Ақадырдың айтулы тойы
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Туған жер» жобасы аясында Арқаның сауырында көсіліп жатқан темір жолмен тағдыры жұптасып, сонау 1937 жылы іргетасы қаланып, іргелі мекенге айналған Ақадыр кенті Һәм теміржол торабының 80 жылдық мерейтойы кенттің басында өтті.
Кенттегі көшелі істер
Мерейтой осындағы Тәуелсіз Қазақстан көшесіндегі саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш тақтаның ашылуымен басталды. Елбасы «Тарихымыздың қасіретті беттері саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары әрқашан біздің жадымызда және оны ұмытпау – біздің қасиетті борышымыз» деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда, жергілікті қоғамдастықтың есепшоты есебінен кенттегі аталмыш ескерткіш тақта қолма-қол тұрғызылған-ды. Жұртшылық көп жиналған айтулы шарада қобыз сарыны күңіреніп, сол бір зұлмат жылдардың қасіретін жырлап тұрды. Аудан әкімі Марат Жандәулетов, аудандық мәслихат хатшысы Бәкен Төлеуқұлов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ө.Кәріп, Ақадырдың, Ақсу-Аюлының ақсақалдар алқасының төрағалары ескерткіш тақтаны салтанатты түрде ашып, гүл шоқтарын қойды. Бір минуттық үнсіздіктен кейін ескерткіш тақтаның мән-маңызын аша түсіп, темір жол саласы мен тыл ардагері Сағындық Қанатбаев пен Өмір Кәріп ақсақалдар сөз сөйледі, арнау өлең оқыды. Шара соңында облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы аруақтар рухына құран бағыштап, қалың қауым қол жайды.
Мұнан соң кенттегі Колбасин көшесінде балалар ойыны алаңының ашылу салтанаты өтті. Лента қию рәсімін аудан әкімі мен аталмыш ойын алаңын салған «Электржабдықтау» ЖШС-нің басшысы Амандық Серіков жасады. Ойын алаңында шат-шадыман ойнап жүрген балаларға тәттілер үлестірілді. Мекеме басшысымен тілдескенімде, «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Туған жер» жобасы елге-жерге деген сүйіспеншілігімізді арттырып, балаларға осындай ойын алаңын сыйладық. Елбасының бағдарламасы бізге серпін берді, алдағы уақытта да аянып қалмай, Ақадыр жұртшылығына жыл сайын бір нысан сыйға тарту жоспарымызда бар», – деді. Балаларының алысқа ұзамай, осы алаңда ойнайтынына көше тұрғындары да мәз. Ойын алаңын салушы мекеме басшысы мен ұжымына зор ризашылықтарын білдіруді.
«Туған жер» жобасы аясында Азамат Махмұтов бастаған Ақадыр айналмалы депо ұжымы ақадырлықтарға «Мен Ақадырды сүйемін» атты иллюминация тарту етті.
Теміржолшылар саябағында ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, қонақтарға дәм беріліп жатты.
Кең алаңда кенттегі мектептердің жүздеген оқушыларынан құралған фондық топтың композициялық қойылымы мерейтой салтанатын асқақтата түссе, мерейтойға арнау да айтылды. Осы өңірден шыққан көмейіне бұлбұл ұя салған әншілер, майталман күйшілер мен ақиық ақындар, тұлпарларының тұяғынан от шашқан батырлар дәріптелген театрландырылған көрініс мерейтойлық мереке салтанатын одан әрі асқақтата түсті. Жас әнші Баян Абаев «Ақадырым» атты жаңа ән шырқады. Әннің сөзін жазған Қалижан Бекқожин мен әуенін жазған Саят Әбдіғалидың, демеуші болған кәсіпкер Мейрамкүл Мажанакованың есімдерін де атап өткен жөн.
Салтанатты шарада ҚР Парламент Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров барша жиналған қауымды айтулы мерейтоймен құттықтады.
Аудан әкімі Марат Жандәулетов аудан көлемінде айрықша орны бар Ақадыр кентінің қаншама жетістіктерге жетуіне осы елді басқарған қоғам және мемлекет қайраткері Қ.Медиевтің, басқа да ел ағаларының, кент экономикасының жетекші саласы болып табылатын барлық теміржол мекемелерінің үлесі орасан зор екенін атап өтті. Мерейтойлық мерекеге арнайы келген ҚР Парламент Сенатының депутаты Р.Әбдікеровке, Қарағанды облысының ішкі істер департаментінің басшысы, генерал-майор М.Жаппаровқа, әр жылдары осы елді басқарған ел ағаларына, демеушілік жасағандарға, оның ішінде жергілікті кәсіпкерлерге, бір кісідей ат салысып, үлкен ұйымшылдық танытқан барша кент тұрғындарына алғысын білдірді. «Іргесі қаланғаннан бері еліміздің дамуына лайықты үлес қосып келе жатқан, қашанда атақ-абыройы алысқа жеткен кент тұрғындары жасампаз істерімен қай салада болсын жақсы жетістіктерге жете беретініне кәміл сенімдіміз, халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрін сақтаған, сүттей ұйып отырған Ақадыр кенті көркейіп, гүлдене берсін», – деп құттықтау лебізін білдірді.
Салтанатты шарада кенттік ақсақалдар алқасының мүшелері Қанат Әбенов, Рысқұл Айғаринов, Алексей Чеботарев, Шет ауданының Құрметті азаматтары Иманжан Жекебаев, Өмір Кәріп, Алтай Смет ақсақалдар иығына шапан жабылып, аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді.
