Жаңа оқу жылының басталуына аз қалды. Биыл оқушыларды оң өзгерістер күтіп тұр. Олардың 1 күндік сабақ жүктемесі азайды, нәтижесінде оқу мерзімі 31 мамырға дейін ұзартылмақ. Осы және облыстың жаңа оқу жылына дайындығы жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтып берді.
Биыл 17 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын аттайды. Облыстың 202 мектебінде 3 542 баланы қамтитын бөбектер мектебінің жұмысы ұйымдастырылған. Басқарма басшысының айтуынша, оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешілген. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға 2,3 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалып, оқушыларға тегін таратылады. Гүлсім Қожахметова ата-аналарға балалары үшін оқулық сатып алудың қажеттілігі жоқ екенін еске салды.
Сонымен қоса, білім берудің бекітілген мемлекеттік стандартына сәйкес жаңа оқу жылында бірқатар өзгерістер орын алмақ. Атап айтқанда, оқу процесінде өзгерістер бар. Биылдан бастап оқу апталарының саны 34 аптадан 36 аптаға ауыстырылады, есесіне оқушылардың апталық жүктемесі азайды. «1-4-ші сыныптарда жүктеме 29 сағат болса, биыл 27 сағат болады. Ал, 5-ші сыныпта 32 сағат болса, енді 29 сағатқа ауыстырылады.10-11-ші сыныптарда 39 сағат болса, енді 35 сағатқа қысқарады», – дейді Гүлсім Шабданқызы.
Орта есеппен оқу жүктемесі 12 пайызға төмендетіледі.1-2-ші сынып оқушыларына күндізгі жүктеме бойынша 4-5 сабақ болады, 3-6-шы сынып – 5-6 сабақ оқиды, 7-11-ші сынып оқушыларына бір күнде 6-7 сабақ қойылады.
Нәтижесінде оқу мерзімі де ауысады. Жаңа оқу жылы 1 қыркүйектен басталып, 31 мамырда аяқталады. Каникул ұзақтығы бойынша оқушылар күзде 7 күн, қыста 9 күн, көктемде 9 күн демалады.
«Осының барлығы бізге бес күндік оқу аптасына және педагогтар үшін бес күндік жұмыс аптасына көшу бойынша жұмысты ұйымдастыруға мүмкіндік береді», – дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, биылдан бастап жалпыға міндетті білім беру қоры аясында оқушыларға материалдық көмек көрсету ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізілді.
– Осыған дейін материалдық көмек мектеп формасы мен кеңсе тауарлары түрінде көрсетілсе, биылдан бастап, қаражат ата-аналардың немесе заңды өкілдердің шотына аударылады. Көмек сомасы 37 389 теңгені құрайды. Ол үшін ата-аналар мектептерге тиісті құжаттарды ұсынуы керек, – деді Гүлсім Қожахметова.
Әлеуметтік осал отбасынан шыққан 15 мыңға жуық оқушыға мектеп формасы мен кеңсе жабдықтарын алуға материалдық көмек берілген. Сонымен қоса, 1 тамыздан басталған «Мектепке жол» акциясы аясында 1354 оқушыға көмек көрсетілген. 20-21 тамызда «Global city» сауда үйінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп отандық өндірушілердің мектеп формасын, сондай-ақ, кеңсе керек-жарақтарын төмендетілген бағамен сату көрмесі өтетіндігін, мұндай жәрмеңкелер барлық қалалар мен аудандарда ұйымдастырылатынын атап өтті.
Ал, арнаулы орта білім беру ұйымдары бойынша колледжге оқуға түскісі келген талапкерлер «электрондық үкімет» порталы арқылы немесе колледжге 25 тамызға дейін құжат тапсыруы тиіс. Әр талапкер 4 мамандық пен 4 колледж таңдай алады және таңдауды үш рет өзгерте алады.
Конкурс аттестаттың міндетті және бейіндік пәндерін бағалаудың орташа конкурстық балы бойынша білім басқармаларының ақпараттық жүйесі арқылы өткізіледі. Биыл 10 мыңнан аса талапкер конкурсқа қатысуға өтініш берген. Айта кетейік, Президенттің тапсырмасына сәйкес кәсіптік және техникалық білім беру мамандықтары бойынша колледждерге 7392 грант бөлінген.
Сондай-ақ, биыл Қарағанды қаласындағы 11А ықшамауданында жаңа мектеп есігін айқара ашпақ. Сонымен қоса, Теміртау қаласындағы №12 мектеп ғимараты қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілмек.
Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова сұрақтар туындаған жағдайда жедел желіге хабарласуға болатынын еске салды. Телефоны 25-25-02 және 8 747 491 1291. Сондай-ақ, КАРБИЛИМБАСКАРМА телеграмм-каналы арқылы байланыса алады.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.