Жаңалықтар

Жас дарындар марапатталды

Қарағандыда Еріктілер жылы аясында «Жас өркен» республикалық балалар сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Марапаттау салтанатына облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ қатысты.

«Жас Өркен» республикалық сыйлығы «Жылдың халық сүйіктісі» қазақстандық ұлттық сыйлығы аясында тағайындалды. Ұйымдастырушы – «Республика – Аймақ – Даму» қоғамдық қоры. Аталған қоғамдық марапат жас дарындарға тапсырылады. Жеңімпаздар халықтық дауыс беру арқылы анықталады.

Абзал Нүкенов байқау ұйымдастырушыларына алғыс айтып, жеңімпаздарды құттықтап, табыс тіледі.

– Сіздер алдарыңызға биік мақсаттар қойдыңыздар және оларға қол жеткізіңіздер. Барлық жеңімпаздар өз сыйлықтарына лайықты және әлі де еліміздің даңқын асқақтататындарына сенімдімін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Биыл іріктеу мен финалдық дауыс беру кезеңдері 1 наурыздан 12 сәуірге дейінгі аралықта өтті. Барлық номинациялар бойынша еліміздің әр өңірінен 300-ден астам жас қазақстандық ұсынылды. Дауыс берудің бірінші кезеңіне 126 адам қатысты. Финалдық шорт-параққа 56 адам өтті.

Әр номинацияда екі жеңімпаз анықталды. Гран-при ең көп дауыс жинаған қатысушыларға бұйырды. Дауыс беру қорытындысы бойынша ІІ орын алғандар лауреат атағына ие болды.

Бас жүлдені екі қарағандылық – Мәди Пазыл («Жас дарын») және Ақтоты Әбдіқаһарова («Жас қалам») иеленді. Сондай-ақ, төрт жерлесіміз лауреат атанды. Бұлардың қатарында Саят Абдолла («Жас блогер»), Бағлан Жаркенов («Үздік ерікті»), Самат Жүсіпов («Үздік ІТ-идея») және Мәдина Қайролла («Жас қалам») бар.

– XXI ғасыр – жастардың білімге, мәдени байлыққа, инновациялар мен өз бетінше білім алуға ұмтылуы тиіс уақыт. Біз бәсекеге қабілетті болуға және өз жерімізге, елімізге және халқымызға пайда әкелуге міндеттіміз, – деп атап өтті Гран-при иегері Мәди Пазыл. Бүгінде Мәди Жаңаарқа ауданындағы Б.Амалбеков атындағы орта мектепте оқиды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button