СпортСұхбат

Абылайхан ЖҮСІПОВ: «Риоға барарда не болғанын маған жақын адамдар ғана біледі…»

Адамзатты алаңға салған COVID-19 талай жоспарлы іске кедергі болды. Әлемге сауын айтқан Токио Олимпиадасының өзі келесі жылға шегерілді. Мұның спортшыларымызға әсері қандай болмақ? Бокстан еліміздің екі дүркін чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін қола, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Абылайхан ЖҮСІПОВПЕН осы жөнінде сұхбаттастық. Айта кетейік, жерлесіміз өткен жылы 69 келі салмақта Олимпиадаға лицензия алған болатын.

«Олимпиаданың өтпей қалғанының оң әсері де бар»

– Абылайхан, коронавирустың әлемге қандай зардабын тигізгенін көріп отырсың. Осы індет спортшыларға қалай әсер етті? Дайындыққа кедергі келтірген жоқ па?

– Былтыр лицензияны алып қойғанымызды білесіз. Бірақ, мына вирустың кесірінен Олимпиада бір жылға шегеріліп, сәтін салса 2021 жылы өтетін болды ғой. Әрине, біраз қиындық туғызып жатыр. Көптеген оқу-жаттығу жиындары өтпей қалды. Себебі, спорт мекемелері жұмыс істеген жоқ, бізге спарринг партнерлер жеткіліксіз болды. Соған орай бастапқыда біраз кідіріп қалдық. Дегенмен, карантинде қарап отырмай, жаттығуларды жалғастырдық. Талаптарды сақтап, аға бапкерлермен бірге далада, спорт алаңдарында күнделікті жаттығып жүрдік.

– Қазір дайындықты күшейтуге мүмкіндік туған шығар.

– Иә, кейінірек спорт нысандары ашылып, дайындыққа қайта кірістік. Жаттығуды сағынып қалыппыз. Өзім кейде Абай қаласына барып жаттығамын. Себебі, әке-шешем сол жақта. Аға бапкерім де сонда тұрады. Кейде Қарағандыда боламыз. Негізі, күніне орта есеппен бір жарым-екі сағаттан екі мезгіл шұғылданамыз. Таңертең Қарағандыда болсам, кешке Абайға барып жаттығуға тырысамын.

– Олимпиаданы келесі жылға шегергені қалай әсер етті? Жалпы, спортшыларға бұл пайдалы ма, әлде теріс ықпалы көп пе?

– Әсері жақсы ма, жаман ба дегенге толық жауапты Олимпиада нәтижесі беретін болар. Дегенмен, өзім үшін жақсы болды деп санаймын. Себебі дайындалып үлгеруге мүмкіндік пайда болды. Осы жолы лицензияны өте кеш үлестірді. Бұрын Олимпиадаларда кімнің баратыны бір жыл бұрын анықталатын болса, осы жолы лицензиялық жарыстар додаға үш ай қалған кезде ғана басталды. Тіпті, кейбір елдер лицензияны әлі алып үлгерген жоқ. Мысалы, Еуропа мен Америка құрлығынан Олимпиадаға кімдердің келетіні әлі белгісіз. Сондықтан оның кейінге қалуы дайындық тұрғысынан спортшыларға жағымды болған сияқты.

– 69 – қазақ үшін ерекше салмақ. Тіпті, шетелдік спортшылардың да «бұл – қазақтың салмағы» деген пікірін оқыдым. Осы категорияда қатарынан төрт Олимпиадада жерлестеріміз чемпион атанды. Енді күллі жұрт қайтер екен деп, өзіңе қарап отыр. Осы жағдай көңіліңді алаңдатып жүрген жоқ па?

– Шынымды айтсам, соншалықты алаңдап жүрген жоқпын. Көңілім орнында. Алаңдау, жауапкершілік жүгі деген кез келген турнирдің алдында болады. Себебі өзіңнің ғана емес, тұтас елдің намысын қорғауға бара жатасың. Тіпті, басқасын айтпағанда осы ел бізді қаншама дайындады, қаншама ресурс жұмсады, сондықтан сенімді ақтау керек деген ойдың өзі үлкен жауапкершілік жүктейді. Ал, Олимпиадаға бара жатқанда жүктің одан екі есе көп болатыны түсінікті ғой. Алаңдаушылық болады, бірақ соны жеңе білуіміз керек.

