Бас тақырып

Импорттан экспортқа: агроөнеркәсіпте әлеует зор

Үкімет бір жылдары «аграрияның ауған жүгін түзейміз, кісіге күніміз түспейді» деген мазмұндағы саясатқа бет бұрды. Көсегемізді көгертіп, берекемізді кіргізуі тиіс қилы жоба қанат қақты. Биліктің көздегені – сырттан келетін өнімді сөрелерден сырғытып тастау еді. «Кісідегінің кілті аспанда». Өзгеге жаутаң күй кімге ұнасын?!

Рас, кейін «орыстың бидайы, өзбектің мақтасы құрыса, күніміз қараң» деп салы суға кеткен шенеунікті көрген ешкім жоқ. Әйтсе де, Атланттың арғы бетінен ет тасу – үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген-ді. Мәселен, былтыр Аргентина мен Уругвайдан әкелінген екі мың тонна жылқы етінен табақ тартыппыз.

Статистика бұл импортты теңізге тамған тамшыдай көреді. Әр қазақстандық ай біткенше орта есеппен 7 келі етті жеп қойса, екі мың тоннаңыз тістің арасында қалмай ма?!

Дегенмен, мұхит асып, мал тасу – «ежелден мал баққан елге» мін демей көріңіз…

Басқа да мысал жеткілікті. Бірақ, «Өкімет қарап отыр» деп сын айтсақ, ол да жаңсақ. «Жаңа Қазақстан» импортты азайтып, экспортты еселеуге күш салуда. Жарқын мысалды алыстан іздемейік…

Коллажды жасаған Марал Әйнекова

ИНВЕСТИЦИЯ АУЫЛДЫ ДАМЫТУЫ ТИІС

Өз қолың өз аузыңа жетіп, шайқап төгіп, үріп ішкенге не жетсін?! Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметке сенсек, ол күн де алыс емес.

Инвестиция – игілік. Бүгінде қаржы тартуға баса көңіл бөлінуде. Айтып өтері, инвесторға талап қойылады, жобаның өңір үшін қажеттілігі ескеріледі. Өндірілетін өнім жергілікті нарықтағы шетелдік тауарды алмастыруы қажет. Және ауыл тұрмысын көтеруге септігі тигені міндетті. Жыл басынан бері 26 жоба талаптың үдесінен шықты. Жалпы құны – 14 млрд. теңге.

Тізімнен екі жобаны ерекше атап өтеміз. Бұқар жырау ауданындағы «Uschtobe Cus» ЖШС жылына 396 тонна құс етін өндіруге бел буды. Жаңа кәсіпорынға 120 млн. теңге жұмсады.

Ал, «ПКФ Медео» ЖШС шұжық цехын тұрғызды. Мұнда да 120 млн. теңге қаржы құйылды. Серіктестік бір жылда 108 тонна шұжық шығармақ. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін 5,4 млрд. теңге болатын 5 жоба мәреге жетеді. Аталған кәсіпорындар импортты ығыстырады деп күтілуде. Жұмыс күші жергілікті тұрғындардан түзіледі.

Сондай-ақ, жыл басталғалы ауыл шаруашылығына – 19 млрд. теңге, азық-түлік өндірісіне 788 млн. теңге салынғаны – ауыз толтырып айтуға тұрардай. Және 2026 жылға дейінгі мерзімді қамтыған Агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобалардың жол картасы ауылдықтардың әл-ауқатын арттыруы тиіс дейміз. 141 млрд. теңге сомасына 72 жобаны іске асыру жоспарда тұр. Соның арқасында 3 мыңнан астам адамға жұмыс табылады.

АЗЫҚ-ТҮЛІКТЕ ТАПШЫЛЫҚ БОЛМАУЫ ШАРТ

Қазір агроөнеркәсіп кешеніне облыстағы жалпы өңірлік өнім көлемінің 3,6 пайызы тиесілі. Жыл соңына дейін өнім көлемі 465 млрд. теңгеге жетуі жоспарда. Әрине, бұл жердегі жүктің ауыры даладағы ағайынның иығына түседі. Оның үстіне биыл жазда құрғақшылық та қос бүйірден қысты.

Биыл егістік 48 мың гектарға ұлғайды. 1 миллион 62 мың гектарға жетті. 932 мың гектарға дәнді дақыл себілді. Картоп алқабы 357 гектарға өсіп, 11 507 гектарды құрады.

Құрғақшылықтан заманауи технология құтқарды. Нәтижесінде, 600 мың тоннадан астам бидай алды. 350 мың тоннадан аса картоп-көкөністі де қосып қойыңыз. Былтырғы жылмен салыстырсақ, 22 мың тоннаға артық екен.

Әрине, толайым табыс ортақ еңбектің арқасында келді. Мемлекет жан-жақты қамқорлық танытты. Диқандар қауымына 5,2 млрд. теңге субсидия төленді.

Мал бағып, құс баптаған ағайынға да бәрекелді дейміз. Жылды 123 мың тонна ет, 434 мың тонна сүт және 650 млн. дана жұмыртқамен тәмамдамақ. Сонымен қатар, сиырды – 473,4 мыңға, жылқыны – 314 мыңға, қой мен ешкіні 721,4 мыңға жеткізуді көздеп отыр.

Мал дегенде жем-шөп жайы толғандырады. Соңғы бес жылда мал азығы дақылдарының алқабы екі есе артты. 36,2 мың гектардан 79,2 мың гектарға ұлғайды. Болашақта да кеңейе түспек.

ЭКСПОРТ ҰЛҒАЙДЫ

Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемі 118 млрд. теңгені еңсерді. Былтыр 95,5 млрд. теңге табыс кірді.

Биыл қайта өңделген өнімдер экспорты ұлғайды. Қарашаға дейін 88,4 мың тонна шекара асты. Өсім бар. Былтырғыдан 20,7 мың тонна артық. Тағы бір айтып өтері, мұндағы өңделген өнім 74,5 мың тоннаны құрады.

Бұл цифр әлі де өзгеретіні сөзсіз. Өйткені, май, сүт, макарон өнімдерін, ұн мен мал азығын өндіретін кәсіпорындарда жаңғырту, жаңадан тұрғызу жұмыстары қарқынмен жүріп жатыр. Жаңа жобалар экспорттық әлеуетті арттырып, импортқа тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді.

РЕСУРСТЫҚ ӘЛЕУЕТ ЖЕТКІЛІКТІ

Азық-түлік – стратегиялық ресурс. Әрине, бұл тұрғыдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде алдымен мемлекет мүдделі. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров сол мақсатта түрлі қолдау іс-шаралары да көрсетілетінін айтады.

– Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия, жеңілдетілген несие беріліп келеді. Ал, өз кезегінде диқандар мен фермерлер аймақта негізгі азық-түлік түрлерінің қажетті қорын қалыптастыруға белсене атсалысуда. Астықтың резервтік қоры, картоп пен көкөністердің тұрақтандыру қоры құрылды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне сүйенген меморандумдар шеңберінде құс фабрикалары өнімнің бір бөлігін сауда желілеріне төмен бағамен тапсыруда. Жәрмеңкелерге де тұрақты қатысады. Жалпы алғанда, ішкі нарықты азық-түліктің негізгі түрлерімен қамтамасыз ететін аграрлық секторды қалыптастыруға қажет ресурстық әлеует жеткілікті, – дейді басқарма басшысы.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button