Құрылтай

Ақтоғайдағы Құрылтай сайлауы 25 учаскеде өтеді

Қазақстанда 23 тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды науқанға дайындық барлық өңірде жоспарлы түрде жүргізілуде. Сайлау учаскелерінің әзірлігі, ұйымдастыру жұмыстарының барысы, сайлаушылардың құқықтарын қамтамасыз ету және дауыс беру жүйесінің заң талаптарына сай өтуі – басты назарда. Осыған орай аудандағы сайлау науқанына дайындықтың жай-күйі туралы Ақтоғай ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Мірәсілұлы Әбеумен сұхбаттасқан едік.

– Ерлан  Мірәсілұлы, 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына Ақтоғай ауданының дайындық жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 1 шілдедегі №1338 Жарлығына сәйкес, биыл 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау өтеді. Осы маңызды саяси науқанға дайындық Ақтоғай ауданында жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы бекіткен Құрылтай депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізудің күнтізбелік жоспарына сәйкес барлық ұйымдастыру іс-шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сайлау учаскелерін әзірлеу, комиссиялардың жұмысын үйлестіру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және комиссия мүшелерін оқыту бағытындағы жұмыстар белгіленген жоспарға сай орындалуда. Жалпы, ауданда сайлауды заң талаптарына сәйкес өткізу үшін қажетті дайындық жұмыстары тиісті деңгейде ұйымдастырылған.

– Биылғы Құрылтай депутаттарының сайлауын өткен сайлау науқандарымен салыстырсақ, қандай ерекшеліктер бар? Биыл сайлаушылар нені ескергені жөн?

– Сайлауға жеті партияның қатысуы елдегі саяси бәсекелестіктің артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл азаматтардың мемлекеттің болашағына деген қызығушылығы мен саяси жауапкершілігінің қалыптасқанын аңғартады. Ал, пропорционалдық сайлау жүйесі партиялар арасындағы бәсекені күшейтіп, олардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан, Құрылтай депутаттарының сайлауы кезекті саяси науқан емес. Қазақстанның жаңғыру жолындағы жаңа белесі, жаңа саяси кезең.

Биыл 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысу үшін сайлаушылар өзінің тіркеу орнын, сайлаушылар тізіміндегі деректерін алдын ала тексеріп, жаңа заңнамалық өзгерістерді ескеруі қажет.

– Ауданда қазіргі таңда қанша сайлау учаскесі жұмыс істейді? Олардың материалдық-техникалық дайындығы қалай?

–Құрылтай депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізу кезеңіне аудан бойынша 1 аумақтық сайлау комиссиясы, 25 учаскелік сайлау комиссиясы тартылады. Оның ішінде: аумақтық сайлау комиссиясы құрамында – 7 мүше, учаскелік сайлау комиссиясы құрамында 153 тартылған. Барлығы 160 комиссия мүшелері жұмыс атқарады.

Ақтоғай ауданы бойынша 25 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Олардың құрамында 153 комиссия мүшесі қызмет атқарады.

Аудан көлеміндегі сайлау учаскелері Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы бекіткен нұсқаулыққа сәйкес дауыс беруге арналған үй-жайлар мен дауыс беру пунктері сайлау кезеңіне материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, комиссия мүшелерінің даярлығын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінуде. Арнайы оқу семинарлары мен түсіндіру жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес өткізілді. Сонымен қатар сайлау заңнамасындағы талаптар жан-жақты түсіндірілуде.

 – Сайлаушылар тізімін нақтылау жүргізілді ме? Азаматтар өздерінің қай учаскеде дауыс беретінін қалай біле алады?

–Сайлаушылардың тізімдерін тұрғылықты жері бойынша тиісті жергілікті атқарушы орган жасайды.

Сайлаушылар тізімдеріне дауыс беру күніне он сегiз жасқа толған, белсенді сайлау құқығына ие және тұрғылықты жері бойынша тиісті сайлау учаскелерінің аумағында тіркелген Қазақстан Республикасының азаматтары енгізіледі.

Уақытша тіркелген азаматтар сайлаушылар тізімдеріне жергілікті атқарушы органға берген олардың өтініші негізінде дауыс беру күніне дейін отыз күннен кешіктірмей немесе 2026 жылғы 23 шілдеге дейін енгізілген.
Әкімдік азаматты дауыс беретін сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізуді және оны тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды ұйымдастырады.

Азамат тек бір ғана сайлаушылар тізіміне енгізіле алады.
2026 жылғы 7 тамыздан бастап сайлаушыларға тиісті әкімдіктің интернет-ресурсы немесе байланыс орталығы арқылы нақты сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізімінде өзі туралы деректерді тексеру мүмкіндігі беріледі.
Сайлаушыларға қолайлы болуы үшін электрондық сервистер арқылы сайлау учаскесі туралы хабарландыру ұйымдастырылады.

