Бас тақырыпРуханият

Өнер ордасының салтанаты

Кеншілер мәдениет сарайында отандық өнер мен мәдениеттің Арқа төріндегі ұстаханасы Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің 70 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті. Қарашаңырақтың мерейтойы – іргелі оқу орнының ардагерлері, оқытушылары мен түлектері үшін ғана емес аймақ жұртшылығы үшін де айтулы мереке. Кешке облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова бастаған зиялы қауым өкілдері, колледж ұжымы, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.

Ауқымды іс-шара шымылдығы ұрпақтары ортаға алған Ана бейнесі хақындағы поэтикалық-пластикалық композициямен түрілді.

– Колледжге 1973 жылы Қазақ КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушы, жерлесіміз Тәттімбет Қазанғапұлының есімі берілді. Осы шаңырақтан республика ғана емес, дүние жүзіне танымал майталмандар шықты. Құрметті ұстаздар, студенттер, кеш құтты болсын! Тәттімбет колледжінің жұлдызы жарқырап жана берсін, – деп жүрекжарды тілегін жеткізген Ербол Шымкентбайұлы, облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің Құттықтау хатын табыстады.

Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжі – 1997 жылы қайта құру нәтижесінде құрылып, құрамына Тәттімбет атындағы Қарағанды музыка училищесі, Қарағанды мәдениет колледжі және Теміртау музыкалық училищесі кірген. Ал, бүгінде өнер колледжіне 70 жыл толса да, 3 оқу орнының әрқайсысының өз тарихы, туған күні бар. Солардың ішіндегі тарихы терең білім ордасы – 1952 жылы шілдеде ашылған Тәттімбет атындағы Қарағанды музыкалық училищесі. Сондықтан да, біртұтас оқу орнының ғұмырнамасы 70 жылдан бері тарих беттеріне қатталды. Музыкалық училищенің алғашқы директоры Алматы консерваториясының түлегі Қобыланды Нұрбаев болғанын айта кеткен жөн.

– 1937 жылы атам репрессияға ұшырап, әкем Қобыланды Ғалиұлы жетім қалып, Тамбов жаяу әскерлер мектебінің тәрбиеленушісі болған. Алматы мемлекеттік консерваториясының тромбон сыныбын бітірген ол музыкалық училищені ұйымдастыру үшін Қарағандыға жіберіледі. Міне, бүгін сол оқу ордасы 70-ке толып отыр. Мен де осында білім алғанмын. Ел мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан білім ордасы ұжымын мерейтоймен құттықтаймын, – деді Орлан Қобыландыұлы.

Білім ордасында кәсіби ұстаздар сабақ берді. Алғашқылар қатарында А.Варламов, Р.Рихтер, В.Хаджиев, М.Айтқалиев, В.Корн, А.Дукарт, Е.Майер, А.Кнауб, А.Шварц, В.Петлюк болса, кейінірек бұл қатарға В.Ковалев, М.Мағзұмов, Н.Дмитриенко, В.Цветков, В.Холопай сынды білікті оқытушылар қосылған.

Колледжде әр жылдары өз ісінің шеберлері, белгілі тұлғалар В.Эпелбейм, Т.Тоқтаров, А.Достемесов, М.Хайруллин, Е.Казмин, Ж.Сайфуллин, Б.Байсағатов, Т.Айтқалиев, А.Шоқанбаев, Р.Киманова, М.Адамбеков, С.Мұсайын директорлық қызмет атқарып, жемісті еңбек етті. Қазіргі басшысы – Мәдениет саласының үздігі Бауыржан Ермұхамбетов.

– Өнер ордасының негізін – тағдыр жазуымен Қазақстанға келген бірсыпыра шетел азаматы қалады. Қазір Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Жақсыгелді Кемалов, Әбуғалисын Шоқанбаев сынды ұстаздарымыз қызмет атқаруда. Студенттеріміз республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаттары, орданың мерейін асырып жатыр. Бүгінде колледжде «Кітапхана ісі», «Әлеуметтік-мәдени қызмет», «Аспаптық орындау», «Хорды дирижерлау», «Музыка теориясы», «Вокалдық өнер», «Хореографиялық өнер», «Актерлік өнер», «Халықтық көркем шығармашылық» сынды 9 мамандық бойынша 600-ден астам шәкірт білім алуда. Биыл 70 жылдыққа орай облыс көлемінде 5 концерт берілді. Конференциялар, семинарлар ұйымдастырылды. Бүгінгі гала-концерт соңғы, қорытынды концерт, – дейді Бауыржан Ермұхамбетұлы.

Тарихы тереңде жатқан білім ордасынан қаншама түлек білім алды. Атап айтсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Д.Қасейінов, Қазақстанның Халық әртісі Х.Қалиламбекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ж.Баспақова, Академиялық музыкалық комедия театрының директоры А.Ибраев, Мәдениет қайраткері Е.Филинкова сынды дүлдүлдер бар.

Концертте елімізге және шет елдерге белгілі халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты атанған түлектер және қазіргі уақытта білім алып жатқан студенттер өнер көрсетті.

Сондай-ақ, Дүйсен Құрабайұлы сөз сөйлеп, естелік сыйлық табыстады және өз атынан үздік домбырашы мен үздік скрипкашы екі студентке арнайы стипендия тағайындады.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бекболат Байсағатов және Мәдениет қайраткері Рахила Киманова сөз сөйлеп, жүрекжарды лебізін жеткізді.

Колледждің 70 жылдық мерейтойына орай білім ордасының ардагер-педагогтеріне мерейтойлық медаль табысталды. Мерекелік концерт Марат Сутюшевтің әні мен колледж студенттері Майда Жұмашқызы және Айдын Еренғайыповтың сөзіне жазылған колледж гимнін шырқаумен мәреге жетті.

Жәлел ШАЛҚАР

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button