Шерменде уақыттың шертолғауы
Белгілі ұстаз, Отан соғысына қатысушы, ақын Кәріғұл Нұғыманұлының туғанына 10 сәуірде 100 жыл толады. Қарағанды облысы, Шет ауданы Ақбауыр ауылы, «Қынаш» жайлауында туған. 2017 жылы, 92 жасына қараған шағында Нұраталды ауылында дүниеден озды. Көпшілік аты – жөнін атамай, «Кәкең» деп ардақтады.

Нұғымановтар әулеті – республика бойынша, педагогикалық өтілі ұзақ әулеттердің бірі, Нұғыман әулетінің негізін қалаушы, бірнеше жүздеген жылдарды қамтиды. 1941 жылы соғыс жағдайында, ер мұғалімдердің әскерге аттануына байланысты он бес жастағы Кәкең мұғалімдерді дайындайтын қысқа мерзімді курсқа жіберілді. Жіберілгендердің ішінде болашақ академик Яқия Әубәкіров, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері Исақ Ахмедин, айтулы ұстаз Жұпар Түсіпов (кейіннен Отан соғысына қатысты) болды. Кәкең бірнеше мектептерде еңбек етті, бастауыш сыныптарға сабақ берді, жоғары оқуды бітірген соң физика-математика пәндерінен дәріс оқыды. Ақбауыр сегіз жылдық және Нұраталды орта мектептерінің директоры болып, қызмет атқарды. Соғыстың соңғы сәттерінде, арнайы дайындықтан өтіп, майдан шебінде болды. Әскерден оралған соң ұстаздық жолды жалғастырды, саналы ғұмырын білім беру ісіне арнады, еңбегі бағаланып, марапатталды. Кәріғұл Нұғыманұлы – артына мол рухани дүние қалдырған тұлға. Рубаят тәсілінде жазылған өлеңдері, әр тақырыпты қамтитын бірнеше поэмалары, әңгімелері бар.
«Тағылымнама» атауымен бірнеше сериялы кітабы шықты. «Тірілерге аманат», «Себептер мен салдарлар тынысы» атты еңбектері жарық көрді. Шығарылмай жатқандары да бар. Кәкең – жанжақты талант иесі, ауылдың Леонардо да Винчиі: сурет салды, мүсін жасады, үй тұрғызды, инженерлік ойын – жел энергиясын пайдаланып, жүзеге асырды. Кәкеңнің санқырлы қызметі, шығармашылығы, жалпы өмірі жайлы «Орталық Қазақстан» газетінде (05.12.2017ж.) біршама жазылғандықтан бәріне тоқталудың қажеті шамалы. Педагогикалық және шығармашылық қызметтеріне қатысты құжаттары облыстық мұражайға тапсырылды. Ұстаз-ақынның, соғыс ардагерінің ғасырлық мерейтойы атаусыз қалмайды деп бек сенеміз. Менің бүгінгі танымдық зерттеу нысанам – ақынның «Ер ана» поэмасы. Поэма – бір шаңырақтың тағдыры жайлы. Соғыс күйреткен отбасы, жабырқаған ауылды баян етеді.
«Ер ана» поэмасы – шерлі ғасырдың азалы үні
ХХ ғасырдың 20 жылдары. Қазақ ауылы тар кезеңге, екі бүйірінен қысқан тар заманға тап болады. Бір жағынан, елді ғасыр індеті – «оба», «шешек» аурулары жайлады, екінші жағынан, аласапыран. «Ақ» пен «қызылдарға» бөлініп, бір-бірімен жауласқан кезең келді. Өмір өзегін қансыратса да, ілби басып, алға жүрген болады. Ауа райының қаһарлы ызғарына, шыжыған ыстығына қарамастан, қына өсімдігі тасты жарып шығады емес пе?! Өмірдің аяусыз қыспағын елеместен, адам баласы, бір сәттік болса да, көрер қызығын шегермейді де, одан бас тартпайды емес пе?! Жал-жал болып жатқан таулар тізбегі бірінің баурайында ақ жаулықты, арлы Сәкен ана ел қатарлы тұрып жатты. Дүниеге үш ұл, үш қыз әкелді. Адамзат алдында, әулет алдында аналық парызын орындады. Ендігі мұраты – перзенттерінің өсіп-өніп, азамат болуын көру, адам ретінде жетілулеріне куә болу. Өкінішке қарай, өмір қызығына толық қанығу жас шаңыраққа бұйырмады. Не қаруы жоқ, не тілі жоқ мылқау да зәрлі дерт келіп жетті, алқымынан алды.
