Баянбек АСПАНДИЯРОВ: «Пневмония балаларда да кездеседі»
COVID-19 таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия ұсынған 22 қарашадағы мәліметтер бойынша, елімізде 716 адамда коронавирус инфекциясы анықталып, барлығы 126 182 жағдай тіркелді. Қарағанды облысында 20 адамда КВИ оң нәтиже көрсетті, 10 957 адам вирус жұқтырған. Қазіргі таңдағы бұл көрсеткішті коронавирус белең алғанда вахталық әдіспен жұмыс істеген инфекционист, облыстық клиникалық аурухананың жедел ішек инфекциясы бөлімі меңгерушісі Баянбек АСПАНДИЯРОВ «жақсы» деп санайды.
– Коронавирус инфекциясы көптеп анықтала бастаған тұс – 2 сәуірден бастап вахталық әдіспен жұмыс істедім. Бірнеше жердегі провизорлық стационарларда болдым. Қалыпты жұмысыма оралғаным, міне, бүгін ғана. Ең қиыны шілдеде болды. Себебі, ол кезде жағдайы нашар науқастар түсті. Бір ай үзіліссіз жұмыс істедік, алмастыратын ешкім болған жоқ. Қазір ахуал қалыпты, ол кездегімен салыстыруға да келмейді.
– Ересектер мен балалар арасында коронавирус инфекциясын емдеудің ерекшелігі қандай? Басқа дәрілер қолданылады ма әлде мөлшері азайтыла ма?
– Әуелде айтылғандай, балалар арасында вирустың таралуы айтарлықтай болған жоқ. Олар ауырса да негізінен жеңіл және орташа деңгейде өтті. Орташа деңгейде қалтырау, жөтел, ентігу сияқты белгілері байқалады және пневмония анықталады. Ол рентген немесе КТ нәтижесінде белгілі болады. Емдеу шаралары вирусқа қарсы дәрілерді баланың жасына және салмағына қарай мөлшерлеу арқылы әр балаға лайықтап жүргізіледі.
– Тәжірибеңізде кездескен ең ауыр жағдай қандай болды?
– Коронавирустың шарықтап кеткен тұсында өкпесінің 90 пайызына вирус жұққан 76 жастағы науқасты емдедік. Ол кезде реанимацияда орын жоқ. Палатада қолда бар аппараттарды пайдаланып емдедік. Науқас 21 күн, өз бетінше дем алғанша жатты. Балалар арасында 8 айлық баланы емдедік.
– Біздегі ем жүргізу хаттамасы қаншалықты дұрыс? Тікелей жұмыс істеген маман ретінде не айта аласыз?
– Кейінгі 15 шілдедегі хаттама жан-жақты сипатталған. Жалпы кез келген құжат – тәжірибе негізінде қалыптасады. Сондықтан, соңғы хаттама ақпараттық, талдамалы тұрғыдан толымды болды. Практика жүзінде тиімді деп айта аламын. Қазір тағы да толықтырулар жасалып, жаңа хаттама дайындалуда.
– Балалар арасындағы коронавирус кезінде іш өтеді делінген болатын. КВИ-дің осы белгісі мен әдеттегі ішек инфекциясын қалай ажыратуға болады?
– Коронавирус негізінен гастроэнтерологиялық әсер етеді. Яғни, балада іш өтеді. Бірақ, оны бірден КВИ деп айтуға болмайды. Әуелі балаңызды байқастаңыз. Тамаққа тәбеті болмаса, әлсіздік, құсқан жағдайда емханаға апарыңыз. Коронавирус тек ПТР тестілеу арқылы ғана қойылады.
– Ал, өзіңіз ауырдыңыз ба?
– Жоқ. Ауру белгілері байқалды, ПТР тест теріс нәтиже көрсетті. Бірақ, иммуноглобулин тапсырғанымда, вирусқа қарсы антидене анықталды. Жеңіл түрімен ауырған шығармын.
– Қазір облыстық инфекциялық аурухана қалай жұмыс істеп жатыр?
– Мұнда жоспарлы деген жоқ, барлығы жедел түрде келіп түседі. Әуелі фильтрден өтіп, тиісті тестілеу жасалады. КВИ-ге теріс нәтиже көрсеткен кезде ғана бөлімшеге ауыстырылады. Қазір 23 бала бар. Оның 17-сінде тестілеу теріс нәтиже көрсетті. 5 баланың нәтижесін күтіп отырмыз. Ал, 5 адам коронавирустан емделуде.
– Вирустың екінші толқыны бола қалған жағдайда тағы да вахталық әдіспен кетесіз бе? Бас тарту мүмкіндігі бар ма?
– Инфекционист мамандар жеткіліксіз болғандықтан, бас тарту деген болмайды. Қай жерге біздің көмегіміз қажет болса, сонда барамыз. Осы ретте тұрғындардан жеке тазалықты сақтап, көпшілік жиналған жерлерге бармауды өтініп сұраймын. Өз-өзімізді сақтайық.
– Әңгімеңіз үшін рахмет!
Әңгімелескен Жансая ОМАРБЕК.