Саз тарап, ән ұшқындап
Айтулы мерейтойда Ортау ауылының азаматтарының демеушілігімен ақын-жазушы, композитор Сәкен Сейфуллин әндерінен IV аймақтық дәстүрлі ән байқауы өтті. Қарағанды, Жезқазған қалаларынан, Абай, Қарқаралы, Шет аудандарынан, Ақадыр, С.Сейфуллин кентінен үміткерлер қатысып, байқау шарты бойынша бірінші бөлімде Сәкен және сал-серілер әндерінен бір-бір шығармадан орындап, екінші бөлімде де ақынның бір әнін шырқады. Байқауға белгілі дәстүрлі әншілер А.Мұқышев, Е.Базарбеков, кәсіби күйші Т.Өтебаева, белгілі күйші-композитор З.Сүйіндіков, Қарағанды кеншілер мәдениет сарайының директоры, мәдениет саласының үздігі Ж.Ақышев қазылық етті. Аймақтық дәстүрлі ән байқауына Алматы қаласынан ақиық ақынмен аттас ұрпағы арнайы келді. Өмір Кәріп ақсақал Сәкен туралы тұщымды ойларын ақ батасымен жалғады. Байқауға қатысқан дәстүрлі ән орындаушылар әртүрлі аталымдағы марапаттаулармен қатар, үшінші орын иеленген Ж.Иманбай 25 мың теңге, екінші орынға ие болған С.Мәкбеков 40 мың теңге, бірінші орынға лайық деп саналған Б.Ноғаева 60 мың теңге, бас жүлде жеңімпазы Б.Әкеев 120 мың теңге сыйақы мен диплом алды. Шара соңында байқауға демеушілік жасаған кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары жетекшілеріне аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Мерекелік концертте, аудан орталығы мен жергілікті өнерпаздар, мұғалімдер мен оқушылар би билеп, күй шертіп, ән салды. Қарағандыдан келген «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің өнері таңдай қақтырғандай. Жергілікті ақындар мен сазгерлердің Ақадыр туралы туындылары шырқалумен қатар, республикаға белгілі әнші Досымжан Таңатаров жиналған жұртшылыққа әдемі әндерін арнады.
Ұлы тойда ұлттық спорт
Кенттік ашық біріншіліктер – қол күрес, қошқар көтеру, бұйда тартыс ойындарын қызықтап, тамашалаушылар да аз болмады. Қол күрестен ақжалдық Б.Аманжолов бірінші орынды, екінші орынға ақадырлық М.Кисиков ие болып, үшінші орынды да ақадырлық Д.Әупешов еншіледі. Жұртшылықтың қиқу-қошеметіне толы болатын қошқар көтеру сайысына атан жілік, атпал жігіттер қатысатыны, жүлде қошқардың өзі болатыны түсінікті. 94 келі тартатын қошқарды 31 рет көтерген ақадырлық Дидар Шоланов болды. Бұйда тартыс ойынында бірінші орынды Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің командасы қанжығасына байласа, екінші орынға Ә.Ермеков атындағы мектептің командасы үшінші орынға Электржабдықтау ЖШС-нің командасы табан тіреді. Қол күрес жеңімпаздарына бағалы сыйлықтарды сыйға тартқан Сұңғат Қайранбеков, қошқар көтеруге қошқар сыйлаған ақсақал С.Алпысбаев. Сондай-ақ, жеңімпаз атанғандар кент әкімдігі атынан кубокпен, арнайы дипломдармен марапатталды. Сол күні жергілікті кәсіпкерлердің сауда-саттық шаралары да қыза түсті.
Мерейтойлық мерекеде «Дариға-дәурен» атшабар алаңында топ жарыс пен аламан жарыс ұйымдастырылған болатын. Бәйгені тамашалауға жұртшылық та молынан жиналыпты. Топ жарыстан топ жарған бес жүйріктің иелеріне тоңазытқыш, мұздатқыш, қой, кілем, велосипед сыйлықтары беріліп, аламан жарыста алғашқы келген бес тұлпардың иелеріне тоңазытқыш, газ плита, кір жуғыш машина, қой, тағы басқа да сыйлықтар берілді. Топ жарыс бәйгесінен бірінші болып келген ақадырлық Бабанай Абайдың «Аққу» есімді тұлпары, екінші болып мәрені кескен бидайықтық Руслан Нұрсұлтанның «Тарлан» атты сәйгүлігі, ал, үшінші болып мәреден айсалық Оңғар Адамның «Шайкүрең» аты өтсе, төртінші болып Әлихан ауылының тұрғыны Айдар Жолдыбайдың «Торысы» өтті. Бесінші болып топ жарған ақадырлық Айгерім Айдынның «Сенатор» сәйгүлігі. Аламан бәйгеде айсалық Есенқұт Райымбектің «Құлагер» есімді тұлпары бірінші келсе, Жеңіс ауылындағы Ғалымжан Дінмұхамбеттің «Ақжүрек» аты екінші болып мәрені кесті. Үшінші келген Қарабұлақ ауылынан Әсет Ақжайықтың «Ерқасқасы», төртінші болып топ жарған теміртаулық Нұржан Рауанның «Қарлығашы», ал, бесінші келген жаңаарқалық Жалғас Амангелдінің «Кузя» есімді аты. Топ бәйге мен аламанға демеушілік жасағандар кент кәсіпкерлері екен.
Шыңғыс МҰҚАЕВ.
ШЕТ ауданы.