Аймақта кәсіпкерлікті қолдау көлемі артты
Биыл Қарағанды облысында кәсіпкерлікті қолдауды қаржыландыру 2,5 есеге өскен. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбек онлайн форматта өтіп жатқан халықпен есептік кездесуінде айтты.
– 2020 жылы Бизнестің жол картасы бойынша жеңілдікті шарттармен облыстың 420 кәсіпорны өңір экономикасына 48 млрд теңге салып, өз жобаларын іске асырды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға бюджетте 7 млрд. теңге қарастырылған. Ол өткен жылдан 2,5 есе артық, – деді облыс әкімі.
ШОБ мемлекеттік қолдауы 2 400 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бір жылда жеке ісін ашуға 1 900 өтеусіз грант берілді. Облыс әкімінің жүз грантына жас кәсіпкерлер ие болды.
Түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржылық қолдауға 3 700 кәсіпкер қол жеткізді. Кәсіпкерлікке тегін оқыту курстарынан 2 800 адам өтті.
– Бірлескен күш-жігермен мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін екі есеге ұлғайттық. «АрселорМиттал Теміртаумен» қол қойылған меморандум аясында қала құраушы кәсіпорынның Қарағанды өндірісінің шикізаттық емес тауарларын сатып алуы алты есеге өсті. Біздің қарағандылық кәсіпкерлерді тапсырыстармен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасатын болады. Бұл біздің жұмысымыздағы басымдықтардың бірі, – деді Жеңіс Махмұдұлы.



