Бұқар жырау

Үлгі ертеңінен үмітті

Атының өзі айтып тұрғандай, бұл менің туған жерім Үлгі ауылы сонау колхоз кезінен бастап айнала төңірекке үлгі болатын. Кейін 1961 жылы Қылыш Бабаев атындағы кеңшар құрылғанда, оның №2 бөлімшесі атанғанда да қызу тіршілік қайнап жатар еді. Мыңғыртып мал, жайқалтып егін өсірген ауыл тұрғындарының жағасы жайлау, көңілі жаз-тын.

Бұқар жырау ауданы
Қоршалған саябақ

Бөлімше басында сегіз жылдық мектебі, дүкені, моншасы, клуб, кітапханасы, поштасы, медициналық пункті жұмыс істеп тұрды. Үлгі арқылы «Қарағанды-Төрткөл» бағытындағы жолаушылар автобусы жүретін. Қазір соның бірі жоқ. Көрсең ішің ашып, жүрегің ауырады. Кезінде академик Арықтай Қайыпов, 5 ғылым докторы, 10-нан аса ғылым кандидаты, қаншама құқық қорғау органдары мен шаруашылық басшылары, 5 бірдей журналист шыққан туған топырағымның мүшкіл халі мені де мазалайтын. Мәселен, кешегі жүз үйлі осы елді мекеннен бүгінде қолындағы малына қарап отырған небәрі тоғыз шаңырақ қана қалған. Ал, ескі үйлерді сырып тастап, 1970-1980 жылдары жаңадан салынған екі пәтерлі 28 үйдің біразы бұзылып, материалдары сатылып кетсе, енді біреулерінің есік-терезелері бітеліп, шегеленген күйде. Неге екені белгісіз, жан-жаққа тарыдай шашылып, тарап кеткен үлгіліктердің жылы орындарын суытпай, өз ауылын өркендетіп, тірлік қылатын жағдайлары да бар еді ғой.

Соңғы кезде мұнда қолға алынып жатқан игі шаруалар сол сөнген үмітті қайта тұтатып, көңілге сенім ұялатқандай. «Ер туған жеріне» демекші, елге қайыра оралғандардың алды болып, бос тұрған үйлерге Елкен Молдабеков ағамыз, Қаржас Зейниденов пен Қанат Ахмадин інілеріміз қоныстанды.

Бір кездері академик Қаныш Сәтбаев Қазақстан Ғылым академиясының Ботаникалық бағынан арнайы алдыртып, алғашқы талын өз қолымен отырғызған саябақты бәріміз мақтан тұтатынбыз. Жаз уақытында оның іші ойын-күлкіге толып, бір жақта біз сияқты балалар асыр салып, бір тұста үлкендер футбол, волейбол, шахмат, дойбы ойнап жататыны әлі де көз алдымда. Алтыбақан, Наурыз мерекесі де осы жерде өтетін. Оның да күтімі кетіп, қараусыз шағында биыл ауыл тұрғындары іші-сыртын тазалап, айналасы темір-бетон шарбақтарымен толық қоршалып бітті. Келесі көктемде онда жас ағаш көшеттері отырғызылмақ екен.

Ауылға ауыз су тартылуда

Тағы бір жаңалық, осы жылы Үлгіні ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін тапты. Биылғы жаз басталғалы тереңдігі 50 метр су көзі қазылып, одан тартылған құбырлар ауыл үйлеріне дейін жетті. Жыл соңына дейін ол іске қосылады деп күтілуде. Бұрын суды құдықтан тасыған тұрғындар бұл бейнеттен де құтылады.

– Үлгі ауылын абаттандыру мен сәулеттендіру келесі жылы да жалғасады, – деген еді бізбен әңгімесінде Үміткер ауылдық округінің әкімі Жұлдыз Талғатбекқызы.

– Өйткені қазірдің өзінде Үлгіге көшіп келем деп тілек білдірген қандастарымыз бен өз тумаларының қарасы көп. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» дегендей, оның көз алдымызда қаңырап, құрып кетуіне жол бермейміз.

…Мен де көргенім мен естігеніме көңілім тоғайып, кіндік қаным тамған туған жерімнің ертеңіне үлкен үмітпен аттандым.

Ержан ИМАШ 

Бұқар жырау ауданы

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button