Құрылтай

Ел болашағы – саналы таңдауда

Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған саяси реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Сол өзгерістердің маңыздысы – заң шығарушы биліктің жаңа үлгісін қалыптастыру. Осы ретте биыл 23 тамызда ел азаматтары алғаш рет Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысады. Бұл сайлау жаңа конституциялық модель аясында өтетін алғашқы парламенттік науқан ретінде елдің саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі саналады.

Жаңа жүйенің басты ерекшелігінің бірі – депутаттардың бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдер арқылы сайлануы. Бұл саяси партиялардың жауапкершілігін арттырып, олардың бағдарламалары мен бастамаларына сайлаушылардың тікелей баға беруіне мүмкіндік береді.

Құрылтай атауының өзі тарихи мәнге ие. Түркі халықтарының тарихында құрылтай ел тағдыры талқыланатын, маңызды мемлекеттік мәселелер шешілетін кеңес болғаны белгілі. Бүгінде осы тарихи атаудың еліміздің жаңа парламенттік институтына берілуі ұлттық мемлекеттілік дәстүрі мен қазіргі мемлекеттік басқару қағидаттарының сабақтастығын білдіреді.

Жаңа саяси модель билік тармақтарының өзара тиімді жұмыс істеуіне негізделген. Оның мақсаты – мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыру, шешім қабылдау тиімділігін күшейту және қоғам сұранысына жедел жауап бере алатын басқару жүйесін қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда Құрылтай елдегі реформаларды іске асыратын маңызды институттардың біріне айналмақ.

Қазіргі таңда елімізде азаматтардың сайлау мәдениетін қалыптастыруға және олардың қоғамдық-саяси белсенділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Себебі, демократиялық қоғамда әрбір азаматтың дауысы мемлекет дамуының бағытын айқындауға ықпал етеді. Сайлауға қатысу – конституциялық құқық қана емес, елдің болашағына деген азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.

Құрылтайдың тиімді қызметі кәсіби әрі жауапты депутаттардың жұмысына, заңдардың сапасына және қоғаммен ашық диалог орната білуіне байланысты. Заң шығарушы орган қабылдайтын әрбір шешім халықтың тұрмыс сапасына, экономиканың дамуына және әлеуметтік тұрақтылыққа әсер етеді. Сондықтан қоғамның пікірін ескеріп, халықтың мүддесіне сай заңдар қабылдау – Құрылтай жұмысының негізгі қағидаттарының бірі болады.

23 тамызда өтетін сайлау – жаңа саяси институттың қалыптасуына жол ашатын маңызды кезең. Бұл науқан арқылы азаматтар заң шығарушы органның құрамын айқындап қана қоймай, елдің алдағы даму бағытына қатысты өз ұстанымдарын білдіреді.

Құрылтайдың құрылуы – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған реформалардың заңды жалғасы екенін атап өткен жөн. Сондықтан, алдағы сайлау тек жаңа депутаттарды таңдау ғана емес, елдің саяси дамуындағы кезекті маңызды белес ретінде бағалайды мамандар.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
“Ortalyq Qazaqstan”

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button