Елдік мұраттың айғағы
Қоғамның саяси мәдениетін айқындайтын ең маңызды демократиялық институттың бірі – сайлау. Ол – азамат пен мемлекет арасындағы сенімнің көрінісі, заң үстемдігі мен қоғамдық жауапкершіліктің өлшемі. Бүгінде Балқаш қаласында Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық қарқынды. Сайлау учаскелерінің әзірлігі, комиссиялардың кәсіби дайындығы, цифрлық мүмкіндіктер, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жасалған жағдайлар – барлығы басты назарда. Алдағы саяси науқанның ұйымдастырылуы туралы Балқаш қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлмира Ағдарбековамен сұхбаттасқан едік.

– Гүлмира Жеңісбекқызы, кез келген сайлаудың табысты өтуі нақты дайындықтан басталады. Балқаш қаласы бұл маңызды саяси науқанға қандай дайындықпен келіп отыр?
– Расында да, сайлау, ең алдымен, дайындық деңгейіне де байланысты. Біздің негізгі мақсатымыз – әрбір азаматтың конституциялық құқығын еш кедергісіз жүзеге асыруына мүмкіндік жасау және сайлаудың заң талаптарына сәйкес өтуін қамтамасыз ету. Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Балқаш қаласында 51 032 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 265 азамат мүмкіндігі шектеулі жандар санатына жатады. Олар үшін сайлауға толыққанды қатысуға барлық жағдай бар. Қалада Құрылтай депутаттарының сайлауын 37 сайлау комиссиясы ұйымдастырады. Оның біреуі – аумақтық, ал, 36-сы учаскелік сайлау комиссиялары. Жалпы комиссиялар құрамында 257 мүше бар. Барлық құрам заң талаптарына сай толық жасақталып, учаскелердің шекаралары бекітілді.
Биылғы ерекшеліктің бірі – «Kazakhmys Smelting» өндірістік кешенінде жаңа сайлау учаскесінің ашылуы. Бұл өндірісте еңбек ететін азаматтардың жұмыс орнынан қол үзбей дауыс беруіне мүмкіндік жасайды. Осылайша қалада шектеулі қолжетімділігі бар екі жабық сайлау учаскесі жұмыс істейді. Комиссиялардың орналасқан жерлері, сайлау учаскелерінің шекаралары туралы барлық ақпарат қала әкімдігінің ресми сайтында жарияланған. Сонымен бірге, бұл мәліметтер жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарға кеңінен жеткізілді.
– Бүгінде материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейі қалай?
– Әрине, сайлаушы өзін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі керек. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстар бақылауда. Қаладағы сайлау учаскелерінің басым бөлігі білім беру мекемелерінде орналасқан. Атап айтқанда, 20 учаске мектептерде, 9 учаске әлеуметтік-мәдени нысандарда, 4 учаске колледждерде, сондай-ақ, орталық ауруханада, «Kazakhmys Smelting» кәсіпорнында және ветеринариялық стансада бір-бірден орналасқан. Барлық ғимараттардың техникалық жағдайы қанағаттанарлық. Апатты нысандар жоқ. Мектептердегі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Орталық сайлау комиссиясының қолдауымен дауыс беруге арналған кабиналар жаңартылып, тозығы жеткен стационарлық және тасымалданатын жәшіктер ауыстырылуда. Сонымен қатар, жаңа ақпараттық стендтер сатып алынды.
– Қазіргі сайлау үдерісінде цифрлық технологиялардың рөлі артып келеді. Бұл бағыттағы жаңашылдықтарға тоқталсаңыз…
– Бүгінде ашықтық пен қолжетімділік – басты талаптардың бірі. Барлық сайлау учаскелері жоғары жылдамдықтағы интернетпен және стационарлық телефон байланысымен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда 34 сайлау учаскесінде бейнебақылау жүйелері жұмыс істейді. Бұл барлық учаскелердің 94,4 пайызын құрайды.