Ақын бұл сұмдықты:
«Ем жоқ онда жұқпалы ауруға,
Дерт өктем, ел қанатын қайыруға.
Қызығы, гүлі солып қаусаған жұрт,
Салады дауыс айтып: «ой, бауырымға».
Үрейлі елге тағы «шешек» келді,
Себелеп қайғы, шер, мұң бүкті елді.
Айырып отызында жан-жарынан,
Томпайтты төрт баласы қара жерді», – деп суреттейді. Адам ауруының «қарасаны» ешкімді аямады, жасына да, кәрісіне де қарамады. Сәкен ананың төрт баласы мен жарын қара жер қойнына алды. Ауыл қайғы орамалын жамылды, соғыссыз бауырымдатты. Солған гүлдер, өшкен үндер, тағдырдың салғанына еріксіз көнгендер… Кәріғұл ақын қаламымен қаралы сурет салды.
«Кеткендей көздің нұрын үсік шалып,
Қаншама шешек жармай солды гүлдер.
Айналып қара тасқа сандуғаштар,
Қаншама жаңғырықпай өшті үндер…».
Ананың қайғы кешкеніне он бес жыл болды. Тағдырдың сынағына көнбеген қазақ бар ма, барына шүкіршілік қылып, «Артының қайырын берсін!» тілегін айтпаған пенде табыла ма? Сәкен ана тәубеге келді. Бар мақсаты – екі балапанын жеткізу. Ауыр дерттен аман қалған екі ұлдың есімдері: Мұхамедия (Мұқан), Ғалымкеш (Ғалым). Көпшілік көңілін жұбатты, көмек қолдарын созды. Арлы ана, жігерлі ана тіршілік қамына батылдана зор үмітпен кірісті. Әркімнің өз шаруасы бар, әркімнің өз мұң-қайғысы бар. Әмеңгері сөз салды, бірақ, тілегін қабылдамады. Бар жүкті ана өзіне алды. Қаламгер бұл жәйтті былай баян етеді.
«Қос ұлды жеткізем деп арманына,
Білекті түріп тастап, етті еңбек.
Жер жыртты, шөп жинады, егін орды,
Тер төкті молайтуға ортақ қорды».
«Тірі адам тіршілігін жасайды» деген осы. Адам баласы қуанышқа тойған ба, қайғыдан өлген бе? Жоқтың қасы жесір ана, зарлы ана Сәкен өмір атты шырақтың нұр шашқан бір сәулесінен ұстанды.
Көңілдің қара бұлты сейілді, анаға қос ұлдың өмірге деген құлшынысы көңілге медет әкелді. Ержеткеннің белгісі – үлкен ұлы Мұқан Хадиша есімді қызға үйленді. Қолы ісмер, жас келін үйдің ішін құлпыртты: сырмақ сырды, кілем тоқыды.
Бір кезде қайғы кезекке тұрғандай, үй ішіндегілерді жайратса, енді кезек қуанышты сәттерге келді. Жарық дүниеге жарқырап, немере келді.
«Қызығына майсайрап, түзеп бойды,
Немереге жасады үлкен тойды.
Ат орнына тайтөлеу болғаннан соң,
«Төлеубек» деп, баланың атын қойды…»
Өмір өтіп жатты, Мұқанға әскери борышын өтейтін мезгіл жетті, аттанды. Әскерден анасына хат жазып, үш жылдың тез өте шығатындығын айтып, алаңдамауын сұрады.
Әже мен ананың ермегі: Төлеубек, тілі шықты, тұсауын кесті. Әр сөзін, былдырын, қимылын қызықтаудан жалықпайды.
Інісі Ғалым да жетілді, оңын-солын таныды, Гүлнар есімді аруға үйленбекші болады. Ғалымның және ол секілді жастардың армандары кейінге сырылды. Суық хабар сумаңдап, әлемді шарлады, ауылды да айналып өтпеді. Қайғы-қасірет әкелген шерлі соғыс басталды. Жүкен шаңырағын (Мұхамедия мен Ғалымкештің әкесі) індет бір шайқалтса, сұм соғыс үйдің іргесін сөгіп, құлату қаупін туғызды.
