Жаңалықтар

Ғылымның қия шыңында

Солтүстік Қазақстан облысы Преснов ауданы Октябрь селосында дүниеге келген Зейнолла Молдахметұлы студент кезінен үлкен ғылым жолына шығуды армандап, 1959 жылы Мәскеудің Ломоносов атындағы Нәзік химиялық технологиялар институтының аспирантурасына түседі. Өз мақсаты жолындағы адам үшін білім саласында терең дәстүрге бай ғылыми мектепке кіруі өте маңызды. Бұл институттың алғашқы директоры черенковск сәулеленуін тұңғыш ашушыларының бірі академик С.Вавилов болғандығын айту жеткілікті шығар.

Жас зерттеуші Зейнолла үшін диссертациялық жұмыстың басым бөлігін құрайтын дәл осы комбинациялық шашырау саласында ғылыми жұмыстар жүргізуіне тура келді. Зерттеу саласында кездесетін іргелі мәселелерді шешуде алдына қойған міндеті өте күрделі болды. Аспирантурада оқыған 1959-1962 жылдары Зейнолла Молдахметұлы өте дәл нәзік өлшемдер мен екінші реттік сызықтар спектрлерін талдаудың негізінде көп атомдық молекулалардың ангармониялық тербелістерінің тәжірибелік және теориялық проблемаларын шешумен шұғылданды.

Аспирантурадағы жылдар Мәскеуде өтіп жатқан жағдайларға байланысты өте қызықты болды. Бұл – ҒАФИ-да С.П.Мандельштамның төрағалық етуімен өткен жалпы мәскеулік ғылыми семинарлар, ҒАФИ-ға Нильс Бордың келуі және КСРО ҒА-ның аспиранттарымен бірге апатқа ұшыраған Д.Ландаудың қасында кезекшілікте болуы сияқты оқиғалар еді.

Өз зерттеулерінің нәтижесі бойынша 1963 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын сәтті корғап шықты. Одан соң С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физикалық химия кафедрасының оқытушысы, Целиноград педагогикалық институтының проректоры болып қызмет атқарып, халық шаруашылығына жас мамандар даярлау ісіне салмақты үлес қосты.

1965-1974 жылдары Қазақ КСР ҒА Химия-металлургия институтының аға ғылыми қызметкері, спектроскопия зертханасының меңгерушісі болып ғылыми ізденістерін жалғастырды. Қызметінің бұл кезеңіндегі ғылыми жұмыстардың көпшілігі этилен тотығы мен оның туындыларын зерттеуге арналған. Көп жылдық зерттеулердің нәтижелері бойынша әріптестерімен бірлесіп «Этилен тотығы туындыларының құрылымдары» атты іргелі монография жазды, бұл еңбек кейін (1972 ж.) оның химия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ізденушілік диссертациясының негізіне алынды.

1974-1975 жылдары Зейнолла Молдахметұлы Қазақ КСР Жоғары және орта кәсіби білім министрлігінің жолдамасымен келіп, Қарағанды мемлекеттік университетінде ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметін атқарды. Сол жылы оған «Физикалық химия» мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді. 1975 жылы нәтижелі ғылыми – педагогикалық тәжірибесі ескеріле келіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұсынысы бойынша Қазақ химия-технология институтына ректор етіп (ҚазХТИ) Шымкент қаласына жіберілді.

Осы институттың ректоры қызметін атқара жүріп, Зекең бар ықыласымен еңбек етті. Ол үнемі оқу орнының қалыптасу мәселелерімен айналысты және оның даму келешегі бағытында жұмыс істеді, педагогикалық ұжымның барлық күш-жігерін бағыттай отырып, халық шаруашылығы үшін қажетті біліктілігі жоғары мамандарды дайындауға атсалысты.

1979 жылдың күзінде Шымкент қаласына қарасты Машат шатқалында кванттық химия саласындағы Қазақстандағы тұңғыш конференция ұйымдастырылды. Конференцияға қатысушылардың ішінде кванттық химияның көрнекті қайраткерлері болды.

