Ресми

Отбасы – мемлекеттің іргетасы

Nur Otan партиясының Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Қадиша Оспанова тұрғын үй жағдайын жақсартуды қажет ететін көпбалалы әрі көп ұлтты Әлиевтер отбасымен кездесті.

Қадиша Базарбайқызының айтуынша, отбасы Қазақстанның шағын бейнесі тәрізді. Атап айтар болсақ, отбасы мүшелерінің бойында қазақ, корей, өзбек, тіпті, грек қаны бар. Отағасы Ержан – супервайзер, отанасы Наташа – есепші, отбасының берекесін келтіріп отырған әжелері Эльза Николаевна – аспаз. Ал, үлкен қыздары тұрмыста, тілі балдай былдырлаған сәби тәрбиелеп отыр. Екінші қызы жұмыс істейді. Ұлдарының біреуі оқушы болса, екіншісі – балабақшаға барады.

«Көңіл сыйса, бәрі де сияды» деген үлкен отбасы Гоголь көшесіндегі төрт бөлмелі пәтерде тату-тәтті тұрып жатыр. Дегенмен, мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, үйлерін кеңітуге мүмкіндік болса деген ойлары да жоқ емес.

– Отбасымен өткен шағын уақыттың өзі маған жағымды әсер қалдырды. Әлиевтер отбасы – қоғамымыздың, еліміздің тату, мықты, ұйымшыл, көп ұлтты отбасының көрінісі екенін түсінесің. Дәл осындай адамдардың арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісім салтанат құруда. Өз тарапымнан Nur Otan партиясы әрқашан отбасы институтын нығайту, олардың материалдық тұрақтылығын қамтамасыз ету, тұрғын үй алу үшін мүмкіндіктер жасау жөнінде шаралар қабылдауды қолдайтынын және жақтайтынын айтқым келеді.

Біз, әрине Әлиевтер отбасына көмектесу үшін мүмкіндіктер іздейміз. Оларға ғана емес, әлеуметтік қолдауды қажет ететіндердің бәріне. Бұл – Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының бірінші кезектегі қағидаттарының бірі, – дейді Қадиша Базарбайқызы.

Nur Otan партиясының облыстық мәслихат депутаттығына кандидат елімізде жақындарына қамқорлық жасау қоғамдық санада әрдайым жоғары, құрметті және мызғымас орынға ие болғанын атап өтті.

Айта кету керек, Nur Otan партиясының Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отбасы институтын қолдау, ана мен баланы қорғау, аға ұрпаққа қамқорлық көрсету мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізі болуы керектігіне назар аударған еді.

Материалдың жариялану ақысы Nur Otan партиясының

Қарағанды облыстық филиалының сайлау қорынан төленді.

Басқа материалдар

Back to top button