Руханият

Жаңа жазуды жандандырайық

Қазақ жазуының қалыптасуы бірнеше кезеңді қамтығанымен, Тәуелсіздіктен кейінгі уақытта қолға алына бастаған латыннегізді жазудың артықшылығы бүгінгі таңда айтылып та, жазылып та жүр.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесін күн тәртібіне қойды. Мақала жарық көрген күннен бастап, қоғамда кеңінен талқыланып, латын әліпбиінің маңыздылығы, өзектілігі жан-жақты айтылды. 2000 жылдары латын графикасына көшу жайында мәселе айтылғанымен, қарқынды жұмыс 2017 жылдан бері қарай жүзеге аса бастады.

Осы аралықта латын графикасына негізделген жаңа әліпби бекітіліп, емле ережелері мақұлданып, мамандар даярлау үшін біліктілікті арттыру курстары да ашылды. Мұның барлығымен көпшілік қауым құлақтанып отыр және өз ұсыныс-пікірлерімен де бөлісуде. Жаңа қазақ жазуындағы жаңалықтармен хабардар ету мақсатында атқарылып жатқан шаралар аз емес, дегенмен, латын графикасына көшу мәселелерін насихаттау бағытында түсіндіру, ақпараттық-насихаттауды одан да жандандыра түскен абзал.

ЖОО мен колледж студенттерін, мектеп оқушыларын, әр саладағы мекеме қызметкерлерін де жаңа жазуды меңгертуге қадам жасалып жатыр. Ендігі қолға алатын мәселе – күнделікті өмірде жазу-сызуды көп қолданбайтын сала қызметкерлерін, жұмыссыздар мен зейнеткерлерді жұмылдыру. Бұл жұмыс арнайы дәріс, телеарналардан берілетін сабақ, көрнекі ақпарат түрінде қарқын алса, ұтарымыз көп болмақ.

Латын әліпбиіне көшуге қадам Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде өз дәрежесінде жолға қойылған. Атап айтсақ, ғылыми басылымдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында латын әліпбиіне көшуге байланысты мақалалар жарияланып, латын әліпбиінің маңызы, оған көшудің қажеттілігі сияқты өзекті мәселелермен қоса әліпби нұсқаларына байланысты сараптамалар жасалып, жаңа қазақ жазуының емле ережелеріне қатысты пікірлер де ұсынылуда.

Атқарылған да, атқарылатын да шаралар биылғы оқу жылында да қолға алынып, Қарағанды қаласы білім саласы қызметкерлерімен бірге жаңа емле ережелерін меңгерту мақсатында онлайн семинар-тренинг өткізу, ұстаздар құрамы арасында «Жаңа әліпбиді меңгердім» тақырыбында сайыс ұйымдастыру, әлеуметтік желіде профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылармен латыннегізді қазақ жазуы мәселелеріне арналған жарияланымдар бойынша акция өткізу және «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Ресурстық тіл орталығы» КММ-мен бірге өткізетін бірнеше шара жоспарланды.

Қазақстанның болашағына бейжай қарай алмайтын әрбір жанның алдына жаңа жазуды меңгеру немесе меңгерту үшін елеулі істер тұрғаны белгілі, сонда ғана жұмыла көтерген жүк жеңіл болмақ.

Мархаба ТҰРСЫН ОВА,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Қазақ тілін дамыту және латын графикасына аудару орталығының жетекшісі.

Басқа материалдар

Back to top button