Мұхамедиядан «шекарада тұрмыз, Отанның шығыстағы сақшысымыз» деген хат келді. Енді әскери борышын өтеуге Ғалым аттанды. Гүлнар қалыңдығымен, әзірше, қоштасуға тура келді. Алда қос ананы әрі қос ағайындыны не күтіп тұр, белгісіз… Ғалым үш айдай дайындықтан өткен соң соғысқа аттанды. Екі бауыр бір-бірінен хат алмасып тұрады, ауылына хат жазады. Қос ананың халі, әрине, шаңыраққа ие болып қалған жап-жас Төлеубектің халі сұралады. Қос ананың тілегі, жаратушыдан сұрайтыны – балаларының елге аман-есен оралуы.
«Бал ашты, құмалақ салды, ырым етті,
Ырымы көп ананың қырын кетті.
Майданнан қырық екінші жылдан бастап,
Келуін «қара қағаз» жиілетті.
Мән-жайды онда үлкенге шештіретін,
Ат қойып, «бауырымдатып» естіртетін.
«Қағазды» кейде келген тығып тастап,
Тілдерін тіс жармауға кестіретін…»
Хадиша ана шарқ ұрды, бес шақырым жердегі жайлау қыстақтан пошта орналасқан ауылға жаяу барып, әскердегілерден хат ала алмай жүрді, налыды, бір сұмдықтың боларын сезді. Аждаһа-соғыс, сұм жылан – соғыс кімді аясын. Әр шаңырақтың иесі «қара қағаздан» шошыды, тығылатын жер іздеді. Жел де, шөп те бірдеңені сыбырлайтын секілді.
Ақын сол үрейлі сәтті нақ басып бейнелейді:
«Жел тұрды, шөптің басы қыбыр етті,
Почташы басқармаға сыбыр етті.
Көріпкелі бардай-ақ топшылаған,
Ана жүрек неткен бір құдіретті.
Ұлынан «қара қағаз» кепті деген,
Сыбыр лез ауылды орап жетті…»
Қайғыны да шайдай бөліп ішетін ауыл емес пе, үлкендер қасіретті шаңыраққа «бауырымдап» лап қойды. Кешегі ойын-сауық артта қалды, өтті де кетті. Орнына «боздағым», «бауырым», «балапаным», «ботам» жоқтаулары, көз жастың тамшылары басты.
Ақын жүрегі ауылдастарымен бірге зарланады.
«Жақсы, жампоз әскерге кетіп жатыр,
Ел қорғауға қызмет етіп жатыр.
Бірі келсе соғыстан жараланып,
Бірі шәйіт, бұл жалғаннан өтіп жатыр.
Дұшпанға сес оғын кім оқтамады,
Шәйіт кеткен боздағын кім жоқтамады.
Сан адам сабыр ет деп, өтілгенмен,
Төгуден ана зары тоқтамады…»
«Қоламталы мұң», «шәйіт кеткен боздақ», «ана зары» қазақтың момын ауылы, сар даласы, ақ жаулықты ананың еститін сөзі ме еді?
Жалғыз жұбату сөзі – «Отан үшін жанын қиды, қайғының қосынан сақтасын!» Ғалым – миллиондаған құрбандардың бірі, шаңырақтың ендігі тіреу ағашы – Төлеубек. Қос әке өнерінің сарқыны жұққан, өнерлі, анасының көмегімен әскерге хат жазады. Бәрібір, ана жүрегі – күйікті, көңілі – күпті. Тек төзім, сабыр қуаты керек.
Өмір өтіп жатыр:
«Қайғыға душар еткен жыл да бітті,
Енді ана үлкен ұлдан хабар күтті…»
«Бір айналдырғанды – шыр айналдырадының» кері келді, шаңырақтың жас тіреуіне жай түсті. Суық тиіп, ауырған Төлеубек жасалған емге және күтімге қарамастан, күннен-күнге әлсіреп көзін жұмды. Қос ана тағы да зарлап қалды. Ендігіде ене мен келін зарының түпкірінде тағы бір тағдыры белгісіз қаратас жатыр, ол – соғыс алаңындағы Мұқанның жазмышы.
