Ресми

Кие мен жүйе

Тәуелсіздік – кие!

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздікті баянды ету – оған қол жеткізуден де қиын» деп Ұлы ұғымның киесін салмақтады. Міне, Көшбасшымыздың осы сөзінің астарында әр азаматтың жүрегіне ұялауға тиіс зор жауапкершілік жатыр. Соны сезінетін оты бар жүрек, заты бар жүйе керек бізге.

 

Иә, біз – Тәуелсіздік игілігін көрген ұрпақпыз. 29 жыл. Аз уақыт деуге аузың бармайды, көп уақыт деп көлгірсуге де болмас. Осынау қас-қағым сәтте ғарыштық жылдамдықпен дамып, әлемдік аренада орасан мүмкіндіктерге қол жеткіздік. Есілдің жағалауынан Елорда тұрғызып, қызыққанның көзайымына, қызғанғанның өз айыбына айналдық. Асу-асу белді асып, асқар-асқар биіктерді бағындырдық. Рас, алғашында сағым қудық, келе-келе бәсекеге түскенді жаңылдырдық. Кеңестің құрамынан соңғысы болып шықсақ та, елестің соңынан көп жүргеніміз жоқ. Аңызымыз – ақиқатқа, намысымыз наркескенге айналды! Ғасырлар бойы дамушы елдер қатарынан өрге көтеріле алмаған кейбір елдерді шаң қаптырдық. Арымызды ардақ қылдық. Әйтеуір, самғап тұрдық!

Осының бәрі – Тәуелсіздікпен келген бақытымыз.

Дегенмен, мен айтып отырған Кие мен жүйенің арасында алшақтық бар. Жүрегімізге жөргектеп, санамызға құндақталған Тәуелсіздік атты құндылық жайлы ой тербей қалсаңыз, санамыздан саңылау тауып алады да, жалаң ұран ұрланып сығалайды. Жасырары жоқ, біз Тәуелсіздіктің құнын ұраншылдықпен арзандатып барамыз.

Ана бір күні «Болашақ» бағдарламасымен шетелден білім алып келген бір жас өрен: «Қайтадан шетелге кетемін. Қазақстанда тұрғым жоқ» деді. Төбемнен жай түскендей сезіндім өзімді. Себебін сұрадым. Ол қынжыла отырып, түсіндірген болды. Оның ойлауынша, біз жалаң ұран, жарамсақ мінезге бой алдырып алғанбыз. Біз Тәуелсіздік ұғымына, яғни, суверенитетке сувенир деп қарайды екенбіз. Ой еркіндігі, тіліміздің тәуелсіздігі жоқ. Ойының астарына үңілсеңіз, ақиқат қылаң береді.

Шынымен-ақ, азаттық ұғымы алданыш емес! Еркіндігіміздің еншісі, Тәуелсіздігіміздің тамыры – тым әріде. Ол – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома! Біздің халықтың адал ниеті мен мәдениетін көп көршілеріміз кезіндегі Одақ деген ордалы үйден жасауымен ұзатылған қыздың инабатындай көреді. Жоқ, олай емес! Жетпіс жыл желдеп кеткен үйірдей «Коммунизм елесін» қуған көштен Одақтың арбасы күйреп барып, оқшауландық. Елес қуған қоғамда ес бола ма?! Дорбамыздың түбін қағып, түк таппасақ та, ордамызды тіктік. Бақытымызды бағамдап, бағытымызды айқындадық. Көп кешікпей, көшіміз түзелді. Тағдырымызды Нұрсұлтандай нар тұлғаға табыстап, Ұлы көшке сәттілік тіледік.

Қайталап айтамын, Тәуелсіздік – кие! Киесін ұғынған ұрпақ қана иесі бола алады.

Бізде қалай? Біз Ұлы мұраттың мұрагері емес, дақпырттың куәгері деңгейіне төмендеп келеміз. Тәуелсіздік мейрамының өзін шырша тойының көлеңкесінде жүрдім-бардым атап өтуге дағдыланып алдық. Науқаншылдық деген науқастан арылу керек бізге! Келер жылдың басты идеологиясы Тәуелсіздіктің мерейтойын ардақтауы һәм салмақтауы тиіс. Тәуелсіздік мерекесі, яғни, арайлы азаттығымыздың отыз жылдық мейрамы белгілі бір күнге жоспарланған ұзатылар қыздың немесе үйленген ұлдың тойы емес! Отаршылдық үрейден Отаншылдық санаға бетбұрыс жасайтын кез келді! Жас ұрпақтың санасында Тәуелсіздік ұғымының шырша тойы құрлы құны болмаса, Мәңгілік Елдің ертеңі еңселі болады деп айту қиын.

Тәуелсіздіктің киесі де, иесі де бар. Тек жүйенің пиғылына төңкеріс қажет! Өйткені, ой-санамыз тәуелсіз болмайынша, ел тәуелсіз болады дегенге ет пен сүйектен жаралғанның ешқайсысы сенбейді. Біздің жүйеде сананы бұғаулау әрекеті әлімжеттік қылып тұр!

Әрі-беріден соң, осы Тәуелсіздікті баянды ету жолындағы Елбасының төккен тері мен еліміздің шыққан төрі – бақытымыз! Осыны түйсінетін сана керек бізге!

Өз дәуірімізге Абай болып ой айта алмасақ та, абайлайық! Соңымыздан жаңаша ойлайтын ұрпақ ілесіп келеді. Сол буынға Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түйсіндіре алмай, түңілгеннен сақтасын!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button