Ахуал тұрақтанған жоқ
Мамандардың айтуынша, аймақта қызылшаға қатысты эпидемиологиялық ахуал әлі тұрақталған жоқ. Қызылша жұқтыру күдігімен күнделікті тіркелушілер азаймай тұр.
Қызылша жұқтыру деректері облыстың барлық өңірлерінде бар. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасаөз қызметі хабарлағандай, Қарағанды, Балқаш, Шахтинск қалаларында, Нұра және Қарқаралы аудандарында ауырғандар облыстық көрсеткіштермен салыстырғанда жоғары. Онда науқастанған 14 жасқа дейінгі балалар басым. Олардың жартысына жуығы – 1-4 жас аралығындағы балалар.
– Ел бойынша күніне қызылша жұқтырған 350 адам тіркеледі. Жүргізілген талдаулардың 80%- ынан астамы вакцинация алмағандар екенін көрсетеді. Балаларға қызылшаға қарсы вакцинация елімізде тұрақты түрде жасалады. Қазір эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты қосымша иммундау шаралары енгізілді. Қызылшаның таралуы мен өршуі тікелей иммунизацияға байланысты. Себебі, оны вакцинамен «басқаруға» болады. Ата-аналар екпеден бас тарту арқылы аурудың одан әрі таралуына жағдай жасап отырғанын білсе деймін. Сондықтан, қызылшаға қарсы вакцина алуға шақырамын, – дейді Қарағанды қаласының №4 емхананың эпидемиолог дәрігері Баян Қасымбекова.
Қызылша ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін. Атап айтқанда, отит, пневмония, жүйке жүйесі жағынан, энцефалит, менингит, панэнцефалит. Екпе сенімді қорғанышты қамтамасыз етеді.
Қызылшаға қарсы екпе алған балалар да оны жұқтыруы мүмкін. Бірақ, ол жеңіл өтіп, асқындырмайды. Сондықтан, мамандар бір ауыздан вакцинация ауру мен асқынудың алдын алудың бірден-бір жолы деп пайымдайды.
Өз тілшімізден