Ұстаздық ұлағат
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ортасынан бастап жоғары оқу орны саласында еңбек жолын бастаған Задан Тасқалиұлының алдынан мыңдаған шәкірт білім алып, маман ретінде қалыптасып шықты. Еліміздің шартарабында жүрген түлектер қалай екенін білмеймін, бүгінгі Қарағанды университетінің филология факультетінде ғылым мен ұстаздықта еңбек етіп жүрген, алдының жасы жетпістен асқан, шашына ақ кірген аға шәкіртінен бастап орта буынға дейін абзал ағаның есімін әрдайым құрметпен атайтыны анық. Өйткені олар – Зәкеңнің зергерлі шекпенінен шыққандар.

Задан Жұмағалиев бас болып іргетасын қалаған «Қазақ әдебиеті» кафедрасы өсіп-өне келіп, ордалы ғылым ұясына айналды. Кез келген жоғары оқу орнынан иығы озық ғылыми ортасы бар ұжым десек, артық айтқандық болмас. Толғауы тоқсан тағдырдың бұйрығы да шығар, алайда, осынау аласапыран өмірде оларды қызығынан қызғанышы, мейірімінен қаталдығы басым ғылым атты қиын салаға тәрбиелеп, бәйгеге қосқан Зәкең еді. Олар түгілі қазақ тілінің екі бірдей кафедрасындағы Зәкеңнен дәріс тыңдау құрметіне ие бола алған әріптестеріміз де абзал ағаның осы мерейтойы алдында «үлгілі ұстаз, жақсы аға, қамқор адам ретінде менің өмірімде қандай із қалдырды» деген қимастық ойда жүргеніне сенім кәміл. Өйткені олардың барлығы – Зәкеңнің зерлі шекпенінің жылуын сезініп барып, ғылым атты кең дарияға сапарға шыққандар.
«Мен қазақпын» деп кеуде қаққанмен, өз ұлты алдындағы перезенттік парызын әркім әрқилы сипатта түсінетіні бар. Біреу кеуде қағып айғай-шумен, «мені көрдің бемен» шықса, ал, енді басқалары үндемей ғана іс тындырып, мадақ-мақтау күтпей-ақ жүреді. Біз Зәкеңді осы соңғы топтағы адамдар қатарына жатқызар едік. Кешегі тоталитаризм заманындағы қазақ тілінің абырой-беделі төмендеген кезде, ұлы державалық шовинизм ықпалына түскен ұлттық нигилистер мен мәңгүрттермен айқасып, арпалысып жүріп, 1966 жылы «Қазақ әдебиеті» кафедрасын ашып, оны меңгеруші болып жиырма жыл бойы басқару оңай шаруа болмаса керек. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығында оқитын бар-жоғы 25-ақ студентке тіл мен әдебиеттен бір кафедра жетпей ме?» деген сыңаржақ пікір үстемдік алып, ашық айтылмай да қалған жоқ емес еді. Ал, «орыс тілі-әдебиеті» мамандығына бақандай 75 студент қабылданатын. Бақандай үш кафедра жұмыс жасайтын.
Задан ағамыз табиғи болмысында ұстаздық пен ғалымдық қасиет қатар ұштасқан тұлға. Ұстаздық деген шәкіртке деген жүрек жылуы деп жатамыз. Ұстаз ретінде өз дәрістерінде мейлінше қатал болды, қатты талап қойды. Басты ұстанымы – қайткен күнде де студенттерге көркем шығарманы оқыту, ғылыми теориялық тұрғыда талдай білуге бейімдеу мен әдістемелік дағдыда түсіндіре білуді меңгерту.
