Жаңа оқу жылының жаңа белестері: Қарағандыда дәстүрлі тамыз кеңесі өтті
Кеше Қарағандыдағы «Достық үйінде» облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен «Білімнің басты құндылықтары: отаншылдық, білімге құштарлық, еңбекқорлық» атты облыс педагогтерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Жиынға қатысушылар өткен оқу жылында атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, жаңа оқу жылында жүзеге асырылатын жобалармен бөлісті. Облыс әкімі білім саласына қашанда қолдау білдіретіндігін жеткізді. Жиын соңында облыстың үздік ұстаздарына Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаты және облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды. Сондай-ақ, облыс әкімінің грантымен оқыған жас мамандар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
2025 жылға дейін жаңа мектептер салынады
Жиында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек 2025 жылға дейін облыста 19 жаңа мектеп салынатынын айтты. «Оқуға құштар мектеп» республикалық жобасы аясында кітапханаларды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Көркем әдебиет қоры жаңартылып, толықтырылды. Жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 245 миллион теңге бөлінді. Жеңіс Махмұдұлы облыс оқушыларының жетістіктеріне баға берді. Алғаш рет жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық және республикалық олимпиадалардың 52 жеңімпазы 50-ден 100 мың теңгеге дейін ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Тамыз кеңесінде облыс білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова өңірдегі білім саласының әр деңгейінде қандай жұмыстар атқарылып жатқанын атады.
2022-2023 оқу жылында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Бір топқа – екі тәрбиеші» жобасы іске асырылады. Электрондық қойма арқылы өнімдерді сатып алу және тарату, тамақтануды бақылау үшін «Виртуальды қойма» жобасы қолға алынды. «Электронды төлем» жобасы да қолданысқа енгізіледі. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алатынын атап өтті.
Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде «Ертегілер әлеміне ата-анамен бірге» жобасы аясында ата-аналарға психологтар мен әдіскерлер мектепке дейінгі жастағы балаларда кездесетін мәселелерді шешу үшін кеңес беретінін тілге тиек етті.
Ауыл мектептері қалай дамуда?
Білім басқармасы басшысының айтуынша, қазіргі уақытта ауыл мектептерінің дарынды балаларына ерекше көңіл бөлінуде. Ауыл мектептері арасында жүзеге асырылған «Қала – ауыл», «Жас математик», «Виртуалды мектеп» жобалары өз нәтижесін берді. «Ел үміті» жобасы бойынша «Мың бала» олимпиадасына ауыл мектептерінен 3538 оқушы қатысып, 45 оқушы жеңімпаз атанып, 14 оқушы мамандандырылған мектептерге қабылданған.
Сондай-ақ, балаларды кітап оқуға тартуға ерекше көңіл бөлінетінін атады. «Өкінішке орай, PISA зерттеулерінің нәтижелері бойынша Қазақстан оқушылары бұл бағытта артта қалып отыр, сондықтан жаңа оқу жылында «Оқуға құштар мектеп» жобасы жалғасады.
– Жаңа оқу жылында да «Репетитор» пилоттық жобасы жалғасады. Ауыл мектептерінің мыңдаған түлектері мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан түлектер үшін ҰБТ-ға онлайн-дайындық ұйымдастырылады. Жоба “Samgau Академиясы” дамыту орталығының бастамасымен жүзеге асырылды. Өткен жылы дамыту орталығы біздің 110 түлегімізді ҰБТ-ға тегін дайындады. Білім гранттарын алған түлектердің үлесі былтырмен салыстырғанда 29%–дан 32% – ға дейін өсті. Білім беру нәтижелері төмен мектептерді қолдау мақсатында «Жетістік формуласы» жобасы қолға алынып, 50 мектепті қамту жоспарланды, – дейді Гүлсім Қожахметова.
Білімпаздардың бірегей жетістігі
Басқарма басшысы өткен оқу жылында облыс оқушыларының жеткен жетістігін де айтып өтті. 2021-2022 оқу жылында оқушылар барлығы 79 медаль әкелген. Республикалық олимпиадада 2021 жылы 21 оқушы, 2022 жылы 37 оқушы, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардан өткен оқу жылында 42 оқушы жүлдемен оралды.