«Өзбек жанкүйерлерінің қолдауына таңғалдым»

– Кейбір елдер әлі лицензия алған жоқ дедің. Бірақ жобамен кімдер баратынын біліп те отырсың. Солардың ішінде басты қарсылас деп кімді айтар едің?

– Иә, Азиядан және Африка елдерінен кім баратыны белгілі. Аллаға шүкір, біздің ел сегіз салмақтан да лицензия алды. Еуропадан қандай боксшылар келетіні анықталған жоқ. Қалай болатынын білмейміз. Дегенмен, деңгейлеріне қарап, кімдердің іріктеліп шығатынын жорамалдап отырмыз. Осыған орай айтар болсам, өз салмағымда біріншіден Куба боксшысы мықты қарсылас деп санаймын. Сосын Ұлыбритания, Ресей және Өзбекстан боксшылары басты бәсекелес болады деп ойлаймын. Осыларға қарсы тыңғылықты дайындалып жатырмыз.

– Айтпақшы, бір бәсекелесің қазір кәсіпқойға кеткен өзбек боксшысы Шахрам Гиясов еді. Онымен екі рет жекпе-жекке шықтың. Екеуінде де ол алға озды…

– Иә, 2017 жылы екі рет кездестім. Ұпай санымен басым болды.

– Сол туралы не айтасың, тәжірибе жетпеді ме, әлде дайындық аз болды ма?

– Ол кезде ме?.. Ол кезде бәрі жетіп тұрды. Азия чемпионатында жеңілгенімді мойындаймын. Физикалық дайындық дұрыс болмады ма, психологиялық әзірлік дұрыс болмады ма… Жарыс Шахрамның өз жерінде өтті. Он салмақтың тоғызында өзбек боксшылары финалға шығып тұр. Рингке келе жатқанда қарасам, трибуна толы өзбек жанкүйерлерлері. Зал гу-гу етіп тұр екен. Кәдімгідей қабырғалар дірілдеп, дабылы төменде жаттығып жатқан бізге естіліп тұрды ғой. Құлақ тұндырған шу. Өзбек боксшысының қолы иығыңа тиіп кетсе де, зал шу ете қалады. Сол тұста жастау болғандықтан, мүмкін сондай жағдайларға дайын болмаған шығармын. Өйткені, көрерменнің залды осынша кернегенін бірінші рет көруім еді.

Ал, әлем чемпионатында, Аллаға шүкір өзімді жақсы сезініп, физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да дайын бардым. Сол жолы жақсы бокстастым деп ойлаймын. Бірақ, төрешілер сондай шешім қабылдады. Оған біз ештеңе айта алмаймыз.

– Кейбіреулер «Залдың қатты шулағаны кедергі» дейді. Кейбір спортшы «Жанкүйер айқайы жігер береді» дейді. Қазір карантин кезінде көптеген жарыс жанкүйерсіз өтіп жатыр ғой. Әсері қалай екен?

– Негізі жанкүйерлер расымен дем береді. Фан-топтар бар, мысалы Ақтау жақтың жігіттері бүкіл жарыстарға барып, барабандарымен қолдап жүреді. Онысы кәдімгідей шабыт береді. «Қазақстан!» деп ұрандап тұрғанда қалай жігерленбейсің?! Мен үшін ол үлкен роль атқарады.

– Сонда жекпе-жек үстінде көрермендердің айғайын естисіңдер ғой? Кейбір спортшы «естімейміз» дейді…

– Әрине, жанкүйерлердің де, бапкердің де даусын естиміз. Менің жеке бапкерім әр жарысқа бірге барғанымен, кейбір кезде АІВА-ның талаптары бойынша рингке шыға алмай, трибунада отырады. Мен оның нұсқауларын сонда да естіп жүремін. Мүмкін ол басқа бапкерлерге «үндемеңдер, мен ғана сөйлеймін» деп, ескертіп қоятын шығар. Әйтеуір, көптің ішінен өз бапкерімнің даусы құлағыма жетіп жатады.