Учаскелік комиссиялар 3 тамыздан бастап жұмысын бастайды. Тұрғындар таңғы 09:00-ден кешкі 18:30-ға дейін келіп, өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексере алады. Сонымен қатар, 27 ірі сайлау учаскесінде азаматтардың тіркелуі жөніндегі мәліметтерді «Электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн тексеруге мүмкіндік беріледі. Барлық учаскелердің техникалық дайындығын төтенше жағдайлар қызметі, полиция және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары тексеріп жатыр.
– Мемлекет басшысы әрдайым инклюзивті қоғам құрудың маңызын айтып келеді. Сайлауда ерекше қажеттілігі бар азаматтарға тең жағдай жасалған болар…
– Біз үшін әрбір азаматтың дауысы бірдей маңызды. Барлық 36 сайлау учаскесі бірінші қабатта орналасқан. 32 учаскеде талапқа сай пандустар бар. №5 мектеп пен балалар өнер мектебінің филиалында көтергіш құрылғылар орнатылған. Ал, төрт нысанда олардың қажеттілігі жоқ. Барлық учаскелер шақыру батырмаларымен, тактильді бағыттағыштармен, арнайы кабиналармен, ақпараттық бұрыштармен және экрандық қолжетімділік бағдарламасы бар компьютерлермен жабдықталған. 33 учаскеде бейімделген санитарлық тораптар жұмыс істейді. Инватакси мен сурдоаудармашы қызметтері де алдын ала қарастырылған. Қоғамдық ұйымдар, әлеуметтік сала мамандары және сарапшылардан құралған мобильді жұмыс тобы құрылды. Олар 3 тамыздан бастап, барлық сайлау учаскелерін аралап, қолжетімділік деңгейіне бағалау жүргізеді.
– Сайлау комиссияларының кәсіби даярлығы қалай?
– Сайлау комиссиясының әрбір мүшесі заңнаманы жетік білуі тиіс. Сондықтан, оқытуға ерекше көңіл бөлінуде. 24 шілдеде Қарағанды облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Д.Уатай учаскелік комиссиялардың төрағалары мен хатшыларына арналған тәжірибелік семинар өткізді. Онда дауыс беру күніндегі барлық рәсімдер кезең-кезеңімен түсіндірілді. Қазір каскадтық тәсілмен қалған комиссия мүшелеріне де оқыту жүргізілуде. 27 шілдеден бастап басшылық құрам заңнаманы білу бойынша тест тапсырды. Бүгінде төрағалар, олардың орынбасарлары мен хатшылардың 100 пайызы тестілеуден сәтті өтті. Қалған мүшелер тамыздың алғашқы онкүндігінде оқып, білімдерін тексереді.
– Бүгінде сайлауалды үгіт-насихат жүріп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы не айтасыз?
– Сайлауалды үгіт-насихат 23 шілде күні сағат 18:00-де басталды және дауыс беру алдындағы күннің 00:00-де аяқталады. Заң талаптарына сәйкес дауыс беру күні және оның алдындағы күні кез келген үгіт-насихатқа тыйым салынады. Қала әкімдігінің қаулысымен саяси партиялардың баспа материалдарын орналастыру үшін 16 арнайы орын белгіленді. Сондай-ақ, сенім білдірілген тұлғалардың сайлаушылармен кездесетін орындары анықталып, бұл туралы ақпарат ресми жарияланды. Қазіргі таңда аумақтық сайлау комиссиясы саяси партиялардың сенім білдірілген тұлғаларын тіркеуді жалғастыруда.
– Әңгімемізді түйіндесек…
– Сайлау – мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың жауапкершілігі. Әрбір берілген дауыс – елдің ертеңіне қосылған үлес. Сондықтан, барлық балқаштықтарды белсенділік танытып, өз таңдауларын жасауға шақырамын. Біздің басты міндетіміз – әр сайлаушыға тең мүмкіндік жасап, сайлаудың ашық, әділ әрі заң аясында өтуін қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстар толық бақылауда болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрдос КӘРІМ

