Ресми

Биыл ҰБТ бес рет өтеді

Оқу жылының ортасына да жақындап қалдық. Ата-ана мен мектеп түлегінің ендігі уайымы – қорытынды аттестат, ҰБТ, «Алтын белгі». Биыл емтихан, ҰБТ тапсыру ережесіне қандай ерекшеліктер енгізілді? Бұл туралы облыстың білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова мен «Самғау академиясы» және даму орталығының жетекшісі Ардақ Жакин БАҚ өкілдері қатысқан брифингте мәлімдеді.

Биыл облыс мектептерінен 6 мыңнан астам – 11-сынып, 15 мыңнан астам – 9-сынып түлектері қанат қағады. Қорытынды аттестаттау мерзімі әзірге нақты бекітілмеді. Министрліктің «2022-2023 оқу жылын аяқтау туралы» бұйрығына сәйкес 30 сәуірге дейін белгіленеді деп күтілуде.

– 11-сыныптың барлық түлегі қорытынды емтиханнан өтеді. Яғни, мектепте емтихан тапсырып, нәтижесі бойынша орта білім туралы аттестат алады. Аттестаттау 5 пәннен (4 міндетті және 1 таңдау) өтеді. Осы жылдан бастап 5-тен 9 (10) сыныпқа дейінгі оқу кезеңінде барлық пән бойынша жылдық және қорытынды бағалары «5» болған 9 (10) сынып түлектері Үздік аттестат алады, – деді Гүлсім Қожахметова.

Биылғы жылы «Алтын белгіге» үміткер түлектер үшін бірқатар өзгеріс қарастырылған. 9-сынып қорытындысы бойынша ерекше үлгідегі аттестат алған және 10-11-сыныптың барлық оқу тоқсандарында «Өте жақсы» бағасы бар оқушылар «Алтын белгіге» үміткер бола алады.

– «Алтын белгіге» үміткерлер Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында математика бойынша емтихан тапсыруы тиіс. Үміткер ауырып қалып, емтиханға қатыса алмай қалған жағдайда сауығып кеткен соң қайта тапсыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, жалпы білім беретін пәндер бойынша соңғы үш жылда халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанған «Алтын белгіге» үміткерлер қажет болған жағдайда емтихандардан босатылады, – деді Гүлсім Шабданқызы.

Бұдан былай түлектер ҰБТ-ны жылына 5 рет тапсыра алады. Қаңтар, наурыз және тамыз айында – ақылы негізде түсу үшін, маусым-шілде айында – грант үшін тапсырады. Әзірге тестілеу форматында өзгерістер жоқ. Алайда, ҰБТ бейіндік пәндер комбинациясының тізіміне «Информатика» пәні енгізілді.

Осыдан екі жыл бұрын білім алушыларды ҰБТ-ға даярлау мақсатында «Репетитор» жобасы іске қосылған болатын. Осы бастаманы «Samgau Академиясы» жеке даму орталығы қолға алып, жұмыс істеп келеді.

– «Samgau Kazakhstan» жеке қоры арқылы облыс бойынша 5 мың баланы ҰБТ-ға дайындап жатырмыз. Оның ішінде 1400 оқушы әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан. Қазір оқушылардың 70%-ы – гуманитарлық, 30%-ы – техникалық мамандықтарды таңдап отыр. Біз оқушыларды топқа бөліп, жеке-жеке таңдаған пәні бойынша оқытамыз. Әр тоқсан сайын тест алып, нәтижесімен жұмыс істейміз. Қарағандыдағы үздік ұстаздарды қатарымызға қосып, балалардың қарым-қабілетін арттыруға күш салып жатырмыз. Ең бірінші рет тест алғанымызда аудиторияның 57%-ы 50 баллдың әр жақ-бер жағын жинаған. 100 баллдан жоғары жинаған – 21%-ы ғана еді. Қазіргі нәтижелері тіптен басқа. Оң өзгеріс бар. Енді оқу жылының соңына дейін ең үздік нәтижеге қол жеткіземіз, – деді Ардақ Дүйсембекұлы.

Ербол ЕРБОЛАТ

Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Back to top button