«Замковоймен қайта кездессем деймін»

– Амманда лицензия алғаныңмен, жартылай финалдан өтпедің. Осыдан соң бас бапкер Ғалымбек Кенжебаевтың: «Абылайхан өзін тым классикалық бағытқа бейімдегеннен ұтылған сияқты. Жойқын соққылар жетіспеді, осыны қалыпқа келтіру керек» депті. Бұған не айтасың?

– Әрине ол да керек. Меніңше боксшыға кез келген стильде бокстасу артық етпейді. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

– 69-дағы тарландардың бірі – ресейлік Андрей Замковой. Былтыр Екатеринбургте жартылай финалда оның бәсі жоғары болды. Бұл жастық жігерден тәжірибенің озатынын көрсетті дейміз бе, қалай?..

– Негізі, тәжірибенің маңызы үлкен ғой. Замковой рингте көп жүрген боксшы, тәжірибесі мол екен. Психологиялық тұрғыдан қысым болған жоқ. Бұл жекпе-жекте техникалық жағынан дайындық жетпей қалды ма деп ойлаймын. Бірақ, өздеріңіз қарап көрсеңіздер, жекпе-жек өте жақсы өтті. Кейінірек өзім де қайта көріп, тактикалық тұрғыдан қандай қателіктер болғанын бақыладым. Енді алдағы жарыстарда сол жігітпен қайта кездессем деп дайындалып жүрмін.

– Замковой да Олимпиадаға барсам деп жүр ғой…

– Менің ойымша, ол Токиоға жетуге барын салады. Екі рет қатысып, бір рет қола жүлде алды. Тағы бір рет бақ сынап көреді деп ойлаймын.

– Енді ішкі біріншілікке ойыссақ. Осы 69 келіде Асланбек Шымбергенов екеуің бәсекелес сияқты көрінесіңдер. Кезектесіп екі дүркін еліміздің чемпионы болдыңдар. Жалпы, Асланбектің әлеуетін қалай бағалайсың? Кейбіреулер Олимпиадаға Абылайхан емес, Асланбек барғаны дұрыс еді деп те айтады…

– Оны жарыс көрсетеді деп ойлаймын. Әр адамның ойы әртүрлі. Аға бапкерлердің өз ойлағаны бар дегендей. Өзім Асланбекті қатты сыйлаймын. Иманы мықты жігіт. Керек кезде ақыл-кеңесін де аямайды. Мен жарысқа кетіп бара жатсам, ақ жол тілеп шығарып салады. Біріміз жарақат алып, екіншіміз жарысқа бара жатқанда да арамызда көреалмаушылық болған емес. Лицензия алған кезде де, алғаш болып құттықтағандардың бірі де Асланбек. Оны боксшы ретінде де, адам ретінде де қатты құрметтеймін.

– Осы салмақта Асланбектен басқа тағы кімді бәсекелес санайсың?

– Негізі, елімізде дарынды боксшылар өте көп, соған қуанамын. Біздің орнымызды басатын талай жігіт бар. Мысалы Талғат Шайкен – талантты боксшы. Ол қазір кәсіпқойға ауысып, Алматыда жекпе-жек өткізді. Сосын, Тәкежан Аятолла деген жақсы боксшы бар. Ұлттық құраманың сапында. Қазір 64-тен 69 келіге Төлтаевтар ауысып жатыр. Олар да жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Сондықтан, бәсеке өте жоғары деп айтуға болады.

– 2014 жылдан бері үш рет салмақ ауыстырдың. Осы салмақ өзіңе ыңғайлы ма, 69-да қала бересің бе?

– Иә, 69 келіге әбден үйрендім, осы салмақта қала беремін. 2016 жылы алғаш ауысқанда бұл салмақ үшін дайын емес едім. Себебі бастапқыда салмақ қумағандықтан, бойымда бір ауырлық болды. Ал қазір жаттығып, артық салмақтан арылған кезде, өзімді жақсы сезініп жүрмін.

«Головкин жеңеді деп ойлаймын»

– Рио Олимпиадасына барғаныңмен, сәттілік серік болмады. Сол жолы тәжірибе аз болған сияқты ғой?

