“Орталықта” онлайн-айтыс: Дидар ҚАМИ – Мақсат КҮЗЕМХАН
Ауыз әдебиетінің бір саласы – бойына бірнеше өнерді тоғыстыратын айтыс бүгінде жаңаша даму үстінде. Ал, жазба ақындар «өлең көзбен оқылуы тиіс» деп есептейді. Осы орайда, жуырда елдегі төтенше жағдайға байланысты «Ortalyq Qazaqstan» газеті қолға алған «Ұлт саулығы – ұлы мұрат» атты Арқа ақындарының жазба айтысы айтыскер ақындар мен жазба поэзия өкілдерінің қарым-қабілеттерін танытуға зор мүмкіндік берді. Онлайн түрінде өткен жазба айтыста алғашқы болып аузымен құс тістеген ақындар Руслан Нұрбай мен Тілеген Әділ үзеңгі қағыстырған еді. Көрермен қуана қабылдап, ыстық ықыластарын білдіруде. Жобаның жұртты елең еткізген екінші жұбы – «Айтыс ақтаңгері» атанған Дидар ҚАМИ мен республикалық жыр бәйгелерінде оза шауып жүрген болмысы бөлек шайыр Мақсат КҮЗЕМХАН. Айтары бар ақындарға жанкүйер болыңыздар, ағайын!
Мақсат:
Қосушы ем қай тұста да жырға мәнер,
Ендеше айтысқа да бір баға бер!
Бармысың «Орталықтың» оқырманы,
Армысың Арқа жұрты, қыр, дала, бел!
Карантинге қамалып қалалар да,
Пандемия деп жатыр шулап әр ел.
Қазағым сен аман бол, қайран жұртым,
Қиын шақта осалдық қылмаған ел!
Кеселдің Қытай жақтан шыққанына,
Індет боп тарап кеткен у да дәлел.
Өзгеріп осы тұстан тарих шыққан,
Ұрпағын көк бөрінің көп ит жыққан.
Бір Құдай бұл Қытайдан сақтаса екен,
«Аузынан ақ ит кіріп, COVID шыққан»
Ұртыңнан төгуші едің жырды үздігіп,
Жұртыңнан бата алғансың, құндыз да іліп.
Қалайсың, Дидар досым, тойлар тоқтап,
Жатсың ба, беташарға бір жыр құрып?
Айтыстан хабар келмей бұл сәуірде,
Жүр ме екен шекеңізді күн қыздырып?
Көктемгі болған жоқ па көңіл қардай,
Жататын түнде қатып, күндіз жібіп?
Айтпақшы, дуэтпенен ән жазыпсың,
Инстаграм желісінен жүрміз біліп.
Эстраданы сонымен бетке алдың ба,
Арқардай шынықтың ғой шың-құз жүріп?
«Екі жұлдызды» жеңгеніңде экранға,
Қол соқтық бар назарды шын біз бұрып.
Қуандық екеуің де қос жұлдыздай,
Қуанттыңдар қызықты бір қыздырып.
«Жұлдызбен» жұп боп шықсақ
енді айтыста,
Біздің де жанып кетер жұлдыз күліп.
Дидар:
Кез болдым марғасқа ақын Мақсатпенен,
Аузыңа салсын досым Хақ сәтті өлең.
Армысың, арқадағы арда қазақ,
Өздеріңді айбынды, асқақ көрем.
Шайды ішіп сахнада сәніменен,
Айтысып отырушы ек аспаппенен.
Қолыңдағы аспапты қоя салып,
Айтысқан біртүрлі екен WhatsApp-пенен.
Бұйырса Жаратқанның жазуымен,
Жазба айтыстан қайтайық жақсы атпенен.
Асаба, ақын болып той түспеген,
Айтамыз деп жүр едік қай тұста өлең.
Әншілер эфирінен концерт беріп,
Кейбірі шашын қырып хайп істеген.
Ал «Орталық» бастады жыр бәйгесін,
Сайланып келіңдер деп сай күшпенен.
Бар мақсаты жігерін жану елдің,
Қамалып үйде ет пен май тістеген.
Қан майдан кезінде де Қарағандым,
Көтерген елдің рухын айтыспенен.
Балқаштың батыры едің байрақ алған,
Сөзді бұрын бастадың қайынағаңнан.
«Аузынан ақ ит кіріп, COVID шықты»,
Дегеніңді оқи сап ойға қалғам.
Ол Мұхтар Ниязовтың айтқан сөзі,
Бұл неге оны өзіне сайлап алған.
Айтулы айтары бар ақын ең ғой,
Сондықтан, жөн болмайды майдаланған.
Карантиннің кезінде қауіпті ғой,
Біреудің «дүниесін» пайдаланған.
«Екі жұлдыз» жобасына шақырғанда,
Рахыммен жұптады ғой рахымды Алла.
Ән айтсам арғы атамыз Қасым еді,
Атама ұқсамауға хақым бар ма?
«Мен де жұлдыз болармын, кім білсін» деп,
Ұқсайсың басыңды көп қатырғанға.
Карантин елде әлі тоқтаған жоқ,
Вирустың оты өршіп лапылдауда.
Қонақжай ел бара алмай қонағына,
Өзі де үйге қонақ шақырмауда.
Сен болсаң менімен жұп болам дейсің,
Жұлдыз боп танылсын деп атым маңға.
Екі жұлдыз болмақ түгіл рұқсат жоқ,
Екі метрден артық жақындауға.
Мақсатым мені жұлдыз ет дейді ме,
Талдының жігітіне беттейді ме?!
Ауылымның аруын жар қып едің,
Сол барлық шаруаңды реттейді де.
Жұлдыздыққа несіне құмартасың,
Өміріңнің гүлі содан көктейді ме?!
Талдының бір сұлуы жарың болып,
Жұлдызыңды жаққаны жетпейді ме?!
Мақсат:
Ниязовтың таластың деп тармағына,
Досыңа айыбыңды салма мына.
Ешкімнен өлең ұрлап көргенім жоқ,
Жолдасқа арта көрме жолда күнә.
Мұхтардың мұндай шымшыр мәтелі көп,
Кешегі Қадырлардан қалғаны да.
Қадырдың да қалжыңы талайға азық,
Болғаны бұл өмірдің жалғаны ма?
Мәтелін мәнді жерде өлең қылсам,
Бермей ме одан сайын зор мағына.
Ауыздар арасында жайылған сөз,
Қонақ боп жүре берер жан-жағына.
Жақсының айтқан сөзі жалпыға ортақ,
Мені олай түсірмейсің қармағыңа.
«Біреудің дүниесі қауіпті» деп,
Бұл Дидар маған алаң болғаны ма?
Барымтада бақырайып қарап тұрмай,
Басқаныкін айдап кетсем бар ма кінә?
Оның рас, қайын жұртым – Талды аймағы,
Бір қызы – жұлдызым ғой маңдайдағы.
Ұл-қызға ана болып үйімде отыр,
Жұлдыз боп не қылам мен шалғайдағы.
«Екі метр жолама» дейсің маған,
Қайын ағаның бола ма сондай бәрі?
Күйеуді пайғамбар да құрметтеген,
Бір ауыз сөз дегенің – балдай дәрі.
Қайын аға «ғашықтықтан» араласса,
Қалады тіршіліктің қандай мәні?
Талдының талындағы жапырақсың,
Сөз деген оқ болса егер – ақын атсын.
Айтбай ақын желіде шайырлармен,
Жұртты демеп тілекпен жатыр ақ шын.
«Біз біргеміз!» ұраны – ұлтпен бірге,
Вирустың қабырғасын қақыратсын.
Қаладан қашып шығып ал сен болсаң,
Даладан елдің жайын бақылапсың.
Вирус деп, елді қолдап бір сөз айтпай,
Игі іске енді қандай татымақсың?
«Көппен көрген – ұлы той» деуші еді ғой,
Арнаңыз жалпы жұртқа жақын ақсын.
«Карантин маған қиын» дедің бе әлде,
Ауылыңа аулақ барып жатып апсың?
ДИДАР:
Қызығы, той-думаны тарқамастан,
«Ауру аулақ кетсін» деп алты Алаштан.
Дәрігерлер жүр үй көрмей, ұйқы көрмей,
Күзет тұр автоматын арқаға асқан.
Мұхтардың ауызынан шыққан COVID,
Сыр жақтан сен арқылы Арқаға асқан.
Қазақта жалғыз адам сен боп тұрсың,
COVID-ты таратам деп жанталасқан.
Ақын десем өз пікір, өз датың бар,
Жансың-ау, қысқы ақылды жазда тыңдар.
Сенделмей әр ақынның аузын аңдып,
Мергендей құралайды көзге атыңдар.
Қадырдың ойлап айтқан мәнді сөзін,
Өмірде пайдаланған аз ба ақындар?!
Мұхтардың ойнап айтқан жай бір сөзін,
Отыр ғой мәселе қып қозғап ұлдар.
Жұп қылып жазба ақын мен айтыскерді,
Деп еді өлең отын маздатыңдар.
Жеңіс кімде екені мәлім болды-ау,
Шынымен шайыр болсаң сөз мақұлдар.
Айтыскердің әншейін айтқан сөзін,
Жырына түйін қылса жазба ақындар.
Болмайды күйеулікті көп бұлдасаң,
Қарындасты берем бе жақтырмасам?!
«Пайғамбар да күйеуін сыйлаған» деп,
Қайтесің, Әзірет Әли боп тумасаң.
Пайғамбар жаман ауру жайлы да айтқан,
Хадиске ой жүгіртіп өттің қашан.
«Бір жерден індет шықса жоламаңдар,
Сан соқтырып кетеді сақ тұрмасаң.
Ал ауру шыққан жерде болған адам,
Шықпасын» – депті құлақ сап тыңдасаң.
Сондықтан қашықтықтан сыйласайық,
Телефоннан іздерсің таптырмасам.
Жақыным болсаң-дағы жақындама,
Құшағымды карантин жоқ күнде ашам.
Осыны мен айтпай-ақ білер едің,
Мұхтарды емес, Мұхаммедті көп тыңдасаң.
Эфирге шықпайсың деп неге кешке,
Қарағым қайынағаңмен ерегеспе.
Қаладан карантинге дейін кеткем,
Қоймайсың әдетіңді неге бөспе.
Тікелейден рух берген ел көп қазір,
Қалалықтар мұқтаж ба, не, кеңеске.
Білікті дәрігер мен мұғалімдер,
Қала жақта менсіз де көп емес пе?
Бастысы шәкірттерді баулып жүрмін
Қалсын деп өсиет пен өнеге есте.
Қора үстінен онлайн сабақ беріп.
Шыққандай боп қайтамын Эверестке.
Қала-жүрек, ал ауыл – қан тамыры,
Қан бармаса жүрегің өлі емес пе?!
Ауырған ел ел-дағы қаладағы,
Ауылдағы ел сонда не, ел емес пе?
МАҚСАТ:
«COVID-ті» көп үйкелей бердің неге,
Аштым деп отырғам жоқ мен бірдеңе.
Ойнап айтсын, ол мейлі ойлап айтсын,
Сөзіне адвокат болдың неге?
Жазба ақын мен айтыскер боп шықсақ та,
Нақтылап оны сонша бөлдің неге?
«Жазба ақын айтыскердікін айтты» деп,
Жабысқан жалаң сөзге – сен бір кене.
«Жеңіс кімде екені мәлім» дейсің,
Жеңнен ұстамай жатып жеңдім деме.
«Мұхтар емес, Мұхаммедті тыңда» дедің,
Жауапты таятайын енді іргеңе.
Хасан ибн Сәбиттей ақын өткен,
Менен де біліп алғын кел бірдеңе.
Алпыс жаста ілесіп пайғамбарға,
Ислам жайлы жыр жазған сол күнде де.
«Алла елшісінің ақыны» атанған ол,
Жанына жолдас болып төр, мінбеде.
Мұхаммедті мысал қып айтқыш болсаң,
Ақынын да ұмытпа сен мүлде де.
Жазба ақынның төресі солар болған,
Заманда өтсе-дағы ол бір көне.
«Айтыстың ақтаңгері» атансаң да,
Жазба ақынның жанында зормын деме.
Иә, Дидар, сөз майданы – талас күнде,
Айтқаным саған болмас оғаш мүлде.
Ұстаз боп шәкірттерді баулып жүріп,
Толағай істі жалғар топ аштым де.
Онлайн сабақ беріп оңбапсың-ау,
Қораны – Эвересттей тау астым де.
Сеть іздеп сергелдеңге түстің бе екен,
Ғаламтор жөнді істемей ол «H» түрде.
Бір түсіп, бір мініп сол қораңыздан,
Сабақтан елмен бірге тарастым де.
Өткенде «Интернет нөл ауылда» – деп,
Фейсбуктан шулады Алаш күнде.
Мұғалімдердің мұңын естімейді,
Ғаламтор жайлы мейлі жақ аш кімге.
«Ауылдар интернетпен
қамтылсын» –деп,
Елбасы айтпап па еді шара үстінде?
Елбасының сөзін екі еткендерді,
Тиеп ап қамаса ғой монастырьге.
Гүлденіп, бұл, цифрлы Қазақстан,
Халқыңмен алға басып, жол аш бірге!
Ауылға адуынды интернет бер,
Ұстазды қонақтатпай қора үстінде.
Тәжвирус тез арада рас тарады,
Карантинде жұрттың жөн саспағаны.
Біреуге уайым болып ас-тамағы,
Біреулер кеңсе қылды баспананы.
Басшылар бастап еді бастаманы,
Тағы да дауға айналды ақша жағы.
Қырық екі мың бес жүздің жыры бітпей,
Уатқандай болды ғой жас баланы.
Не болса да тезірек бітсін деймін,
Аман бол Алаш жұрты – асқаралы!
Осымен сен де есен бол, Дидар досым,
Қазақтың сені өрлетсін асқақ әні.
Ұлт саулығы – қашан да ұлы мұрат,
Ден сау болса, болады басқалары.
ДИДАР:
Жазба ақынға айтам деп мадақтама,
Досым сөзін Хасанменен сабақтады, ә?!
Мақсатжан мен негізі сені айтқанмын,
Жалтаратын болыпсың жауапқа да.
Жазба емес алғаш ауыз әдебиеті,
Дамыған қазақта да, арабта да.
Бірдеңе деп Қамиевқа айту үшін,
Сөйлегейсің тарихқа қарап, бала.
Интернет келген жақсы, үйге орнасын,
Мұғалім қора үстіне жиі бармасын.
Итпен іздеп таба алмай интернетті,
Ұстайды бізге келсе мейман басын.
Бірақ сол интернеті жоқ ауылда,
Байқасаң қазақылық, иман басым.
Қаймағы бұзылмаған сан ауылдың,
Ғаламтор өзгертуде дейді арнасын.
Тәулігін телефонмен үйде өткізіп,
Көрмейтін балалар бар кейде ауласын.
Бейәдеп бейне көріп бұзылуда,
Бастаушы бітірмеген кей қандасым.
Темір торға апарған талай қылмыс,
Ғаламтордан басталған илан досым.
Бұл оқу әрі кетсе бір ай болар,
Ол үшін ауыртпайды Дидар басын.
Қораға шығып мен-ақ қиналайын,
«Қораға» кіріп жастар қиналмасын.
Мергендік бар, жоқ бірақ менмендігім,
Жеңіңнен ұстатпадың, жеңбеді деп.
Білмеймін, мына саған жел берді кім,
Өйткені біліп отырсың карантинде,
Ұстауға рұқсат жоқ жеңнен бүгін.
Ақынбыз әлеуметтің алдында емес,
Әлеуметтік желіде өрген жырын,
Мақсатжан, әлде саған жетпейді ме?
Өлеңмен сыбағаңды бергендігім.
Жеңіңнен ұстап тұрып жеңбесем де,
Желіде сөзден ұстап жеңгендігім.
Бұл досым жүрегіне жыр жиған-ды
Артында талай өр мен ылди қалды.
Сахнада талантына тамсанушы ед,
Ағайын ай келбетті, күн дидарлы.
Өзіңмен жолықсам деп жүрген досың,
Айтыстан кеткеніңді білмей қалды.
«Орталықта» жолықтық ақырында,
Халыққа жыр ұсынып ылғи дәмді.
«Орталық Қазақстанға» рахмет,
Мақсатына жеткізген бұл Дидарды.
Дауыс беру аяқталды!
*Ескерту: Қос ақынға дауыс беру 20 сәуір сағат 21:00-де аяқталады.
Дауыс беру «Инстаграм» желісіндегі ресми парақшамыздың «Оқиғалар» (Сториз) бөлігінде де жүргізіліп жатыр.
Сілтеме — @Ortalyq.kz
*Ескерту: “Инстаграм” желісінде дауыс беру 24 сағат ішінде аяқталады (18 сәуір сағат 21:00)
Пікірлеріңіз болса Уатсапқа жазуға болады.
Сілтеме — Whatsapp