«Кадрлармен қатамасыз ету бойынша педагогтерді аттестаттауға өзгерістер енгізілгені белгілі. Бұрын 5 жылда бір рет өткізілсе, енді 3 жылда бір өткізіледі. Жас мамандар конкурстық талап бойынша жұмысқа қабылданады. Оқу-ағарту министрлігінің ұсынысымен жоғары оқу орнын бітірген түлектер «Педагог» санаты бойынша тест тапсырып, аттестаттаудан өтеді. Жаңа жүйе бойынша 13 170 педагог аттестаттаудан өтті», – деді білім басқармасының басшысы.
Биылдан бастап білім беруде ротация институты енгізілді. Ережеге сәйкес облыста білім беру ұйымдарының 104 басшысы ротацияға жатады. Биыл 98 басшы ротациядан өтті, оның ішінде жалпы білім беретін мектептің 41 басшысы бар екенін атап өтті Гүлсім Қожахметова.
Оның айтуынша, өткен жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан 24 қызметтік пәтер бөлінген. Бұқар жырау ауданының Доскей кентінде көппәтерлі тұрғын үй коммуналдық меншікке қабылданып, осы жерден білім саласы қызметкерлеріне де үйлер бөлінетін болады. Бұл жоба аясында бюджеттен 150 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
2 мыңнан аса бала тегін үйірмелермен қамтылады
Қосымша білім беру бойынша биыл мемлекеттен 62 млн. теңге қаражат қарастырылған. Бұл 2 мыңнан аса баланы тегін үйірмелермен қамтуға мүмкіндік береді. Былтыр өңірде 2 бизнес-инкубатор, 5 қосымша білім беру орталығы ашылды. Биыл 1 қыркүйектен бастап Нұра ауданында 50 орындық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы өз жұмысын бастайды. Қосымша білім берумен қамту жыл соңына дейін 69,5%-дан 75,3%-ға дейін ұлғайту көзделген. Басқарма басшысының айтуынша, 2023 жылы Балқаш қаласында және Шет ауданында қосымша білім беру орталығын ашу жоспарланған.
Өңірде 398 мектеп ата-анамен өзара іс-әрекеттің жаңа нысандарын енгізді. Жаңа оқу жылында мұндай қызмет облыстың барлық мектептерінде енгізіледі.
«Өткен жылы біз қосымша білім беруді цифрлық трансформациялау жұмыстарын бастадық. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және білім беру қызметтерін автоматтандыру үшін «Е-daryn» интерактивті қосымша білім беру платформасы енгізілді. Платформа үйірмелер мен секциялар туралы ақпарат алуға, онлайн-өтініш беруге мүмкіндік береді. Электронды журнал мен күнделік енгізілді. Ал, жаңа оқу жылында мемлекеттік білім беру тапсырысына өтінімдерді өңдеу функциясын енгізуді жоспарлап отырмыз», – деді Гүлсім Шабданқызы.
Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлу қажет
Тамыз кеңесінде Қарағанды қаласының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев «Балалар жылы» аясында Кеншілер шаһарында балаларға қандай жағдай жасалғанын атап, қала әкімдігінің балаларға әрқашан қолдау білдіретіндігін тілге тиек етті.
– Қалада «Баршаға арналған өнер» пилоттық жобасы басталды, онда оқушылар мен студенттер мұражайлар мен театрларға, концерт және көрме залдарына тегін барады, қызығушылықтары бойынша мастер-кластарға қатыса алады. «Астанаға саяхат» жобасы аясында көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 300-ге жуық бала Нұр-Сұлтан қаласына барып, саяхаттады», – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, жиын барысында балалардың коммуникативтік құзыреттілігін арттыруға көмектесетін дебат ойындарын жетілдіру бойынша мәселелер айтылды. Алдағы уақытта өңірдегі мектептерде 100-ге жуық пікірсайыс клубы ашылады.
«Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебінің негізін қалаушы Ырысбек Мәуіт «Жас математик» жобасының оқушылардың білімін жетілдіруде зор нәтиже бергенін атай келе, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға көңіл бөліп, жаңа жобалар құру қажет деп ұсыныс тастады.
Одан бөлек, тамыз кеңесінде инклюзивті білім беру жөнінде маңызды мәселелер аталды.
Жиын соңында облыстың үздік ұстаздарына Министрліктің Алғыс хаты және облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды. Ал, облыс әкімінің грантымен оқыған жас мамандарға ноутбук сыйға берілді.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.