Кеңестік дәуірінде шығармаларын оқымақ түгіл, атын айтудың өзі қауіпті саналатын Алаш арыстарының есімдері мен көркем туындылары туралы танымдық деректі де біз алғаш рет тек Зәкеңнің аузынан естігенбіз. Зәкеңді құдай сақтады, «ұлтшылдықтың» қамытын киіп шыға келуі оп-оңай еді. МХК-нің «үндемес» тыңшылары студенттік топтардың ортасында да болды. Оған дәлел – өз дәрісінде Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылмағаны, оны адам айтқысыз қанжоса қырғынмен жаулап алғанын нақты деректермен дәлелдеген тарихшы ғылым кандидатының тағдыры. Ең өкініштісі – қазір оны ұлы державалық шовинистік қысымға қарсы өз әлінше көзсіз ерлік жасады деп бағалап жүрген ешкімнің де болмауы.
Ал, біз Зәкеңнің дәрісінде М.Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясы жабық бәйгеден бірінші орын алу себебі «ұлтшыл-алашордашыл» Ж.Аймауытов деген «біреудің» өзінің 1-орын алған «Шернияз» драмасына тиселі бірінші орын мен оған берілетін ақшалай сыйлықты Ленинградта аспирантурада оқудағы М.Әуезовке қиғанын естіп таңдай қаққамыз.
Қажым Жұмалиевтың 1938 жылғы шыққан «Әдебиет теориясы» еңбегінен бұрын «алашордашыл-ұлтшылдар» көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов «дегеннің» «Әдебиет танытқыш» атты іргелі зерттеуі болғанын да алғаш Зәкеңнің дәрісінде таныс болдық. Сөйтсек, «санасы барлары болса ұға берсін, ең болмағанда өз халқының даналарының есімдері құлақтарында қалсын» деген мақсатта айтады екен ғой. Адам баласының тыйым салынған нәрсеге құмартып тұратын қасиеті бар ғой. Біз, жігіттер жағы, Зәкеңнің көңілді шағын аңдып және тағы бір аяулы ұстазымыз Мұрат Смағұлов екеуін айналдырамыз. Пионер, комсомол болып тәрбиеленген біздер ғылыми зерттеу еңбектерде кеңестік идеология салдарынан «ұлтшыл» атанып, қара күйе жағылғандар туралы барынша көбірек білгіміз келетіні рас еді. Себебі, біразымыздың әкелеріміз Ұлт ұстазы Ахаңның әліп-биінен сауат ашқандар болғандықтан, бала кезімізде солардың айтқандары мен Зәкеңнің мағынасы терең сөздерін өзімізге белгісіз бір түйсікпен ұғынуға талаптанушы едік. Ендеше, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «С.Мұқанов өзінің 1932 жылғы «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті (Ұлтшылдық – байшылдық дәуірі)» атты еңбегін субъективизмге сүйене отырып әдейі жазды. Ондағысы «ұлтшылдықты» әшкерелеген бола отырып, оларды тарихта қалдыруды мақсат тұтты» деген пікірін еріксіз мойындауға тура келеді.
«Ол кезде», – деп еске алады. Зәкең, – тоталитаризм зардабынан әдебиет кеңестік идеологияның үгіт-насихат құралына айналған шағы еді ғой. Бірақ гуманистік идеялар жырланбайтын көркем шығарма болмайды. Маған жекелеген және атағы шығып жүрген жазушылар шығармаларын зерттеуге ұсынғандар да болды, ақыл-кеңес бергендер де болды. Бірақ, көзқарасымнан таймадым. Себебі, жеке ақын-жазушы шығармашылығынан докторлық қорғау ғылым үшін де қажет болғанымен жеке бас үшін де бүкіл ұлттық әдебиеттанудың келелі деп саналатын күрделі мәселелері тұрғанда өзімді әдейі қиынға салдым». Расында да, Зәкеңнің «Өршіл гуманизм өнегесі» аталатын 1977 жылы жарық көрген монографиясы ғылыми ортада резонанс тудырды демесек те, таптаурын болған тақырыптардан қара үзін шыққаны шындық. Қазіргі ғылыми зерттеушілік ой-пікір бұл тақырыптағы бағытта соны ізденістер жасауға талпыныс жасап жатқан болса, сол жолдың басында Зәкеңнің ғылыми зерттеулері мен мақалалары тұрғаны анық.
