Аға ұрпаққа ерен ықылас
Облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ Қарағанды қаласының №2 қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесіне арнайы барды. Осы күні емдеу ісінен бөлек демалушыларға мәдени-шаралар ұйымдастырылды.
– Бұл мереке жасы ұлғайғандарға құрмет күні ғана емес. Әрқайсымыздың жақындарымызға қамқорлық танытып, алғыс білдіретін күн. Қарттар күні Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеу жолында еңбек сіңірген Ұлы Отан соғысы жылдарындағы аталарымыз бен әкелеріміздің ұлы қадамы және ардагерлеріміздің еңбеккерлігінің алдында барлық ұрпақ тағзым етуге міндетті. Сіздер мемлекетіміздің берік ірге тасын қаладыңыздар. Біз сіздердің алдыларыңызда қарыздармыз. Қолымыздан келгенше жақсы өмір сүрулеріңізге көп көңіл бөліп, жарқын болашақ сыйлау әрбіріміздің ортақ ісіміз, – деді аймақ басшысы өз сөзінде. Сонымен қатар, мекемеге «Ямаха» музыкалық жабдығы мен ақсақалдарға азық-түлік толы қоржынды табыстады. Шығармашылық пен би кештері өткізіліп тұратын орынға таптырмас сыйлық екендігін айтып, мекеме басшылығы ризашылығын білдірді.
Айта кетері, №2 қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі ардагерлерге, зейнеткерлерге, мұқтаж жандарға қызмет ұсынып келеді. Екі қабатты МӘМ-нің бірінші қабатында әкімшілік, медициналық, азық-түлік блогтары және жатын бөлмелері мен жуыну бөлмелері, кітапхана орналасқан. Ал екінші қабатында жатын бөлмесі, жаттығу залы, массаж кабинеті, физиокабинеті бар. Демалушылар үшін дәрі-дәрмекпен емдеу ұйымдастырылған. Сонымен қоса, демалуға келгендерге түрлі спортпен шынығуға жағдай жасалған.
Аталмыш мекемеде 24 жатын бөлме бар. Ғимарат жиһаздармен жасандырылған. Жыл сайын облысымыздың барлық қалалары мен аудандарынан медициналық-әлеуметтік мекемесінде жыл сайын 700 ардагер, оның ішінде зейнеткерлер мен мүгедек жандар тынығады.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.