Кибербуллингке кім құмар?
Соңғы жылдары мектеп пен интернет платформаларда жасөспірімдерге бағытталған психологиялық қысымның өсуі қоғамды алаңдатып отыр. Бұл – құрбы-құрдастардың қарапайым қалжыңы емес. Әрі қатарластар арасындағы жанжал да емес. Одан да әлдеқайда қауіпті. Өйткені, мамандардың пікірінше, буллинг жасөспірімнің эмоционалдық жағдайына әсер етіп, өзін-өзі бағалауын төмендетеді. Оқу нәтижелеріне кері ықпал жасап, әлеуметтік қатынастарда қиындықтар туғызады. Ұзақ мерзімде мұндай қысым толыққанды дамуға кедергі келтіреді. Ең сорақысы, буллинг ересектердің де арасында кездеседі екен.

Кибербуллинг күшейіп тұр
Буллингтің ең қауіпті және жылдам таралатын түрі – кибербуллинг. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде (TikTok, Instagram, WhatsApp) рұқсатсыз фотосуреттерді тарату, қорлайтын жазбалар жариялау, жабық чаттарда келемеждеу сияқты әрекеттер жиі кездеседі. Мұндай қысым адамды күйзеліске ұрындырып, қорқыныш тудырады. Әлеуметтік оқшаулануға әкеп соғады.
2024 жылдан бастап, Қазақстанда буллингке әкімшілік жауапкершілік енгізілді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 202 буллинг фактісі тіркелген, оның 45%-ы – 12-16 жас аралығындағы жасөспірімдерге тиесілі. Дегенмен, тіркелген оқиғалардың көбісі тек ескерту немесе символдық айыппұлмен аяқталған. Айыппұл көлемі аз: 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында – 1,4 млн теңге, бірақ, оның жартысынан азы ғана нақты өтелді.
Сонымен қатар, балаларға қарсы зорлық әрекеттер де көбейіп келеді: 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында шамамен 600 қылмыстық іс тіркелді, ал, 2024 жылы бұл көрсеткіш 971 болған.
Мемлекет жасөспірімдер арасындағы агрессияны азайту мақсатында «ДосболLIKE» бағдарламасын іске қосуда. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бұл бағдарлама барлық мектептерде енгізілді. Бағдарламаның мақсаты – мектептегі психологиялық ахуалды бақылау және ата-аналардың балалардың қауіпсіздігіне қанағаттануын бағалау. Десек те, қазіргі жүйе көбінесе формалды сипатта болып, оқушылар әлі де ересектердің бейқамдығынан буллингке ұшырап келеді.
«Психологиялық зиянды дәлелдеу қиын»
Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің доценті, заңгер-психолог Ботагөз Аманжолованың айтуынша, бұны толық реттейтін жеке бап әлі де қалыптасқан жоқ.
– Қазіргі таңда Қазақстанда кибербуллингпен күрес бір ғана арнайы заңға емес, әкімшілік және қылмыстық заңнаманың бірқатар нормаларына сүйеніп жүргізіледі. 2022 жылы балалардың құқықтарын қорғауға қатысты заңнамаға енгізілген түзетулерде «буллинг» және «кибербуллинг» ұғымдары алғаш рет ресми түрде бекітілді. Алайда, бұны толық реттейтін жеке бап әлі де қалыптасқан жоқ. Қолданыстағы нормалар негізінен қудалау сипатындағы әрекеттерге, яғни, сталкингке қатысы қарастырылған. Сондықтан, балалар белгілі бір деңгейде қорғалуы мүмкін болғанымен, ересек адамдарға қатысты кибербуллинг жағдайлары құқықтық тұрғыдан толық реттелмей отыр, — дейді заңгер-психолог.
Профессор буллингтің құқықтық тұрғыдан дәлелденуі де күрделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, буллинг көбіне физикалық зорлық-зомбылық арқылы емес, ұзаққа созылған психологиялық қысым түрінде көрінеді. Бұл – жүйелі қорлау, кемсіту, әлеуметтік оқшаулау немесе интернет кеңістігіндегі қудалау сияқты әрекеттер.