Қу өмір азаптайды: «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деп, тағы да азаптап, белгісіз, бұралаң сүрлеуге салып жібереді. Маңдайларына сабырлық мөрі басылған қос ана, жылай-жылай, бірін-бірі сүйемелдеп, тіршілік қамытын бірге киіп, бірге сүйрейді. Үміттері әлі сөнген жоқ.
«Бірі от жақса, бірі малды жайғап,
Сиыр сауса, біреуі бие байлап,
Ерте тұрып, кеш жатып, іс тындырып,
Келін жүрер енесін апатайлап…», деп ақын, қос ананың алдағы өмірден жақсылықты сағына күткенін суреттейді. Соғыс аяқталған жоқ, бітуін жұрт тағатсыздана күтуде. Мұқанға хат жазады, бірақ, Төлеубектің өлгенін жасырады. Әскерден хат келу азайды. Ана тағы да жайлау – қыстақтан алыс бірнеше шақырым жердегі ауылға барады.
Пошташы: «алаңдамаңыз, сүйіншілеп, хатты өзім апарып беремін» деп, үміттендіріп қояды. Көздің жасын төгіп жүріп, көптің күткен жағымды хабардың жетуінің сәті де келді. Ауыл азаматы Әшім ат үстінде, «Жеңіс!» сөзін сүйіншілеп шауып келеді. «Сүйінші! Соғыс бітті!» десті.
Ауыл бір қуанады, бір мұңданады. Қуаныштың көз жасы мен алабұрт ойдың қара тасы айтысады, салғыласады.
Кәкең жырлағандай:
«Көл-көсір қуанса да жылайды адам,
Қызыққа көңіл-күйін бұрайды адам.
Азды-көпті болса да, бар өмірін,
«Үш ақ үй, үш қара үйден» құрайды адам.
Соғыстан жауынгерлер орала бастады. Қолдан, аяқтан айырылғандар, жараланғандар, кеудесіне оқ қадалғандар. Жаны да, тәні де мүгедектенгендер. Қос ана Сәкен мен Хадиша да алаңдаулы, екеуінен де маза кетті. Мұхамедияның әскерде жүргеніне алты жыл өтті, хат жоқ. Тағы да сынақ… Аспаннан жай түскендей, хабар келді «қара қағаздан» ауыр жәйт – «Жапониямен соғыс басталды» деген.
«Яғни соғыс жалғасады» деген сөз. «Ішкені – ірің, жегені – желім» күндері туды аналардың басына.
«Қара қағаздардың» келуі жиілетті. Көрші ауылдарда да жылау-сықтау. «Қара қағаз» үйреншікті үйінің есігін соңғы рет қақты.
«Жылаудан жасы кеппей жатып,
Шымбайға тағы бір жайт кетті батып.
Бастыққа пошташы қыз Мұқаннан да
Келді деп, «Қара қағаз» тұр тіл қатып.
Бастықтың бұл хабарға есі шықты,
Қағазды қалтасына мықтап тықты.
«Аузыңды жап» дегенде пошташыға,
Ананың қиын-қыстау халін ұқты…»
Орны толмас қайғының тілдей қағазда тығылып жатқанын білетіндер іштей тынды. Кім естіртеді батылы жетіп, кім шыдайды естігенде ана даусын, кімнің қаралы, жаралы хабар жеткізуші атанғысы келеді. Бәрі тығырыққа тірелді, ауыр болса да, шындықты айту қажеттілігі туды.
Болмас, деп басқарма айтты ендігіміз,
Ұнамас мұндай іске кеңдігіміз.
Біреуден аяқ асты естіп қалса,
Жараспай, жадау тартар елдігіміз.
Жүретін көңіл қосып жақындасып,
Қарттармен ауылдағы ақылдасып,
Көп пішіп, көп ойланып үш күннен соң,
Жөн көрді естіртуді мақұлдасып».
Бүкіл ауыл аңырады. Қаралы хабаршы «қарақағаздың» мәтіні зарлы өлеңге айналып, қайғылы сазы жазылып, қазақ ауылы хормен қосылып, азалы әнді салып тұрды. Қос ананың қайғысын бөлісіп, ауыл марқұмның қонақасын, жетісін берді. Ел езілді, қырқы берілді. Ауылының ағынан жарыла айтқан жұбатуынан Сәкен ана қамыққанын басқандай болды,бірақ шаңыраққа келін болып түскеніне сегіз жыл өткен Хадишаның тағдырын ойлады.
