БілімБілім ошақтарындаРуханият

Елге құрмет – мектептен

Мұғалімнің басты міндеті – тек сабақ беру ғана емес. Баланың білімге деген құштарлығын оятып, сан қилы қырын ашу. Осы ұстанымды ұстанған Қарағандыдағы №44 негізгі орта мектебінің ұстаздары оқушылармен бірлесе «Туған елге тағзым» бағдарламалық жобасы аясында семинар өткізді.

Жоба аясында оқушылар алты тақырып бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізген. Жұмыстар аяқталған соң семинар өткізіп, зерттеу нәтижелерін көпшілікке көрсетті. Әуелі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Гүлбаршын Шайкимова мен Мәкен Малғабылова 7 және 9 сынып оқушыларымен Ғ.Мұстафиннің туған ауылына барып, туысқандарымен кездескен. Ауылдағы мұражайына да ат басын бұрып, танысып қайтқан көрінеді. Сапардан кейін жазушының «Қарағанды» романы бойынша дөңгелек үстел өткізіпті.

Екінші кезеңде орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлбану Салихова 9 «А» сынып оқушыларын қала көшелерінің тарихы мен көшеге есімдері берілген тұлғалардың өмірімен таныстырған.

– Бұл біздің бір айлық жоспарымыз емес. Алдағы 5 жылға құрылған үлкен жоба. Сол жобаның алғашқы қадамы осы семинар деп айтсақ болады. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ өзінің туған елін, жерін және батыр бабаларымыз, тұлғаларымыз жайында біліп өсуі қажет. Сондықтан, осындай жобалардың өскелең ұрпаққа берері мол. Ұстаздарымыз күн-түн демей еңбектенді. Осы шараның басы-қасында жүрген әріптестеріме алғысымды айтамын, – деді мектеп директоры Гүлдана Тәуекелова.

«Ескерткіштерді зерттеу» деп аталатын кезеңде мектептің кітапханашысы Александра Шандер жоғарғы сынып оқушыларымен бірлесе, қаладағы ескерткіштердің тарихына тоқталды. Ал, Тарих және география пәні мұғалімі Меруерт Тұяқова «Мұражайлар» жобасы бойынша жұмыс істеді. Қаладағы мұражайларды аралап, сонау дәуірге сапарлады. Алтыншы кезеңде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің жетекшілігімен оқушылар «Қарағандыда көмір қалай табылды?» деген тақырыпта зерттеу жұмысын жүргізген. Оқушылар семинарда зерттеу жобасы аясында түсірген бейнероликтерін көрерменге ұсынып, тың ақпараттар айтты. Ал, мерекелік шараны өзге мектеп ұстаздары мен ата-аналар қауымы тамашалады.

– Осындай іс-шараға шақырып отырған мектеп ұжымына алғысымды айтамын. Туған жерге деген махаббат, сағыныш сезімі бөлек. Әр тасы, тарихы – тұнып тұрған шежіре. Сол шежірені өскелең ұрпақ бойына сіңіріп өсуі қажет. Ұлы елде дүниеге келген батыр бабаларымызды және олардың ерлігін жатқа білуі қажет. Сол бабалардың ізін жалғайтын – сіздер. Осындай шаралардың арқасында балалардың ой-өрісі дамып, таным-көкжиегі кеңейе түседі. Сондықтан, мұндай шаралар жиі болғаны дұрыс, – деді 5 «Ә» сынып оқушысы Нұрсәт Балақажының әжесі Гүлзия Мақсұтбекова.

Шараға қонақ болған №64 негізгі орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Назерке Сансызбайқызы да өз пікірімен бөлісті.

– Бұл шара – бәрімізге жақсы әсер етті. Бұл жерде ұстаздар мен оқушылардың көп еңбегі бар. Шара жоғары деңгейде өтті. Ал, бұл – ауызбіршіліктің арқасы. Біз оқушыларымыздың бойындағы патриоттық сезімін осындай шаралар арқылы нығайтамыз. Сондықтан, мұндай игі істерді қолға алғанымыз дұрыс. Жобаның жалғасын күтеміз, – деді ол.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button