– Психологиялық зиянды дәлелдеу физикалық жарақатты дәлелдеуге қарағанда әлдеқайда қиын. Көп жағдайда дәлелдемелер әлеуметтік желідегі жазбалар, хат алмасу скриншоттары, әңгіме жазбалары немесе куәгерлердің айғақтары арқылы жинақталады. Күрделі жағдайларда сот психологиялық немесе психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындап, жәбірленушінің психологиялық қысымға ұшыраған-ұшырамағанын анықтайды, – дейді Ботагөз Аманжолова.
Профессор буллингтің әлеуметтік-психологиялық себептеріне де тоқталды. Оның пікірінше, бұл құбылыстың түп-тамыры көбіне отбасындағы эмоционалдық ортаға байланысты.
– Көптеген ата-аналар буллинг мәселесінің қайдан басталатынын ескере бермейді. Баланың психологиялық дамуына әсер ететін ең маңызды орта – отбасы. Егер бала үнемі сынға ұшырап, мазаққа қалып, я эмоционалдық қолдауды сезінбей өссе, ол мұндай қарым-қатынасты қалыпты құбылыс ретінде қабылдауы мүмкін. Кей жағдайда ата-аналардың өздері баланың әлсіз сәттерін бейнежазбаға түсіріп, оны әлеуметтік желілерде жариялап жатады. Мұндай әрекет баланың психикасына теріс әсер етіп, оның өзіне деген сенімін төмендетеді, – дейді маман.
Қысым ересектер арасында да кездеседі
Сарапшының сөзіне сүйенсек, буллингтің алдын алу тек құқықтық шаралармен шектелмеуі тиіс. Бұл бағытта білім беру ұйымдары, психологтар мен заңгерлер бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Заңгерлер оқушылар мен педагогтерге буллингтің құқықтық салдарын, жауапкершілік түрлерін түсіндіруі керек. Ал, психологтар эмпатияны дамыту, жанжалдарды конструктивті түрде шешу, буллингтің алғашқы белгілерін тану сияқты дағдыларды қалыптастыруы тиіс. Мұғалімдер де мұндай жағдайларды ерте кезеңде анықтап, мамандармен бірлесе әрекет етуге дайын болу қажет.

Ботагөз Аманжолованың пікірінше, буллингпен күресте ең маңызды фактор – қоғамдағы әлеуметтік құндылықтарды өзгерту.
– Қауіпсіз психологиялық орта тек заңнамалық шаралар арқылы ғана емес, өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру арқылы пайда болады. Қоғамда толеранттылық пен эмпатия құндылықтарын нығайтып, агрессия мен қорлауды қалыпты мінез-құлық ретінде қабылдауға жол бермеу қажет, – дейді ол.
Психолог Әсем Айтбайқызы қазіргі қоғамда әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы балалар арасындағы буллингтің таралу ауқымын едәуір кеңейткенін айтады.
– Онлайн платформаларда адамдардың бір-біріне қысым көрсетуі немесе қорлауы жиі көрініс табады. Мұндай жағдайларды көріп өскен бала кейде оны қалыпты мінез-құлық ретінде қабылдай бастайды. Соның нәтижесінде «кім күшті болса, сол үстем болады» деген қате түсінік қалыптасады, – дейді психолог.
Сондай-ақ, балалар арасындағы буллингтің тағы бір себебі – әлеуметтік және материалдық теңсіздік екенін де маман жоққа шығармайды.
– Бала кішкентайынан ата-анасының адамдармен қалай қарым-қатынас жасайтынын бақылап өседі. Егер үлкендер өзгені материалдық жағдайына қарап бағаласа немесе кемсітсе, бала да соны қайталайды. Қазіргі уақытта балалар арасында қымбат телефоны, я сәнді киімі жоқ қатарластарын мазақ ету жағдайлары кездеседі, – дейді ол.
