Ағаң болса алдыңда…
Туасы, сөз сыры мен ой мерейі оңай келмейді. Сол ауыр салмақты біле тұрып, нәрі мол рухани қазынаға жету жазушының арман-тілегі, аласармас биігі. Жазушы ұйқыдан да, күлкіден де қалып, мазасыз күй кешеді. Оқырман қолына дап-дайын дүние барғанша, осынша азап-сараптан өтетінін көп адам ұғынбай жатады. Туындыны тоғыз ай толғатып, нәресте секілді оқырманға құндақтап беру, мән мен мазмұнын мығымдап, сосын сөлін сығымдап, шығарманың шырайын көргенше айлап-жылдап, ала қағаздың үстінде азап шегу – шын жазушыға тән қасиет, төзімділік. Қалам ұстап, ой кешкен қаламгер Жанболат Башарұлы туралы құйқалы сөз қайырымында осылай алысқа құрық тастауға тура келеді.
Алдымен, ол алысты көздеген, алыстан шалатын алғыр қырандай қияқ қанат қалпын аңғартады. Жалпы, жазушы мен журналистің қаламына құдірет қонатын қасиет бар. Сол қос қасиет Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, ақын-жазушы, журналист, шашубайтанушы Жанболат Башар ағамыздың сұңғақ бойына сыйып тұр. Биыл 75 жастың ауылына бет алған қаламгердің қаламның ұшын өткір ұшқырлап, көк сауытын киінген батырдай қалыбы бізге қанат бітіреді. Әдебиет әлемінде ауыртпалықты арқалай жүріп, арман жүгін де жадынан бір мысқал шығармайтын азаматтан алар үлгіміз көп.
Ақтоғай деген Алашқа ортақ мекенде дүние есігін ашқан азаматтың жан таянышы – қарға бойлы қаламсабы. Қаламгердің ғұмыр жолына көз сала отырып, біраз жайды көңілге түюге болады. Еңбекқорлық, жауапкершілік, іскерлік пен тиянақтылық – басты талабы. Қара жерге түскен сәби табанының табынан басталатын тіршілік кеңістігінің басым көбін журналистикаға арнағандығы жүріп өткен соқпағында сайрап жатыр. Алғашқы қанатқақты өлеңдері «Арқа еңбеккері» газетінде жарық көрді. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тастүлегі. Журналистік еңбек жолын Балқаш қалалық телестудиясында қатардағы редактор болып бастап, аға редактор, бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. Қалалық «Балқаш өңірі» газетінің редакторы, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі қызметін атқарды. Әрдайым сергек серпіліс, ізденіс құшағында жүріп, 2001 жылдан бастап, қасиетті қара шаңырақ – «Балқаш өңірі» газетіне бас редактор болып тағайындалып, тағалы аттай табандылық танытқанын көзім көрді. Газет редакторының ауыр міндетіне қарамастан өлең жазып өрлеп, әңгіме жазып тербеген Жәкеңнің басқан қадамына қарап, қанаттанасың. Баспахана бояуы аңқыған басылым беттеріндегі мақалалары мен «мен мұндалап» тұратын сөредегі кітаптарын көріп, көп нәрсені пайымдайсың. Оның қаламынан «Шашубай» (1990 ж.), «Мағауия мақамы» (2017 ж.) естеліктер жинағы, «Үкілі үміт» (1999 ж.) жыр кітабы, «Далам менің, кием менің» (2001 ж.), «Көкше көлдің самалы» (2004 ж.), «Самғау» (2006 ж.), «Үркер туғанда» (2009 ж.), «Шандоз» (2011 ж.), «Пешене» (2012 ж.), «Кепиет» (2014 ж.) «Қабір үстіндегі зұлмат» (2016 ж.) атты повесттер мен әңгімелер, эсселер жинағы және «Жалғанның жүзі» (2019 ж.), «Абыз бен аңыз» (2021 ж.) атты романдар туды. 2013 жылы «Балқаш аймақтық ақындар антологиясын» құрастырып шығарды.
