Өндірістен қол үзбей дауыс беру маңызды
23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық қызу. Биылғы электоралдық науқанның басты ерекшелігінің бірі – елімізде алғаш рет үздіксіз өндірістік циклмен жұмыс істейтін кәсіпорындар аумағында сайлау учаскелерінің ашылуы. Бұл жаңашылдық алғашқылардың бірі болып Қарағанды облысында жүзеге асырылып отыр. Мұндай қадам өндірістегі мыңдаған жұмысшының еңбек үдерісін тоқтатпай-ақ, конституциялық құқығын жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Сарапшылар мұны сайлау жүйесінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды өзгерістің бірі ретінде бағалайды.

Осы маңызды саяси науқан қарсаңында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров облысқа арнайы жұмыс сапарымен келіп, аймақтың Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындығымен жан-жақты танысты. Инспекциялық сапар барысында ол жаңа форматтағы сайлау учаскелерін аралап, өңірдегі сайлау комиссияларының ұйымдастыру деңгейін, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін, сайлаушыларға жасалған жағдайды және инклюзивтілік талаптарының орындалуын бағалады.

Қазір облыста 639 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Онда 4 331 учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі қызмет атқарады. Сайлаушылар тізіміне шамамен 760 мың тұрғын енгізілген. Биыл сол учаскелердің төртеуі алғаш рет өндірістік кәсіпорындар мен вахталық кенттердің аумағында құрылды. Оның үшеуі Теміртау және Балқаш қалаларындағы «Qarmet» АҚ өндірістік алаңдарында орналасса, тағы бір учаске Нұра ауданындағы вахталық кентте ашылған.

Бұл өзгерістер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген түзетулердің нәтижесінде жүзеге асып отыр. Заңдағы жаңа нормалар үздіксіз өндірісте еңбек ететін азаматтардың сайлау құқығын толыққанды жүзеге асыруына құқықтық негіз қалыптастырды.

Теміртаудағы «Qarmet» АҚ өндірістік нысандары базасында құрылған №641 және №642 сайлау учаскелері осы өзгерістің нақты көрінісіне айналды. Мұнда мыңдаған металлург тіркелген. Соның ішінде, №642 сайлау учаскесінде шамамен екі мыңға жуық сайлаушы есепке алынған. Дауыс беру күні кәсіпорынның шалғай цехтарында жұмыс істейтін қызметкерлер алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, арнайы автобустармен жеткізіліп, дауыс бергеннен кейін қайтадан жұмыс орындарына оралады. Бұл – өндірістік процестің тоқтамауына және жұмысшылардың азаматтық құқығын толық пайдалануына мүмкіндік береді.
– Азаматтардың сайлауға қатысуы – олардың ең маңызды конституциялық құқықтарының бірі. Осыған байланысты мемлекет бұл құқықтың кедергісіз әрі толық жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін жүйелі түрде қажетті шаралар қабылдап келеді. Сайлау туралы Конституциялық заңға енгізілген жаңашылдықтарға сәйкес, биыл үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орындарында сайлау учаскелерін құру мүмкіндігі заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Осы сайлау науқанында біз алғаш рет осындай сайлау учаскелерін аштық. Бұл арқылы сайлаушылар үшін сайлаудың қолжетімділігін кеңейтіп, олардың сайлау құқығын жүзеге асыруға арналған конституциялық құқығын қамтамасыз етеміз. Бүгін біз Qarmet кәсіпорнының қаңылтыр қаптау цехына арнайы келіп, жаңа сайлау учаскелерін құруға қатысты ұйымдастыру мәселелерінің қалай шешіліп жатқанын, дауыс беру уақытында үздіксіз өндірісте болатын зауыт жұмысшыларының жұмыс орнында дауыс бере алатынын көзбен көріп, нақтыладық, – деді Нұрлан Әбдіров.
Комиссия төрағасының айтуынша, Атырау, Ақмола облысындағы өндірістерде осындай жаңа учаскелер ашылуда. Жалпы, бүгінде еліміздегі ірі өндіріс орындарында 9 учаске ашылса, онда тізімде тұрған сайлаушылардың саны 12 300-ден асатынын айтты төраға.

Өндіріс ұжымының өкілдері де жаңа бастаманың тиімді екенін айтады. «Qarmet» АҚ өндірістік ауысым шебері Медет Қайыркенұлының айтуынша, өндірістегі үздіксіз жұмыс режимі бұрын сайлауға қатысуда белгілі бір қиындықтар туғызған.
– Біз бұл цехта үздіксіз өндіріс жағдайында еңбек етеміз. Сондықтан сайлауға қатысу мәселесі көбіне ауысым кестесіне байланысты болады. Кәсіпорын аумағында осындай сайлау учаскелерінің ашылуы бізге, яғни, металлургтерге өндіріс процесін тоқтатпай, артық қиындықсыз дауыс беруге мүмкіндік береді. Барша қазақстандықтарды 23 тамыз күні сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасауға шақырамын! – деді ол.
№642 сайлау учаскесінің төрағасы Ольга Васютина дауыс беру күніндегі логистика алдын ала толық жоспарланғанын айтты.

– Бұл – өте қолайлы. Адамдар өндірістен қол үзбей дауыс бере алады. Көптеген жұмысшы таңғы сағат жетіден кешкі уақытқа дейін ауысыммен еңбек етеді және өткізу жүйесіне байланысты кәдімгі сайлау учаскесіне барып үлгермейтін жағдайлар болады. Енді олар кәсіпорын аумағында дауыс беріп, кейін қайтадан жұмыс орындарына жеткізіледі, – деді ол.
Ал, «Qarmet» АҚ цех бастығының міндетін атқарушы Илья Малига да жаңа тәжірибені қолдайтынын жеткізді.
Жәлел ШАЛҚАР
Ortalyq.kz