Психолог буллинг тек жасөспірімдер арасында ғана емес, ересектер арасында да ұшырасатынын атап өтті. Оның айтуынша, жұмыс орындарында кей адамдар өзіне сенімділігі төмен әріптестеріне психологиялық қысым көрсетіп, оларды түрлі тәсілдер арқылы кемсітуге тырысады.
Әлеуметтік желіде әлімжеттік көп
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров өңірде буллинг және кибербуллинг фактілерінің алдын алу мәселесі полиция органдарының тұрақты бақылауында екенін айтты.
2024 жылдан Қазақстан Республикасының заңнамасына буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілгеннен кейін мұндай құқықбұзушылықтарды тіркеу және олар бойынша шара қолдану жұмыстары күшейтілді. Қазіргі таңда ата-аналардан буллинг, кибербуллинг фактілері бойынша арыздар түсіп тұрады.
Егер құқықбұзушылық кәмелетке толмаған тұлға тарапынан жасалса, жауапкершілік оның ата-анасына, заңды өкілдеріне жүктеледі. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-2-бабына сәйкес, буллинг жасаған тұлғаға ескерту немесе айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қарастырылған.
Буллинг фактісі анықталған жағдайда полиция қызметкерлері ең алдымен жәбірленуші тараптан түсініктеме алып, оқиғаның қанша уақыт бойы жалғасқанын, оған кімдердің қатысы бар екенін және қандай тәсілдер қолданылғанын анықтайды. Бұдан кейін мектеп әкімшілігімен бірлесіп, ықтимал қатысушылар анықталып, олардың қатысуымен профилактикалық кеңес өткізіледі.
Оңтүстік-Шығыс ПБ ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенант Нұрбибі Иманбекова: «Кей жағдайда балалар қорқып, шындықты айтпай қалуы мүмкін. Кейбір куәгер оқушылар болған жағдайды жасырып, куәлік бергісі келмейді. Кей ата-аналар да мәселені мектепке, құқық қорғау органдарына жеткізгісі келмей жатады. Мұндай жағдайда буллинг ұзақ уақыт бойы жасырын түрде жалғасып кетуі мүмкін», – дейді.
Оның айтуынша, соңғы жылдары буллингтің жиі кездесетін ортасының бірі – әлеуметтік желілер.
– WhatsApp, TikTok, Instagram сияқты платформаларда рұқсатсыз фотосуреттер тарату, сол суреттерден түрлі стикерлер жасау немесе жасырын чаттар ашып балағат сөздер жазу сияқты жағдайлар кездеседі, – дейді полиция аға лейтенанты.
Буллингтің алдын алу үшін мектеп, ата-ана және құқық қорғау органдары арасында тұрақты байланыс орнату маңызды. Оқушыларға құқықтық түсіндіру, психологиялық тренингтер және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыру – буллингтің таралуын төмендетудің негізгі құралдары. Ең бастысы – қоғамда өзара құрмет пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, өйткені балалар арасындағы қауіпсіз орта тек заңды орындаумен ғана емес, адамдардың бір-біріне деген құрметімен қалыптасады.
Әлеуметтің әлеуметтік проблемасы
Сарапшылар буллинг пен кибербуллинг көпқырлы, кешенді тәсіл талап ететін әлеуметтік проблема екенін ашық айтады. Құқықтық реттелмегендіктен, әсіресе, кибербуллинг жағдайында нақты нормалардың болмауы оны бақылауды қиындатады.
Баланың мінез-құлқы көбіне отбасы үлгісіне тәуелді, ал, әлеуметтік желілердегі агрессия мен қорлау бұл үрдісті күшейтеді. Содан буллинг тек жасөспірімдер арасында ғана емес, ересектер ортасында да кездесетін тұрақты әлеуметтік мәселеге айналады. Дегенмен, құқықтық нормаларды жетілдіру, қоғамның ақпараттануы және профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу бұл мәселені бақылауға мүмкіндік беретінін де мамандар жоққа шығармайды.
Аяулым ЖАНАТОВА



