Ресми

Қарағанды қартайып барады

Қазіргі проблеманы жіпке тізе берсе жетіп артылады. Бесіктен белі шықпастан өзі бесік тербеткен балалар, бедеулік қамытын киген ерлер мен әйелдер салдарынан қартайып келе жатқан Қарағанды, мүгедек баласын аяққа тұрғызу үшін барымды саламын деп, өз-өзін жігерлендірген жалғызбасты аналар, отбасын сақтап қалу үшін «үйдегі тиранның» соққысына жылдар бойы төзіп, қайғысын жұтқандар… Осы жайттардың қай-қайсысында болсын жалғыз қалып, проблемаға қарсы тұрғанда «мен» деген мықтының өзі сынып кетері анық. Әлбетте, жауырды жаба тоқығанша, барды бар деп баттитып көрсетіп, өзекті тілде айта отырып, шешу жолдарын бірлесе тапқанда ғана, тығырықтан шыға аларымыз анық. Осы мақсатта Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі, Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі екі облыстық комиссияның кеңейтілген отырысы облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұловтың қатысуымен өтті.

https://ortalyq.kz/?p=75201&preview=true

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Төлегенованың айтуынша, 2021 жылы облыста кәмелетке толмаған 57 қыз бала жүктілікпен тіркелген. Өзі де әлі балалықтан арылмағандардың 45-і – сәбиін қалдыруға шешім қабылдаса, 12-сі жүктілігін үзген. Ал, биылғы 10 айдың көрсеткіші бұл сорақылықтың сәл де болса азайғанын көрсетті. Мәселен, 52 жағдай тіркелді десек, оның 31-і – балаларын сақтап қалса, 9-ы – аборт жасатқан. Дегенмен, Бибігүл Райханқызы биыл жасөспірімдер жүктілігінің төмендеу үрдісі байқалғанын айтып отыр.

– Репродуктивті денсаулықты сақтаудағы маңызды міндеттердің бірі – отбасын жоспарлау және кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктіліктің алдын алу. Осы мақсатта облыста жастар денсаулық орталықтары жұмыс істейді, онда 10 жастан бастап консультациялық-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Бұл орталықтарда түсік жасатудың алдын алу, контрацепция әдістері және жастардың репродуктивті денсаулығының басқа да мәселелері бойынша кеңес беріледі. Әлеуметтік осал топтағы әйелдер мен жасөспірімдерде жүктіліктің алдын алу үшін 2022 жылы 8 117 адам контрацепция түрлерімен қамтылды, – дейді Бибігүл Төлегенова.

Жасөспірімдер арасындағы көрсеткіш осындай болса, облыстағы 716 298 әйелдің 326 335-і ғана бала тууға қабілетті. Медициналық тексеруден өткен 301 116 қыз-келіншектің 17 пайызында түрлі гинекологиялық ақаулар, 12 пайызында жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, ал, қалған 36 пайызында басқа да патологиялар анықталған. Ал, ер адамдар арасындағы бедеулік көрсеткіші салыстырмалы түрде қарағанда, төмен. Облыста шамамен 1300 ер адамға бедеулік диагнозы қойылған. Бұл, әлбетте, ерлердің балалы бола алмау себебін өзінен емес, көп жағдайда әйелден көріп, проблемадан қашуына да байланысты екенін айтады мамандар. – Қазақстандағы ер адамдар әлі де репродуктивті денсаулықты анықтау үшін міндетті скринингтен өтпейді және бұл баласыз жұптардың жалпы санына әсер етеді, – дейді комиссия отырысына қатысқан социология магистрі, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың аға оқытушысы Татьяна Резвушкина.

Сондай-ақ, Бибігүл Райханқызы облыс халқының қартайып келе жатқанын да айтады. Яғни, қартаю коэффициенті республикамен салыстырмалы түрде қарағанда – жоғары. Оның себебі – жастардың өзге облыстарға қоныс аударуы мен туу көрсет[1]кішінің төмендігі. Ал, туу көрсеткішіне жыныстық жолмен берілетін аурулардың тікелей әсері бары сөзсіз. Мысалы, Қазақстанда АИТВ-ЖИТС диагнозымен есепте тұрған адамдар саны туралы деректер пациенттер санының қарқынды өсуін көрсетеді. 2016 жылы олардың саны – 16 429 болса, 2020 жылы – 7 331 адамға артып, 23 760-қа жеткен. – Ерлер арасында АИТВ, ЖИТС-пен сырқаттану санының өсуі олардың өз денсаулығына қатысты жаңа құндылық көзқарастарын қалыптастыру қажеттілігін туғызады. Бұл жағдайда әркім өз денсаулығы үшін жауапты болуы тиіс. Қазақстандық ерлер денсаулығына қатысты гендерлік стереотиптерді өзгертіп, уақытылы дәрігерге қаралуы тиіс, – дейді Татьяна Резвушкина.

Отырыс барысында Бибігүл Төлегенқызы тағы бір болжаммен бөлісті. Маман әр жиырма жылда сифилис, яғни мерез ауруының толқыны болатынын айтады. Бұл келесі, яғни, 2023 жылы болады деп күтілуде.

Ербол Әліқұлов отырыс соңында кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктіліктің алдын алу үшін бірлесе жұмыс жасауға шақырды. «Деректер жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің азайғанын көрсеткенімен, әлі де бар екенін жоққа шығара алмаймыз» деген ол бұл дертпен қоғам болып күресу керек екенін алдыға тартты. Комиссия отырысының нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданып, жұмыстар жүргізілетін болады.

Салтанат ІЛИЯШ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button