Ресми

Аға ұрпақ өкілдері ардақталды

Осакаров ауданында қарттар күніне орай біршама іс-шаралар ұйымдастырылды. Әуелі мерекелік концерт қойылып, соңы «Барлығы өз қолымен» атты көрмеге ұласты. Аудан әкімі Руслан Нұрмұханбетов Осакаров кентіндегі «Дом милосердия» деп аталатын қарттар үйіне де барып қайтты. Аудан басшылығы азық-түлік себеттерін үлестіріп, түрлі бағалы сыйлықтар тарту етті. Сонымен қатар, кент пен ауылдық округ әкімдері де қалыс қалмай, зейнеткерлерге азық-түлік себеттерін жолдап, ауданның 240 тұрғынына қаржылай сый-сияпат берілді. Одан бөлек, жетпіс жастан асқан 2047 зейнеткерге әлеуметтік көмек көрсетілді.

Мерекелік концертке аудан әкімі арнайы қатысып, қазыналы қарттарға игі тілегін білдірді. Сонымен қатар, ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек ардагерлеріне арнайы марапатты табыстады.

Сонау жылдары оқуын тәмамдаған талай жас ауданға келіп еңбек жолын бастаған еді. Бірі медицина, білім беру, экономика саласына мойын бұрса, енді бірі мәдениет, ауыл шаруашылық, теміржол саласына жұмысқа орналасты. Содан бері талмай еңбектеніп, білікті маманға айналды. Ауданның көркею, дамуы жолында өмірінің жартысын арнады. Бүгінде ел алдында қызметін адал атқарған бірқатар аудан азаматтарының еңбегі еленіп, арнайы марапатталды.

Осакаров аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ислам Шәкірбеков Қарағанды облысының Құрметті ардагері атанды. Сонымен қатар, аудан ардагері Владимир Мажураға «Ардагерлер ұйымы» республикалық коғамдық бірлестігі орталық кеңесінің Құрмет грамотасы табысталды. Ал, аудан тұрғыны Жұмағазы ­Сапаров осы бірлестіктің Қарағанды облыстық кеңесінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ислам Мұхтарұлы Осакаров ауданына 1997 жылы қызмет бабымен келген. Бүгінде аудандық ардагерлер орталығының төрағасы. Орталықтың құрылғанына жарты жылдан асса да, Ислам Мұхтарұлының мұрындық болуымен бірнеше игі шаралар өткізілді.

– 1971 жылы Мойынтыға келдік. Мектепті де осы жақтан бітіріп, Омбы теміржол институтына оқуға түстім. Сырттай оқып жүріп, ауданда, теміржолда жұмыс істедім. Кейін оқуды тәмамдаған соң электрлік қосалқы станцияға басшылық еттім. Кейін 1983 жылдан бастап, Ақадырдың аудандық комитетінде істедім. Араға төрт жыл салып, Ақадыр­дағы «Қазақтелекомға» жұмыс ауыстырдым. Сол жақта отбасылы болдым. 1997 жылы қызмет бабымен Осакаров ауданындағы «Қазақтелекомның» басшылығына тағайындалдым. Мінекей, содан бері осы жерде еңбек етіп, зейнет дамалысына шықтым, – деді Ислам Мұхтарұлы.

Сонымен қатар, шара барысында бірқатар ардагер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқаны үшін аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл қатарда Күлбағира Бөкебаева, Камажан Абилова, Светлана Алдаркина, Владимир Васильев, Сергей Гришов, Нина Истратькова, Альвина Кириенкова, Надежда Мягких, Наталья Сафронова сынды түрлі салада қызмет істеген еңбек ардагерлері бар. Қажымұрат Жапаров, Мейрам Кәрібаев, Надежда Ильина, Роза Карташова, Нина Калугина, Бақыт Мекеева, Татьяна Сестреватовская және Алевтина Вострикова секілді ұзтаздық жолда қызмет істеген еңбек ардагерлері де марапаттан тыс қалмады. Талай жыл мемлекеттік қызметте істеген Жақсыбай Қапашев, Бектұрсын Оспановқа да аудан әкімінің Құрмет грамотасы табысталды. Жеке кәсіпкер Раиса Харченко да марапаттың иесі атанды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Осакаров ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button