Сәкен ана шерленді шешімге келді.
Хадиша да текті еді, шешім етеді:
«Қалайша табалдырықты аттап кетем,
От орнын алғаш жаққан таптап кетем,
Қызындай еркелеткен анашымды,
Жылатып, жалғыз қалай тастап кетем,» деп бозторғайша шырылдайды. Ерінің жылы өтті, Хадишаға әркім сөз салып жатты, әмеңгер қайнын да ойлап қояды. Келін енесіне: «кемтар болса да, бала асырап алыңыз, жаныңызға серік болады» деген сипатта ойын айтады.
Сәкен ана қайғы суын іше отырып, зарланса да, парасатына жеңдіріп, келініне төркініне кетуіне рұқсат береді, еншісін айтады.
Шерменді де түскен жеріне пейілді келін ананың батасын арқалап кеткісі келетінін білдіреді. Қос ана бірін-бірі іштей ұқты, көріседі:
«Батасын берді ана, аңырады,
Таптым деп не пиғылдан, шағынады.
Екеуі жоқтау айтып зарлағанда,
Езіліп ел жүрегі ауырады…»
Ананың, ауылдың ақ батасын алған Хадиша жолға шықты, мәні, мағынасы белгісіз ғұмырсапары басталды; қоштасудың қиын да қимас сәті туды.
«Қадірлеп, сүйіктісін ауыл халқы,
Шығарып салды көшін жаяу-жалпы.
Қолтықтап сүйемелеп қос құрбысы,
Келіннің дауысы сөнбей бара жатты.
Келіннің қарасы әбден үзілгенше,
Ананың зарлы дауысы тынбағанды.
Алдына жақсы-жампоз тізілгенше,
Сөздерге тоқтау айтқан, сынбағанды…»
Сәкен ана қала берді, үй үңірейді, әр қабырғада суық жел үлейді.
Жалғыз, бұлдыр да бұлдыр үміті бұрышта бүрісіп отырған жас балада. Хадиша келіннің кеңесімен бір жақынының қызын бауырына салып алған. Қыз ширақ, ер жетті. Ержеткені бар болсын, күйеуге қашып кетті. «Жолы болсын» деу ғана қалды.
Ана жападан-жалғыз. Соңғы жан жарасы ауыр, тән жарасы да асқынды, үзіліссіз күйзелістен аққан көз жасы қос жанарының зақымдалуына әкелді Қырық жыл түтеткен шаңырағын, қырық жыл сыйласқан ауылдастарын ойлайды, қимайды.Үйінің әр бір уығын, әр бір керегесін қастерлегені, бір-біріне бекіткені; шаңырағын қатты желден шайқалтпау үшін, сыртынан мықты қазық қаққаны, әрбір ісім оңға бассын деп, табалдырыққа оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шыққаны; қайғы, қасірет те өмірдің сабағы екен-ау ойы әрі бір, бері бір тартады. Денсаулық төмендеп барады. Жан ауруын көтеру үшін тәннің саулығы керек. Төркін жұрты да мазалайды. Ананы жылы орыннан болмаса да, қасиетті де шерлі орыннан қозғады, беті төркін жұрты. Ана қан жұтты, жолға аттанды.
«Қия алмай, ана зарлап бара жатты.
Халыққа арнап, тілек парасатты
Бөлісіп соңғы рет ана мұңын,
Күйзелді ауылдастары бұған қатты…»
Иә, Сәкен ана да жас болды, ару болды: жар сүюді армандады сүйді; бала сүюді армандады сүйді; немерелі болуды армандады сүйді; келінді болып, қызығын көруді армандады көрді. Қу соғыс бәрін күйретті. Ауыр тағдыр жазуы тарихтан сабақ алу қажеттілігі ме екен? Ақын ананың аузына «сан миллион аналардың атынан, қан жерік фашизмге қарғыс айтты лағынет сөзін слады, анамен бірге күңіренеді.
