Тарихи сәттің жауапкершілігі
Ел өміріндегі елеулі өзгерістер кейде бір-ақ күндік оқиғадай көрінеді. Әйткенмен, оның салмағын уақыт таразыласа керек. Бүгін қабылданған шешімнің шын бағасын келешек ұрпақ береді. Сондықтан, мемлекеттің саяси құрылымына қатысты оңды қадамға байыппен қарау – ел тағдырына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың басты міндеті.

Алдымызда ел тарихындағы алғашқы Құрылтай депутаттарының сайлауы тұр. 23 тамызда ел азаматтары жаңа, бір палаталы Парламенттің құрамын жасақтауға қатысады. Жаңа Конституциядан бастау алған мемлекеттік реформаның нақты жүзеге асатын кезеңі келді. Ендігі кезекте сол Ата заң белгілеген саяси институттарды қалыптастыру жауапкершілігі азаматтардың өз қолына берілмек.
Құрылтай – қазаққа әуелден бөтен емес, қастерлі ұғым. Халқымыздың тарихи жадында ол ел тағдыры таразыға түсіп, жұрттың игі жақсылары келелі кеңес құрған алқалы жиын ретінде сақталған. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген тәмсіл де көптің пікірін тыңдап, ортақ мәмілеге келуді қадір тұтқан елдік дүниетанымнан туған. Әрине, бүгінгі Құрылтай – бағзы замандағы кеңестің көшірмесі емес. Ол – заң негізінде қызмет ететін заманауи жоғары өкілді орган. Дегенмен, тарихи атаудың қайта оралуында үлкен мән бар. Ендігі міндет – сол атаудың қадірін құрғақ сөзбен емес, сапалы заңмен, ашық пікірталаспен және халық алдындағы жауапкершілікпен арттыру.
Жаңа жүйе бойынша бұрынғы Сенат пен Мәжілістен тұратын қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылмақ. Оның құрамына бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді. Депутаттар біртұтас жалпыұлттық округ бойынша, партиялық тізім арқылы сайланатынын білеміз. Бұл жолы сайлаушы жеке үміткерге емес, өзі бағдарламасы мен ұстанымын қолдайтын саяси партияға сенім білдіреді. Сондықтан, партиялардың уәдесі, үміткерлердің тәжірибесі мен ел мәселесіне қатысты ұстанымы мұқият таразылануға тиіс.
Бір палаталы Парламент заң шығару үдерісін жеделдеткенімен, жауапкершілік жүгін еселей түсетінін айту керек. Бұрын заң жобалары екі палатаның сүзгісінен өтсе, енді негізгі салмақ бір ғана Құрылтайға түспек. Бұл асығыс шешімге жол бермей, қоғамның түрлі топтарының үнін есту талабын бұрынғыдан да күшейте түседі.
Бүгінгідей ақпарат тасқыны үдеп тұрған уақытта әлеуметтік желідегі тартымды ұранға емес, салмақты бағдарламаға мән берген абзал. «Менің бір дауысымнан не өзгереді?» деген жаңсақ ойдан арылатын кез жетті. Пропорционалды жүйеде партиялардың алатын мандаты жинаған дауыс үлесіне қарай айқындалады. Демек, әрбір азаматтың таңдауы елдің жалпы саяси бағытына тікелей ықпал етеді.
Сайланатын 145 депутат алдағы бес жылда заң қабылдап, бюджеттің атқарылуын қадағалап, ел дамуына бағыт береді. Құрылтай төріне кездейсоқ адам емес, мемлекетшіл ойлайтын, халықтың сөзін сөйлейтін кәсіби тұлғалар барғаны жөн. 23 тамыздағы таңдау – бір күндік науқан емес, алдағы саяси бағытқа қосылған азаматтық үн. Ел ертеңіне бейжай қарамай, өз дауысымыздың салмағын сезіну – келешек ұрпақ алдындағы азаматтық парызымыз.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz


