Ашық диалог – әділдік пен жауапкершілік алаңы
Қарағанды облысында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау аясындағы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. Сайлау науқаны кезеңінде саяси партиялар өңір тұрғындарымен кездесулер өткізіп, өздерінің бағдарламалық бағыттарын таныстыру, азаматтардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдау бойынша жұмыстар жүргізуде.

Дәлірек айтсақ, Саран қаласында «Tempo» компаниясының ұжымымен Әділет партиясының Құрылтай сайлауалды бағдарламасы аясында кездесу өтті.
Кездесуде партияның негізгі басымдықтары мен алдағы жоспарлары таныстырылып, азаматтардың құқықтарын қорғау, әділетті қоғам қалыптастыру және әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған бастамалар талқыланды. Сонымен қатар, қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, пікір алмасты.
Сонымен бірге, көтерілген ұсыныстар мен пікірлер алдағы жұмыстарда ескеріліп, қоғаммен ашық әрі тұрақты диалогты жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Ал, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бастамасымен Қарағанды қаласында еңбек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және қалалық ортаны дамыту мәселелеріне арналған азаматтық тыңдау өтті.
Іс-шарада қатысушылар еңбек жағдайларын жақсарту, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, қалалық инфрақұрылымды дамыту сындыөзекті мәселелерді талқылады.
Сондай-ақ, азаматтар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, әлеуметтік мәселелер бойынша ашық пікір алмасты.
«Қазақстан «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалы сайлауалды облыс аумағында ақпараттық жұмыстар жүргізді.
Іс-шарада партия өкілдері облыстағы жергілікті атқарушы органдар мен тиісті сайлау комиссиялары белгілеген үгіт тақталары мен арнайы бөлінген орындарға үгіт материалдарын орналастырды. Жұмыстар Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкес ұйымдастырылды.
Аталған шара сайлаушыларды ақпараттандыруға және сайлауалды бағдарламалармен танысуға мүмкіндік жасауға бағытталды.
Қазақстан Халық партиясының Қарағанды облыстық филиалы өкілдері Абай ауданындағы Дубовка кентінде тұрғындармен кездесу өткізіп,ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Партия өкілдері Дубовка кенті мен Абай қаласында сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары туралы ақпарат берді. Кездесулер кезінде азаматтардың сұрақтарына жауап беріліп, халықтың әл-ауқатын арттыру және қоғамды дамыту бағыттары бойынша пікір алмасты.
Бұл жұмыстар сайлаушыларды партияның бағдарламалық ұстанымдарымен таныстыру, тұрғындармен кері байланыс орнату және ашық диалог жүргізу мақсатын көздейді.
«АУЫЛ» халықтық-демократиялық патриясының бастамасымен Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында сайлауалды кездесу және экологиялық акция өтті.
Іс-шарада тұрғындарға сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары таныстырылды. Сондай-ақ, қатысушылар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауылдық аумақтарды қолдау және инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Одан бөлек, экологиялық акция аясында қоғамдық аумақты тазалау жұмыстары жүргізілді.
«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері де облыс аумағында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында бірқатар кездесуұйымдастырды.
Кездесулер барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары таныстырылып, кәсіпкерлікті дамыту, экономикалық бастамаларды қолдау және өңірдің даму мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, қатысушылар сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды.
Ал, Respublica партиясының өкілдері «Корпорация Бест» ЖШС және «КарМедСервис» ЖШС ұжымдарымен кездесу өткізді.
Іс-шарада партия өкілдері сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды. Кездесулерде өңірдің тұрақты дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Қатысушылар ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салуға, сайлауалды бағдарлама бағыттары бойынша ашық пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Өткізілген барлық шаралар азаматтардың саяси сауатын арттыруға, сайлау процесі туралы ақпарат алу мүмкіндігін кеңейтуге және қоғам мен саяси күштер арасындағы ашық пікір алмасуға бағытталған. Аймақта сайлау науқаны заң талаптарына сәйкес жалғасуда.
Жәлел ШАЛҚАР
”Ortalyq Qazaqstan”


