Ақаңның қызметтік куәлігі
Ақиқатын айтар болсақ, Арқаның Ақселеуі – Алаштың Ақселеуіне айналды. Ақселеу әлемінің шоқтығы биік бір шыңы – оның журналистік шығармашылығынан тұрады. Ол осы салада ұзақ жыл жемісті қызмет атқарып, қаламымен де, талантымен де танылып, журналистиканың жүгін көтере білді. Ақаң, жетпісінші жылдардың басында алты жылдай «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі болып жұмыс істеді.
Осынау аралықта Орталық Қазақстандағы кен қопарған кеншілер мен от-жалынға оранған металлургтер өмірінен мақалалар топтамасын жазып, жалынды жастардың ерен еңбегі мен тың бастамаларын тілге тиек ете білді. Бұдан басқа да алуан тақырыптарға қалам тартты. Тіпті, «Кеніш» деп аталатын очерктер кітабы үшін Қазақстан Журналистер одағының лауреаты атанғаны есімізде. Көсіле жазып, көп тәжірибе жинақтаған талантты журналист 1975 жылы «Орталық Қазақстан» газетіне ауысып, жауапты хатшы қызметіне тағайындалды.
Қара сөзге қамшы салдырмайтын қарымды қаламгер, мұнда көп болған жоқ. Келер жылдың көктемінде республикалық «Социалистік Қазақстан», (бүгінгі «Egemen Qazaqstan») газетінің басшысы Ұзақ Бағаев Ақаңды аттай қалап, Алматыға шақыртып алды. Сөйтіп, мәдениет бөлімінің тізгінін қолына ұстатты.
Мен сол жылы КарГУ-ды бітіріп, алғашқы еңбек жолымды «Орталық Қазақстан» газетінде тілші болып бастадым. Осынау қасиетті қарашаңырақтың сол кездегі Бас редакторы Рамазан Сағымбеков мені редакцияның білім және оқу орындары бөлімінің меңгерушісі, ақмылтық журналист Асхат Темірбаевтың қарамағына жіберді.
Ағаның ақылын тыңдай жүріп, көп нәрсені көңілге түйдім. Қалай хат қорыту мен мақала жазуды үйрендім. Болашақмамандығымның тылсым сырын тереңірек түсініп, газеттегі небір аузымен құс тістеген қаламгер ағаларыма қарап бойымды да, ойымды да түзедім. Мен үшін, «Орталықтың» орны бөлек болды! Өйткені, осы жерден журналистиканың көк жиегіне қанаттанып шықтым. Сондықтан да редакцияны «Алтын ұям» деп әрдайым, ардақ тұтамын.
Жұмысқа тұрған күннің ертеңіне мамандығымның тылсым сырын тереңірек түсініп, газеттегі небір аузымен құс тістеген қаламгер ағаларыма қарап бойымды да, ойымды да түзедім. Мен үшін, «Орталықтың» орны бөлек болды! Өйткені, осы жерден журналистиканың көк жиегіне қанаттанып шықтым. Сондықтан да редакцияны «Алтын ұям» деп әрдайым, ардақ тұтамын.
Жұмысқа тұрған күннің ертеңіне бастығымнан қызметтік куәлікті қайдан алуға болатыны туралы сұрап едім, – Оны Тиыштық тәтең береді, – деп қабылдау бөлмесіне жіберді. Ол кезде газеттегі кадр бөлімінің инспекторы қызметін Бас редактордың қабылдау бөлмесіндегі хатшы, Тиыштық Жақиянова атқарады екен. Ол кісіге келген жағдайымды айтып едім, «ертең келгін» деді.
Келесі күні барғанымда: – Бізде қызметті растайтын құжат, яғни жаңа куәлік таусылып қалды. Оған тапсырыс бергенбіз, бірақ әлі дайын емес. Сондықтан, уақыт оздырмай ескі қызмет куәлігін пайдалануға тура келеді. Жақында басқа жұмысқа ауысқан Ақселеу Сейдімбек ағаңның қалдырып кеткен куәлігі бар. Соның ішкі бетіне сенің аты-жөнің жазылған жаңа парақшаны жапсырып, суретіңді бастырып берейін. Ақселеудей атақты журналист боларсың, – демесі бар ма?
Мен бұл ұсынысты бірден қолдап, ол кісінің ақ ниетін жақсылыққа жорыдым. Сол жерде суретімді қалдырып, кабинетіме келдім. Түстен кейін дайын болыпты. Қызыл түсті қызметтік куәлікті қолыма алып, қайта-қайта сүйсіне қарағанымды байқап қалған тәтей: – Қадамың құтты болсын, жас тілші! Ел таныған журналист болуыңа тілектеспін! Ақселеу ағаңның жолы саған жұғысты болсын! – деп қолымды қысты.
Міне, содан бері 46 жыл өтті. Ақаңның қолы тиген, төс қалтасынан тастамай жүрген, қаншама мақалалардың кіндігі байланған, бұл – қасиетті куәлік, менің өмірдегі бағым мен журналистік жолымды ашты. Ерекше рухани мотивация берді. Уақыт өте келе көпке танымал тележурналист болуыма тигізген ықпалы орасан болды, деп қазір мақтанышпен айта аламын.
Ақаң қайтыс боларынан бірер жыл бұрын, Қарағандыға келген іссапарында телеарнаның «Уақыт КZ» хабарына шақырып, әңгіме-сұхбат жүргізген едім. Қазақтың күй өнері мен ұлттық салт-дәстүрі жайлы әңгімеден соң, әлгі 30 жылдан бері сақтап жүрген «қызметтік куәлігін» көрсеткенде таң қалды. Құжаттың ішкі бетіне желімделген жапсырма қағаздың жартысын көтергенде «А.Сейдімбеков – «Орталық Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы. 1976 жыл» деген жазуды оқып, өз көзіне өзі сенбеді. Қайта-қайта таңдана қарап: – Әлеке, мынау керемет тарихи жәдігер ғой. Маған берші?! – деп өтінді.
– Ақа, ренжімеңіз! Алтынға бергісіз бұл құжат өзіме де керек! Бере алмаймын! – дедім, алақанымды жайып. – Түсінемін, түсінемін, бауырым! – деп, басын қайта-қайта шайқады.
Иә, марқұм Ақселеу Сейдімбек. ағамыздың өнегелі өмірінен сыр шерткен «қызметтік куәлігін» 46 жылдан бері бойтұмардай сақтап жүрмін. Ол менің жүрегімді жылытып, қаламыма қуат, шығармашылығыма шабыт беріп келеді. Жақында облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен Жаңаарқа ауданында өткен Ақаңның 80 жылдығына арналған кездесуде:
– Талантты тұлғаның тарихи «жәдігерін» бізге беріңізші, музейіміз тың. деректермен толықсын! – деп қолқа салғандар болды. Бірақ, бергенім жоқ. Өйткені, бұл «куәлік» – әйгілі жазушы, әдебиет зерттеушісі, нағыз ұлт жанашыры, атақты ғалым, қаламы жүйрік журналист, ұлттық өнеріміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеп, күй өнерінің құдіретін тамыршыдай тап басқан, сүйегіне сөз сіңген суреткер Ақселеу Сейдімбектің соңында қалған құнды дүниесі. Мен оны көзімнің қарашығындай сақтап келемін. Бұл –. құжаттың біреу біліп, біреу білмейтін бір үзік сыры осында.
Әли ТОЙЖІГІТОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,
Ақпарат саласының үздігі