Балқашта 280 орындық жаңа балабақшаның құрылысы басталды
Балқашта 280 балаға арналған жаңа балабақшаның құрылысы басталды. Үш қабатты нысан «Қазақмыс» компаниясының қолдауымен бой көтермек. Жобаның жалпы құны – 3,7 млрд теңге.

Жаңа балабақша мектепке дейінгі білім беру орындарының санын арттырып, балалардың жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Нысанды 2027 жылғы қыркүйекте пайдалануға беру жоспарланған.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, бұл – қала тұрғындарының болашағына салынған маңызды инвестиция.

— Бүгін біз 280 орындық балабақшаның құрылысының алғашқы кірпішін қалап отырмыз. Өсіп-өркендеп келе жатқан Балқаш үшін бұл жай ғана жаңа әлеуметтік нысан емес, қала мен оның тұрғындарының болашағына салынған маңызды инвестиция. Әсіресе бизнестің әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді атсалысуы маңызды. «Қазақмыс» компаниясы өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асырып келеді. Жаңа балабақша белгіленген мерзімде салынып, жуық арада алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдайды деп сенеміз, — деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев

Жоба аясында балабақша аумағын абаттандырумен қатар, балаларға арналған заманауи инфрақұрылым да жасалады.

Бұл нысан облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» арасындағы әлеуметтік әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі. Бұған дейін жасалған келісімдерге сәйкес, Торанғалық және Шұбартүбек кенттерінде медициналық пункттер, су спорт түрлеріне арналған база, ал Саяқ кентінде воркаут аймағы бар балалар алаңын салу жоспарланған.

«Қазақмыс» корпорациясы басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Балқашты компания қызметкерлері мен олардың отбасылары тұратын ортақ мекен ретінде атап өтті.
— Балқаш «Қазақмыс» үшін жай ғана өндірістік алаң емес. Бұл — біздің қызметкерлеріміз тұратын, отбасылар құрылып, олардың балалары өсіп келе жатқан ортақ шаңырағымыз. Сондықтан бүгінгі оқиғаның біз үшін маңызы айрықша. Бұл жоба — компанияда да, өңірде де қолға алып отырған ауқымды өзгерістеріміздің алғашқы нақты көріністерінің бірі, — деді «Қазақмыс» корпорациясы басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.
Әлеуметтік жобалар мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысы арқылы Балқаштағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Диас СЕРІКҚАЫЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



