Жаңалықтар

Заманауи камера – қылмысқа тосқауыл

Облыстағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған бағдарлама қорытындысы шығарылды. Осы кезеңде ұрлық саны айтарлықтай төмендеді. Бүгінде құқықтық тәртіпті жақсарту үшін бейнебақылау жүйесін жаңарту жоспарлануда. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК одан әрі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды.

– Бейнебақылау камералары – қылмысты ашудың ең тиімді тәсілдерінің бірі. Облыста барлық құқық бұзушылықтардың 46%-ын құрайтын ұрлық жиілеп кетті. Мысалы, камералардың арқасында өткен жазда Land Cruiser 200 автокөлігінің ұрлануы жедел түрде ашылды. Қаладан шыға берісте және кіреберістерде бақылау жүйелерінің санын көбейту керек. Бұл ұрланған машиналар мен малды басқа өңірлерге немесе шет елдерге қайта сату үшін шығару жағдайларын жедел ашуға көмектеседі, – деді Қарағанды облысы бойынша полиция департаменті басшысының орынбасары Әбіл Әбілдин ведомствоаралық комиссияның онлайн режиміндегі отырысында.

Өңірде барлығы 6586 бейнебақылау камералары бар. Олардың кейбіреулері мектепке дейінгі мекемелерде, қоғамдық орындарда және жолдарда орнатылған. Адамдар көп жиналатын орындарда – автобус аялдамаларында, саябақтар мен гүлзарларда мыңнан астам бейнебақылау жүйелері орналасқан. Жабдықтарды жаңартып, қылмыскердің бет-әлпетін тану жүйесі бар заманауи камераларды орнату ұсынылды.

Ведомствоаралық комиссия отырысында мал ұрлығы, жол-көлік оқиғаларының жағдайы талқыланды.

– Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі келесі жылдарға арналған бағдарлама жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Оған барлық айтылған ұсыныстарды – камералар, малды чиптеу және тағы басқаларын қосу қажет. Бұл – қажетті бағдарлама. Оны әзірлеуге бір ай уақыт беремін, – деп қорытындылады Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы қоғамдық көліктің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасының алдын алуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button