Танымал ғалым Зәкеңнің қолынан шыққан «Өршіл гуманизм өнегесі» (1977), «Дауылды жылдар шежіресі» (1987), «Уақыт және әдебиет» (1999), «Замана сазы» (2001), «Жылдар ойлар» (2004), «Бел-белесте» (2005), атты монографиялар мен «Шындық және көркем әдебиет» (1993), «Кезең және әдебиет» (2004) және т.б. оқулықтары табан ақы, маңдай терімен келген елеулі еңбектер деп білеміз. Мысалға 1999 жылы жарық көрген «Уақыт және әдебиет» атты зерттеу еңбегін алсақ та жеткілікті. Тоталитарлық-әміршілдік жүйе кезінде ғылыми-зерттеу жұмыстарында басты бағытқа ұсынған маркстік-лениндік әдіснаманың әдебиеттің таптығы мен партиялығы аталатын қасаң қағидалары салдарынан бұрмалана түсіндіріліп келген қате көзқарастар түзетіліп, қазіргі кездегі талапқа сай жаңаша талданған. Еңбектегі 1994 жылы жазылған «Ұлылық ұлағаты» аталатын М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы туралы мақаладан бір ғана үзінді алалық: «Саясат құрбандығына бірінші салынған – Құнанбай қажы. Ол – ата-бабасынан уызы арылмаған әйгілі алпауыт, ел басқарған әкім. Сондықтан, оны қалай сілкісең де, арқасына қандай құрым жапсаң да сауап. Тек қисынын тап. Аюдай ақырған заман талабы, міне, осы. Қазіргі ұрпаққа ақынның әкесі тек «Абай жолы» бойынша ғана таныс. Оны жауыздықтың, қаталдықтың, мансапқорлықтың – барлық жамандық атаулының баламасы деп біледі. Ал, шын тарихтағы Құнанбай одан өзгешелеу болыпты. Обалы не керек, маркстік-лениндік ілім Құнанбайды қорғап бас қатырған жоқ. «Неге олай болып шыққан» деушілерге ол табиғи Құнанбай емес, әдеби кейіпкер деген уәж айттық. Саясаттың отына күйген жалғыз Құнанбай ма?» – деген секілді тың ойлар әуезовтану іліміндегі зерттеушілік ой-пікірде тәуелсіздік алған кезде алғашқылардың бірі болып айтылуымен құнды. Бұл секілді кесек-кесек соны тұжырымдарды еңбектегі «Тар жол – тайғақ кешу», «Ботакөз», «Қан мен тер», «Ақ жайық», «Тоқаш Бокин», «Қыран қазасы қияда» сияқты тарихи тақырыптағы шығармалар туралы жазылған мақалалардан көптеп кездестіруге болады. Тарихи тұлға және көркем бейне проблемасы мен жазушының шығармашылық лабораториясын терең түсінуге ұмтылған филолог маман да, студент шәкірт те ғылыми мәні мол жаңа деректер мен тың талдау, сапалы саралаулар таба алар еді.
Көркем шығармалардың тағдыр-талайы туралы жаңаша ізденістер Зәкеңді ұлттық әдебиет тарихындағы ақтаңдақтар тақырыбына жетеледі. Қазақ халқының зиялы қауымына қарсы жүргізілген қатал саясат пен шовенистік көзқарастың, нигилизмнің құрбаны болған Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытовтардың өмірі мен шығармашылығы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Хамза Есенжанов және т.б. туралы бұрын ашық айтыла бермеген пайымдауларды ғалымның 2001 жылы шыққан «Замана сазы» атты ғылыми зерттеулер жинағынан кездестірер едік.
Нақты айтқанда, Задан Жұмағалидың сын-зерттеулері мен оқулықтары ұлттық әдебиеттану ғылымына қосылған сүбелі еңбектер десек, артық айтқандық емес.
Жандос СМАҒҰЛ,
шәкірті, филология ғылымдарының докторы,
профессор



