Кеш барысында бірегей тұлға Қарағанды университетінің Құрметті профессоры атанды.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.