Коронавирус

Санитарлық бекеттер жұмысын бастайды

Күз – инфекциялық аурулардың бас көтеретін кезеңі. Оған коронавирус инфекциясы қосылды. Соңғы аптадағы деректер оптимистік ой қозғауға мұрша бермей тұр. Осы уақыт аралығында әлемдегі COVID-19 жұқтырғандар саны 45 942 902-ге жетіп, әр ел түрлі шектеу шараларын қолдануда. Денсаулық сақтау саласына ауыр жүк, әрі сын болған індет кезіндегі басты мақсат – халықтың амандығы.

Коронавирус жұқтыру жағдайы бойынша жаңа рекорд орнатқан елдерде қайтадан карантин енгізілді. Көктемдегі жағдаймен салыстырғанда соққысы ауырлай түскен індетті жеңу үшін қатаң шара енгізу – мәжбүрліктен туды. Қолдан келгенше адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын шектеп, мүмкін болатын жұмыстың барлығын қашықтан атқаруға тырысуда әр елдер.

Облысымызда да эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін 4 қарашаның сағат 00:00-ден үш санитарлық бекет жұмысын бастайды. Бұл шара елде індеттің өршуіне байланысты алдын алу шарасы ретінде қабылданып отыр. Аталмыш санитарлық бекеттер арқылы облыс аумағына кіру немесе шығуға рұқсат алу propusk.kz порталы арқылы жүзеге асырылады.

Атап айтар болсақ, Молодежный кенті маңындағы Қызылорда-Павлодар автожолына, Үміткер кенті маңындағы Павлодар-Баянауыл-Бұқар жырау-Қарағанды автожолдарына, сондай-ақ Кентөбе кенті маңындағы Семей қаласы бағытында ҚарағандыАягөз-Бұғаз автожолының 271-ші шақырымына санитарлық бекеттер қойылады. Осы бағытта жол жүремін деп жоспарлағандар propusk.kz сайтында өз деректерін көрсетуі тиіс.

Құқық қорғау органдары мен медицина қызметкерлері, арнайы қызметтер, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлері, одан бөлек, жүк машиналары, транзиттік көліктер рұқсатнамасыз жүріп-тұра алады. Тұрақты тіркелген орны Қарағанды облысында болса да, рұқсатнаманың қажеті жоқ. Сондай-ақ, емделуге келетіндер де сайтта тіркелмей-ақ облыс аумағына өте алады. Бірақ, вахта жұмыскерлері мен тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін және кері қарай жүретіндер өз деректерін propusk.kz сайтында қалдыруға міндетті.

Санитарлық бекеттерде полиция қызметкерлері мен дәрігерлер кезекшілік етеді. Жүргізушілер мен жолаушылардың денсаулық жағдайы мұқият тексеріліп, дене қызулары өлшенеді әрі сауалнама жүргізеді.

Елімізде биылғы жылдың 1 тамызынан коронавирус жұқтырған 37 962 жағдай тіркелген, оның ішінде 28 787-сі жазылып шықса, 402 адам қайтыс болған. Ал, 2 қарашадағы ресми мәліметтер 442 адамда COVID-19 анықталғанын көрсеткен. Жұқтырушылар ең көп тіркелген – Шығыс Қазақстан облысы. Тест тапсыру барысында бір тәулікте 245 адамнан инфекция анықталған. Одан кейін 35 науқас тіркелген – Солтүстік Қазақстан облысы. Қарағанды облысында 16 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған.

Ал, коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмония бойынша бір тәулікте елімізде 41 жағдай тіркелсе, 32 адам сауығып шыққан.

Айта кету керек, 1 тамыздан елімізде пневмониямен ауырған 38 003 адам болса, жазылып шыққандар саны 28 819-ға жеткен.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button