Жалпы, журналистикадағы бас ұстазым Жанболат аға екендігі жасырын емес. Журналист көтерер рухани жүктің ең ауыры – Ар жүгі, өйткені, мұның артында Ел тағдыры тұр. «Балқаш өңірі» газетінің мықты мектебін қалыптастырғандығын қызметтес әріптестері мен тілектес достары ерекше бағалайды. Өйткені, жаны жайсаң аға – біздің бағбанымыз, ұстазымыз. Газеттегі 17 жыл редакторлық қызметінде ілгері озған көшті бастады. Шынтуайтында, журналистер қауымы да қойшының құтты құрығын кім көрінгенге ұстата қоймайтын шаруагер Шопан ата секілді дәстүр сабақтастығына келгенде кәдімгідей сараптап, бетін сарабдалдыққа бұрады. Бұл қасиетті мен Жанболат Башарұлынан анық аңғардым. Өмір дерегін көңіл елегінен өткізіп, оймақтай ой түюге дағдыланған қаламгер зейнет демалысына кетіп бара жатып, қара шаңырақты маған тапсырды. Эстафета таяқшасындай аманат-парызды маған табыстап тұрып, «газетті ойлап, газет туралы түс көруің керек» деп көкейіндегісін айтты. Кәсібіне адалдық деген осы шығар. Сол тұста білікті басшының жұмыстан кетуіне ұжым қимастық білдіргенімен, Жәкеңнің ойға алған шығармаларын жазу мақсаты тұрғандығын түсінді. Сонымен қатар, жастарға жол беру ұлылық, жол сілтей білу ізгілік деген ұстанымын да құптады. Ал, біз болсақ, редактордың демалысқа емес, шығармашылыққа біржола бас қойып, оқырманға олжа болар туындыларды тудыруға бел буған ұлы бастамаларының бірі деп қабылдадық. Дұрыс пайымдаған екенбіз. Расымен де, кейінгі жылда қаламгер бірнеше шығарманы оқырманға ұсынды. Қазіргі таңда қос кітабын баспаға әзірлеп отыр.
Біз қаламгердің шығармашылығын шарайнаға жайып салғанда, қайраткерлігін де ұмытпауымыз керек. Ұлты үшін, тілі үшін күрескен азаматтың талай басын бәйгеге тіккендігін замандастары жақсы біледі. Қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып қызмет істеген жылдары қалада ұлттық балабақшалар мен қазақ тіліндегі мектептер ашуға ұйытқы болды. Оның тікелей араласуымен қалада жеті көшеге ұлт зиялыларының есімі берілді. Олар – Қараменде би, Ағыбай батыр, Әлихан Бөкейханов, Шоқан Уәлиханов, Күләш Бәйсейітова, Сәкен Сейфуллин, Желтоқсан көшелері. Бір басының күйін күйттеп, отбасы, ошақ қасы қамымен кеткен жоқ. Көптің көңілі мен талғамы үшін тырысты.
Айтайын дегенім, қалам қуаты мен шығармашылық қазынасын ұстай білген қаламгердің бұл еңбегі ескерусіз қалмауы тиіс. Балқаш қаласының Құрметті азаматы деген атаққа әбден лайықты жан. Маңдайы жазу мехнатынан тепшіген азамат шет қалмаған жөн. Дүние жимаған, байлыққа қызықпаған шығармашылық жолында қатепті қара нардай көш бастаған Жанболат Башарұлына Балқаштың Құрметті азаматы атағын беріп, атқарған қызметіне айрықша баға берсек, нұр үстіне нұр болар еді.
Жәкең – қарапайым халықтың қорғаушысы мен қолдаушысы бола білген азамат. Ел сыйлады, ақиқаттың адамына айналды. Ең бастысы, ол қаламның құдіреті дерліктей қуатын ұқтырып келеді.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz