Ресми

Қарағанды спорты жарнамаға зәру емес

Nur Otan партиясынан облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Ғабдолла Дүйсенбаев облыстық теннис федерациясының, сондай-ақ, Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған жекпе-жек спорт мектебі басшылығымен және тәрбиеленушілерімен кездесті. Өңірде салауатты өмір салтын қалыптастыру, әуесқой және кәсіби спортты дамытудың өзекті мәселелері талқыланған кездесу екі тарап үшін де тиімді болғанын айту керек.

– Өмірімнің спортпен байланысты екенін мақтан етемін. Мен облыстық дзюдо федерациясының вицепрезиденті ретінде ғана емес, салауатты өмір салтын қолдайтын адам ретінде өңірімізде, елімізде бұқаралық спортты дамытуды қолдаймын. Nur Otan партиясының облыстық мәслихат депутаттығына кандидат ретінде мен жауапты лауазымға сайлансам, өңірде талантты спортшыларды дайындау үшін Қарағандыда ғана емес, қалалар мен аудандарда да тиімді және қолжетімді спорт инфрақұрылымын құру үшін бар күшімді салуға дайынмын. Қарағанды қаласы еліміздегі әуесқой теннисті дамытуға жетекші қалалардың бірі екені қуантады. Біз Алматы мен Нұр-Сұлтаннан кейінгі үшінші орындамыз. Бірақ, әлі де жетілдіре түсетін тұстары бар. Мысалы, қазіргі уақытта облыстың ірі қалаларында инфрақұрылымды дамыту және теннис секцияларын ашу туралы мәселе өткір тұр. Теннис сабақтарына баланы 4 жастан бастап беруге болады. 10 жасқа дейінгі жас спортшылар барлық қажетті жабдықтармен тегін қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, Қарағанды құрама командаларының республикалық жарыстарға сапарларының барлық шығындары Федерация қаражаты есебінен жүзеге асырылады, – деді Ғабдолла Дүйсенбаев.

Nur Otan партиясының облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Ғабдолла Дүйсенбаев одан бөлек, Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған жекпе-жек спорт мектебінің жаттықтырушылармен және тәрбиеленушілермен кездесті.

Оның айтуынша, аталмыш мекеме Қазақстан ғана емес, елден тыс жерлерде де танымал болғандықтан, жарнамаға зәру емес. Мектеп қабырғасынан Қазақстанның ең мықты спортшылары шыққан.

Nur Otan сайлауалды бағдарламасына сәйкес, партия алдағы бес жылға өз жұмысында ұлт денсаулығын нығайтуға, халықты спортпен жаппай айналысуға тартуға күш салады. Мәселен, 18 жаңа нысанды іске қосу есебінен инфрақұрылым айтарлықтай кеңейтілетін болады. Олардың ішінде Жезқазған мен Шахтинск қалаларында бассейні бар балалардың екі спорт кешені, Нұра ауданында жабық бассейн, Жезді және Ботақара кенттерінде екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені, К.Байшағұлов атындағы спорт кешені, Қарағандыдағы триатлон паркі бар. Ал, 2022 жылы Жезқазған мен Қарағандыда спорт орталықтары, Ақтас және Нұра кенттерінде балалардың екі спорт кешені, Қарағандыда жабық жүзу бассейні және ипподром салынады. 2023 жылы облыс орталығындағы жабық футбол манежін салу жоспарда бар. Одан бөлек, 2024 жылы Егіндібұлақ және Сарышаған кенттерінде балалардың екі спорт кешені, ал 2025 жылы облыс орталығында спорт кешені мен стадион салынады.

Сонымен қатар, партия 60 көпфункционалды корт пен 97 спорт алаңын орнатуға жәрдем көрсетеді. Осының барлығы 2025 жылға қарай халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу көрсеткішін 1 мың адамға шаққанда 62,5%-ға дейін жақсартуға және 421 мың адамды бұқаралық спортпен қамтуға мүмкіндік береді.

Өз тілшімізден.

Материалдың жариялану ақысы Nur Otan партиясының

Қарағанды облыстық филиалының сайлау қорынан төленді.

Басқа материалдар

Back to top button