Ресми

Ауылдарға аттанды

20 желтоқсанда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының «Ауылдан ауылға» жобасы аясында облыстық штаб мүшелері Шет, Жаңаарқа аудандарына аттанды. Жобаның мақсаты – облыс аумағындағы аудан, қала, ауылдарды аралап, партияның бағдарламасымен таныстыру. Елдің ұсыныс-тілектерін жинап, жазып алу. Ал, аудан, қалалардағы филиалдар ауылдарды аралап, өз жұмыстарын атқарады.

Шындығында шалғай ауылдардың тұрғындары көп партияларды біле бермейді. Қарапайым халықпен жүзбе-жүз кездесіп, бағдарламасын таныстыру үшін осы «Ауылдан ауылға» бағдарламасын қолға алған. Қарапайым халық өздігінен жоғары билікке талап-арыздары мен өтініш-ұсыныстарын жеткізе алмайды. Ал, депутаттың міндеті сол қарапайым халық пен биліктің арасына алтын көпір болу.

«Ауыл» ХДПП облыстық штабы мүшелері осы міндетті орындау үшін іске кіріскен.

Бұған дейін де біраз шара өткізілген. Сайлауалды бағдарламада негізінен ауылды көтеру мәселесі көзделген. «Ауыл» ХДПП облыстық штабы атынан Парламент Мәжілісіне 5 үміткер болса, 42 адам облыстағы түрлі деңгейдегі мәслихаттарға кандидат болып тіркелді.

Сайлауалды бағдарлама көпбалалы аналардың мәселесі, ауылдарға спорттық нысандар, кітапханалар салу, ауылға дәрігерлер, жас мамандарды тарту, интернет желісін орнату, сырттан көшіп келген қандастарды қолдау және басқа да көптеген мәселені қамтып отыр.

«Ауыл» ХДПП облыстық штабының жетекшісі Мұхаметжан Нұржановтың айтуынша, қазір аймақтың барлық өңірлерінде қызу үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Партия мүшелерінің барлығы «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» жұмыла жұмыс атқаруда. Басқа партиялар сияқты «Ауыл» ХДПП мүшелері де сайлауалды үгіт-насихат жұмысына белсене атсалысуда. Кейбір жиындар ZOOM форматында өтсе, енді бір кездесулер карантин талабын сақтай отырып, санаулы адамның қатысуымен ұйымдастырылуда.

«Ауыл» ХДПП ұйымдастыруымен қайырымдық шаралары да өткізілуде. Дөңгелек үстел, дебат, флешмоб және басқа да шаралар өткізіліп, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары жұртшылыққа кеңінен түсіндірілуде.

Алдағы уақытта ауылдарда қордаланған мәселелердің шешілу жолдарын айқындап, жұмыла жұмыс істемек.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button