Баяндаған оқиға бір үйдің мысалы. Ұлы соғыс шерлі соғыс жалмаған тағдырдың салмағына санына әлі де жете алдық па? Ал, қазіргі толқымалы заманда адамзат баласы «төрт құбыласы тең» болып, өмір сүріп жатыр ма? Халқымыз нені ойлайды, неден қорқады? Бізге керегі тыныштық. Ақынның «бірігіңдер, жол бермеңдер соғысқа» сөзі кешегі өткен қасіретті күнге ғана емес, бүгінгі аласапыран заманға да бағытталған. Мақсат адамзатты ескерту, сақтандыру. Кәріғұл Нұғыманұлының «Ер ана» поэмасы қара бояумен кестелеген туынды болса да, түп мәні қайғының қара суына тойдық, енді дүниені адалынан жинап, адамша өмір сүруге үндеу. Қазақта «екі дүниенің байлығын бер» деген аталы да баталы сөз бар.
Аналар бірінші байлығын жерге көмді, екінші байлығының игілігін көре ала ма? Ақынның бір ауыз шумақ өлеңін ажыратып, жауап берейік.
Ана: «Біздің моламыз болар кең дала, бізді есіркеп жоқтар жел ғана» дейді
Ақын: «Жоқ, анашым, сен өлмейсің, сақтаймыз бейнеңді жүрегімізде. Атыңды ардақтап, жан-жылуыңды ұмытпаймыз, ұрпағың бар жерде» дейді. Келешекте аналардың екі дүниенің байлығын да ие болуына тағдыр жазсын!
Түсініктеме
Поэмада болған оқиға өткен ғасырдың 20-60 жылдардың арасын қамтиды. Оқиға болған елдімекеннің атауы – Шет ауданы, Ақбауыр ауылы, «Шолақ түлкі» қыстауы. Оқырмандарға ұғынықты болу үшін, бұл жерді кеңейтіп айтуды жөн көрдік.
1920 жылдары «Ақбауыр» жеке колхоз (кеңшар), «Құрама» орталығы «Шолақ түлкі», жеке кеңшар болды.1951 жылы екеуі біріктіріліп әрі «Жаңа жұрт», «Шаруа теңеу» (орталығы «Туматай») кеншарларын қосып «Роза Люксембург» атындағы біртұтас (орталығы – Ақбауыр) кеңшар құрылды.
Поэмада жайлау, қыстау, поштаға жаяу бару деген сөздер бар.
Жайлауы «Ащы», «Үлкен сарыжал», «Қайнар», «Кәрі түлкі» деген жерлер. Пошта Ақбауырда болды, яғни, ана хат алу үшін, жайлау қыстақтан бес алты шақырым жүріп, ауылға барып отырған.
Поэма кейіпкерлері Сәкен ана, балалары Мұхамедия (Мұқан), Ғалымкеш (Ғалым), келіні Хадиша. Шығармада есімдері тікелей аталмаса да, «қайны», «жан-жары», «төркін жұрты» сөздері өздерінің мағынасын ашуды талап етеді.
Сәкен ананың жолдасы Жүкен, қарқаралылық, руы – қырғыз, «Нұркен» ауылы жағынан, Мұқан мен Ғалымның әкесі. Мұқан Хадишаға үйленеді, Төлеубегі дүниеге келді. Жүкеннің әкесі-Иманқұл. Иманқұлдан Жүкен мен Орал туады. Оралдан Жұматай дүниеге келеді, шешесі – Кенжебике. Енді осы Жұматай-Сәкен ананың қайнысының (Жұматай) баласы жайында. Ұзақ жылдар бойы Ақбауырда малшы болып еңбек етті, Нұрғайша апамызға үйленді. Ұлдары Рахмания, Серік, қызы Мағауия дүниеге келді. Екі ұлы да әр салада еңбек етті, екеуі де дүниеден озды, артында қалған ұрпақтары бар. Мағауия зейнеткерлікте. Рахмания Сәкен апамыздың бауырында болды. Сәкен апаның ақ жүзі, ақ кимешегі әлі көз алдымда. 1957-1958 жылдары болуы керек (ол кезде жас баламын), көшкені, ананың жылағаны, ауылдың шығарып салғаны еміс-еміс есімде.
Аналарымыз жыламаса екен!
Марат Түсіп



