Аға басылым басшысы – Арқада
Бүгін Халықаралық Түркі Академиясының Президенті, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан ҚЫДЫРӘЛІ облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің редакциясына арнайы келді. Ел газетінің басшысы редакция ұжымымен кездесіп, толғамды ойларын ортаға салды.
Кездесуді ашқан облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы Қамбар Ахмет Дархан Қыдырәлі мырзаны ел газетінің 100 жылдығымен және басылым басшысының «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі Бюросының мүшелігіне сайлануымен құттықтап, арнайы журналистермен жүздесуге келгені үшін алғыс білдірді. Өз кезегінде Дархан Қыдырәлі бұл сапарына ерекше мән бергенін айтты.
- Сәкеннің жеріне, Сәкеннің тойына келіп тұрып, Сәкен туған жердегі қарашаңыраққа ат басын бұрмай кетуді құп көрмедім. «Ortalyq Qazaqstan» газеті бір кездері Нұрмахан Оразбеков сынды қабырғалы қаламгерлер басшылық еткен азулы басылым. Қарағанды – кадрлар ұстаханасы. Сіздердің әріптестеріңіз республикалық ақпарат құралдарында, оның ішінде, «Егеменде» де жемісті еңбек етіп жүр,– деді Дархан Қуандықұлы.
Биыл «Egemen Qazaqstan» газетінің жарыққа шыға бастағанына – жүз жыл. Ғасырлық мерейтойға орай газетте жарық көрген толғаулы мақалалар «Жүз жылдық жылнама» жинағында топтасқан. Кездесуде жинақтағы мақалалардың салмағын бағамдаған Дархан Қыдырәлі бүгінгі таңдағы журналистиканың ахуалы тақырыбында сөз тиегін ағытты.
- Қазіргі журналистер саясат, экономика, өндіріс, тағы басқа салаларды жіліктеп жазып жүр. Журналистің көп тіл білгені абзал. Тіл білу – ақпаратты түпнұсқадан жедел алуға мүмкіндік береді. Қазір «Egemen Qazaqstan» газетіндегі журналистердің дені – жастар. Бұрын ұжымның орташа жасы – 58 жас болса, қазір – 30 жас. Және бұл жастардың басым көпшілігі «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келді. Тіл білгеннің арқасында қазір әлемдік ақпарат құралдарына шолу жасап, тұщымды дүниелерді газет бетінде оқырман назарына ұсынып отырмыз, – деді бас басылымның басшысы.
Сондай-ақ, Дархан Қыдырәлі «Egemen Qazaqstan»газетінің республика бойынша қазақтілді журналистиканы өркендетуге мүдделі екенін атап өтті. Бұл мақсатта газет жанында «Егемен» академиясы жұмыс істейді.
- Барлық қазақтілді басылымның илегені бір терінің пұшпағы. Мүдде – ортақ. Мұнда аудандық, республикалық деп бөлудің қажеті жоқ. Біз өңірлердегі басылымдардың беделін арттыру үшін кейбір сүбелі мақалаларды «Егемен» бетінде жариялауға жол ашқанбыз. Сонымен қатар, өңірлердегі редакциялардың біздің газетте тәжірибе алмасуына қолдау білдіріп отырмыз. Қазіргі күннің өзінде бірнеше облыстың редакциялары «Егеменде» болып, біздегі үрдістермен етене танысты, – деді Дархан Қуандықұлы.
Бас басылым тарапынан қолға алынған бұл жобаға журналистер қауымы ерекше қызығушылық танытты. Өз кезегінде басылым басшысы «Орталық» журналистеріне әрдайым есік ашық екенін айтты.
Кездесу соңында Дархан Қыдырәлі газет кітапханасына Нұр-Сұлтан қаласының 20 жылдық мерейтойына орай «Egemen Qazaqstan» газетінің ұжымы құрастырған «Елорда эпопеясы» және «Бақорда» жинақтарын тарту етті.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.