1983 жылы осындай конференция Зейнолла Молдахметұлының жетекшілігімен Қарағанды қаласында да өтті. Дәл осы жылы Орталық Қазақстандағы индустрия алыбы Қарағандыдағы Республиканың екінші университетіне ректор тағайындау туралы мәселе туындағанда, халық шаруашылығының көптеген салалары үшін жоғары білікті кадрлар даярлаудың тәжірибелі маманы ретінде таңдау тағы да Зекеңе түсті.
Бұл университетті басқарған 1980-1988 жылдары Зейнолла Молдахметұлы өзіне үлкен жауапкершіліктің жүктелгенін білді. Оның себебі, осы университеттің негізін қалаушы, Қазақ КСР ҒА академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ебіней Бөкетовтің ісін лайықты жалғастыру қажет болатын.

Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры болып қызмет атқарған жылдары Зекең аталмыш оқу орнының материалдық — техникалық базасын айтарлықтай нығайтты.

1988 жылы өзінің басшылығымен физикалық-химиялық зерттеу әдістері зертханасын құрды. Ол физикалық химия кафедрасын басқара отырып, ҚарМУ-дің физика және химия факультеттерінде ауқымды ғылыми-педагогикалық жұмыс­тар жүргізді, атап айтқанда, «Органикалық молекулалар фотохимиясы», «Физикалық химияның таңдамалы тараулары» деген арнайы пәндерден дәріс оқыды. Ғалым-әдістемелік әзірленімдерге үлкен көңіл бөлді. Ол «Заттардың құрылысы», «Зерттеудің физикалық әдістері» деген жалпы курстар бойынша бірқатар әдістемелік құралдар бастырып шығарды.

1988 жылы З.Молдахметұлы Қазақ КСР ҒА Орталық Қазақстан бөлімшесінің академик-хатшысы болып сайланды. Оның алдында осы өңірдің ғылыми-зерттеу мекемелері мен жоғары оқу орындарының қызметін жандандыру, олардың күшін халық шаруашылығының проблемаларын шешуге шоғырландыру бойынша қиын да күрделі ғылыми-ұйымдастырушылық міндеті тұрған еді.

Қарағанды қаласында 1983 жылдың 1 қазанынан әлі күнге дейін ҚазКСР ҒА Химия – металлургиялық институтының органикалық химия бөлімінің негізінде ашылған Органикалық синтез және көмір химиясы институтының (ОСКХИ) ­директоры.

Институт құру өңірдегі органикалық химия және көмір химиясы саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді тереңдете жүргізумен және кеңейтуге байланысты болды. Сөйтіп, ҚазКСР Ғылым Академиясының тұңғыш Президенті академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың көптен күткен арманы орындалып, Қарағанды қаласында Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық ғылым академиясының нәтижелі жұмыс жасайтын ірі ғылыми-зерттеу академиялық бөлімшесі құрылды. Тек бұл бөлімшенің ғұмыры ұзақ болмай, кейіннен жабылып қалғаны ғана өкінішті-ақ.

1998 жылы академик З.Молдахметұлының бастамасымен Қарағанды қаласында Ресей-Қазақстан Қазіргі заманғы Гуманитарлық университеті құрылды, кейін оның атауы Қазақстан-Ресей университеті болып өзгертілді.

З.Молдахметұлы 460-тан астам ғылыми, ғылыми-педагогикалық және әдістемелік еңбек жазды, олар республикалық, одақтық және шетелдік баспалардан шығарылды. Оның монографиялары, сан алуан ғылыми мақалалары, сондай-ақ, басылмаған еңбектері ғалымның ғылыми мүдделерінің кеңдігі мен дарынының тереңдігінің куәсі болып саналады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, химия ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақстан Республикасының Инженерлік Академиясының Құрметті академигі, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, академик Е.Бөкетов атындағы сыйлықтың лауреаты Зейнолла Молдахметұлы Молдахметов – ғылыми-техникалық прогреске елеулі үлес қосқан физикалық химия саласындағы ірі зерттеуші, белгілі ғалым. Ол өзінің ауқымды ой-өрісімен, істің мәнін көре білетіндігімен, алдына қойған мақсатына жетудегі табандылығымен ерекшеленеді.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстанның
Мәдениет қайраткері,

ҚР Ақпарат саласының үздігі

Басқа материалдар

Back to top button