– Сәтілік серік болмады деп айтпас едім. 19 жаста Олимпиадаға барудың өзі сәттілік деп ойлаймын. Бұл жарыс маған өте үлкен сабақ болды. Сол жолы не болғанын білетіндер де, білмейтіндер де бар. Негізі, Риоға барарда не болғанын маған жақын адамдар ғана біледі. Лицензиялық турнирде қатты жарақат алып, екі айдай жаттығуды күшейтуге мүмкіндік болмады. Өте қатты ауырдым. Неден болғанын білмеймін. Бірақ, қасымда жақсы адамдар болып, аяғымнан тұрып кеттім. Бұл кезде Олимпиадаға бір айдай уақыт қалған. Сол бір ай ішінде жаттығуға қатты күш салдым. Уақыт өте тығыз болды. Физикалық тұрғыдан дайындық аз болды, жарақат алдым.

– Осы Олимпиадада бокс турнирін АІВА өткізбейді деп жатыр ғой. Бұл құрамаға қалай әсер етеді деп ойлайсың?

– Соңғы кезде АІВА төрешілеріне қатысты жағымсыз пікірлер көп. Әділетсіздікке жол берілгені айтылып жүр. Өздеріңіз де көрдіңіздер, 2016 жылы Левиттің жекпе-жегінде әділетсіздік болғаны айтылды. Одан бөлек Ералиевтің жеңісін алып қойды. Неге екенін, ол туралы көпшілік айтпайды. Бірақ, өз басым Олимпиадада Қайрат Ералиев жеңілді деп есептемеймін. Олжас Сәттібаев керемет жекпе-жек өткізді, берген жоқ. Әлімханұлы да ұтылды деп санамаймын. Сондай сәттер көп болды, бірақ барлығын бірдей теледидардан көрсеткен жоқ. Өйткені, олар бастапқы жекпе-жектерде ұтылды. Бірақ, жігіттер көрді оны. Өзіміз де біліп отырдық. Олимпиадаға бәрібір сол төрешілер келеді. Бәріне дайын болу керек. Дегенмен, мықты болсаң, қандай төреші болса да, өзіңді дәлелдей аласың.

– Бүкіл әлем талқылаған Головкин мен Альварес жекпе-жегі туралы пікіріңді айтсаң. Біреулер жеңді дейді, екіншілері жеңілді дейді. Сен не дейсің боксшы ретінде?

– Генаның жекпе-жегін ешқашан жібермей, таң атпай тұрып көреміз ғой. Әрине, ол жерде де әртүрлі мәселелер бар. Жас келген кезде бір ауырсаң, жазылу қиын. Жас кезде тұмауратып қалсаң, бір-екі күн жатып, додаға кіріп кетесің. Ал, жас ұлғайғанда ондай болмайды. Мүмкін ауырып шықты ма екен… Негізі, жасы келді деп ойлаймын. Бірақ, ол өзім үшін қашанда чемпион болып қалады. Қазақтан шығып, тұңғыш рет ең беделді чемпиондық атақтардың бәріне қол жеткізген үлкен тұлға деп санаймын.

– Енді үшінші жекпе-жек туралы айтып жүр. Өзің қалай ойлайсың – Головкинде мүмкіндік бар ма?

– Жаңа айтқанымдай, бәрі ең алдымен денсаулыққа байланысты. Егер денсаулығы сыр бермей, дайындығы күшті болса, Головкин жеңеді деп ойлаймын. Ойлап қана қоймай, сенемін.

– Абылайхан, уақытыңды бөліп, арнайы сұхбат бергенің үшін «Ortalyq Qazaqstan» газетінің атынан үлкен алғыс айтамын.

– Сізге де рахмет. Өздеріңіз арқылы қалың оқырмандарыңызға, әрқашан жарыстарда қолдауын білдіретін жанкүйерлеріме, әлеуметтік желілерде тілектестік білдіріп, жылы пікір жазып жүрген барша азаматтарға алғысымды жеткізгім келеді. Бұйыртса, Олимпиадада сіздерді қуантуға тырысамын.ъ

Әңгімелескен Қамбар АХМЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button