– Сайлау күні заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қарастырылған?

Құрылтай сайлауы – азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына мүмкіндік беретін маңызды демократиялық үдеріс. Сайлау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес ұйымдастырылып, оның барлық кезеңі заң талаптарының сақталуы негізінде өткізіледі. Бұл сайлаудың ашықтығын, әділдігін және әрбір азаматтың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етеді.

Сайлау науқаны басталғаннан кейін азаматтарға дауыс беру күні, сайлау учаскесінің орналасқан жері және дауыс беру тәртібі туралы ресми ақпарат қолжетімді болады. Әрбір сайлаушы өзінің қай сайлау учаскесіне тіркелгенін алдын ала тексеріп, қажет болған жағдайда сайлаушылар тізіміндегі мәліметтерін нақтылай алады.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрбір азамат өз таңдауын еркін білдіруге және дауысын жасырын түрде беруге құқылы. Дауыс беру барысында ешкімнің сайлаушының таңдауына ықпал етуіне жол берілмейді. Сайлау комиссиялары заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етіп, дауыс беру рәсімінің белгіленген тәртіпке сай өтуіне жауап береді.

– Дегенмен, сайлау кезінде түрлі ақпарат тарауы мүмкін ғой?

–Иә, сайлау кезеңінде түрлі ақпарат таралатындықтан, азаматтардың мәліметті тек ресми дереккөздерден алғаны маңызды. Уәкілетті мемлекеттік органдар мен сайлау комиссиялары жариялаған ақпарат қана сенімді әрі ресми болып табылады. Бұл жалған ақпараттың таралуына жол бермей, қоғамның дұрыс ақпаратқа сүйене отырып шешім қабылдауына ықпал етеді.

Сайлауға қатысу – әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген құқығы әрі азаматтық жауапкершілігінің көрінісі. Сайлау рәсімдері туралы жан-жақты хабардар болу, заң талаптарын сақтау және ресми ақпаратқа сүйену сайлау науқанының ашық, әділ және ұйымдасқан түрде өтуіне негіз болады.

– Сайлаудағы байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының мәртебесі жайлы айтып өтсеңіз…

– ҚР Сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының мәртебесі учаскелік сайлау комиссиясында ол туралы деректерді есепке алу журналына енгізіліп, тіркелген сәттен басталады. Учаскедегі дауыстарды санау хаттамасын жоғары тұрған комиссияға беру аяқталғаннан кейін, сондай-ақ, ҚР заңнамасы бұзылған жағдайда байқаушы өз мәртебесін жоғалтады.

Байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары барлық талап етілетін құжаттар ұсынылған және сайлау комиссиялары тарапынан барлық рәсімдік шешімдер қабылданған кезде ғана тиісті құқықтар мен міндеттерге ие болады.

Сайлауды байқау үшін жеке тұлғаны жіберген заңды тұлғаның құжатына өкілеттігі ұйымның құрылтай құжаттарымен, ұйым басшысының өкілеттік беру туралы өкімдік құжаттарымен немесе ұйым атынан белгілі бір іс-әрекеттерді орындауға сенімхаттармен расталатын заңды тұлға қол қоюға тиіс.

Бұл құжат байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен расталады және байқаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Бұл ретте заңды тұлға беретін құжат жеке тұлғаға берілетін өкілеттіктердің шекараларын, осы тұлға туралы мәліметтерді (тегі, аты және әкесінің аты) нақты айқындауға, сондай-ақ өкілеттіктерді орындауға кедергі келтіретін шектеулердің жоқтығы туралы жазбаны қамтуға тиіс. Сайлау процесіне қатысу, сайлау учаскелерінде байқау және тұтастай алғанда азаматтардың саяси құқықтарын іске асыру саласындағы қызметті жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктер ұйым жарғысының көшірмесімен расталуға тиіс.

Осылайша, ҚР саяси партияларының, басқа да қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары Қазақстан Республикасының азаматтары болуы тиіс. «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» конституциялық заң ұлттық байқаушыларға дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі келтірмей, фото, аудио және бейнежазбалар жасау құқығын береді.

Байқаушы жүргізген фото, аудио және бейнежазбалар азаматтық, қылмыстық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін. 

– Елдің болашағына бейжай қарамайтын әрбір ақтоғайлық азаматқа айтатын үндеу немесе тілегіңіз бар ма?

Ақтоғай өңірінің тұрғындарын алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына белсенді қатысуға шақырамын. Құрылтай сайлауы – еліміздің дамуына ықпал ететін маңызды оқиға. Сондықтан әрбір азамат өзінің азаматтық жауапкершілігін танытып, сайлауда өз таңдауын жасаған абзал. Ортақ іске үлес қосу – әрқайсымыздың борышымыз.

– Жауаптарыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button