YDD әлеуметтік жауапкершілікті арттырды
«YDD Corporation» ЖШС-нің ферроқорыту зауыты металлургияда туындаған қиындықтарды жеңді. Соның арқасында өндіріс қуаттылығын арттыра түсті. Өндірістің басты өнімі – жоғары маркалы ферросилиция. Бұл өнім болатқа қоспа қосуда, шойындарды балқытуда, металдардың тозу төзімділігін механикалық тұрғыда жақсартуда қолданылады. Зауыт өндірісті тоқтатқан жоқ, керісінше, өнім көлемін де ұлғайтты. Әлеуметтік жауапкершілікпен қатар, шетелге өнім экспорттауды батыл жалғастырып келеді.
- Қазіргі кезде өндірістегі дайын өнімнің қазақстандық мазмұнды қамтуда 100 пайыз екендігі – маңызды фактор. Барлық қажетті шикізаттарды, көмір, кварцит және басқа да керек өнімдерді отандық кәсіпорындар жеткізеді. Шикізаттар жөнінде ұзақмерзімді келісімдер жасалды. Біз өндірісті тоқтатпай, үздіксіз жұмыс істеуі үшін қолымыздан келген мүмкіндіктің барлығын қарастырамыз. Бұған қоса, зауыттағы жұмысшыларымыздың қауіпсіздігін естен шығармаймыз, – дейді зауыт акционері Ерлан Нығматулин.
Атап өткен жөн, зауыт – «Қазақстанның Даму банкінің» серіктесі. Банк өз серіктестерінің елдегі күрделі ахуалда сырт қалмағанына ерекше ілтипат білдіріп отыр. Зауыт бұған дейін індетке қарсы күреске орай қоғамдық қорға 100 млн.теңге және жұмысшылары бір күнгі жалақыларын аударған болатын.
«Біз серіктестеріміздің әлеуметтік жауапкершілікті мойнына алып, елдегі жағдайды шешуде үн қосқанына қуаныштымыз. Жобаның құны – 36,5 млрд.теңге болса, «Даму» банкі 11 жыл мерзімге 24,1 млрд.теңге несие берді. Қиын кезеңде серіктестеріміздің тыңнан жол тауып, кедергілерді жеңе білгенін ерекше атау– абзал» – дейді «Даму» банкі басшылығы.
2019 жылдың шілде айында ғана ашылғанына қарамастан, зауыт әлемдік нарыққа шығып үлгерді. Сөйтіп, ферросилиция өндіретін әлемнің ТОП-5-нің қатарын толықтырды.
«Бүгінде біз дайын өнімді жеткізудің тізбегін байыппен қадағалап, экспорттың географиясын ұлғайтып келеміз. Өнім 100 пайыз экспортқа бағытталған өнім екенін білесіздер. Сондықтан, өнім сапа саласындағы әлемнің жоғары талаптарына толықтай сәйкес. Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Еуропа елдері, БАӘ, Колумбия, Израиль және өзге де елдерге экспортталады», –дейді зауыттың акционері Давид Кемертелидзе.
Қазіргі уақытта зауытта 500 адам еңбек етуде.
Қызғалдақ АЙТЖАН.