Жаңа орталық іске кірісті
Қарағандыда тағы бір мамандандырылған ХҚКО жұмысын бастады. Орталықта тұрғындар көлікті қайта тіркеу қызметіне ғана жүгіне алады. Жаңа орталық Бытовая көшесі, №18/1 үй мекенжайында орналасқан.
Ал, Мұқанов көшесі, №5 үй мекенжайындағы мамандандырылған ХҚКО, тек, жүргізуші куәліктерін ауыстыру және алу бойынша қызмет көрсетеді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Тілеубай Құсайыновтың айтуынша, Қарағандыдағы жалғыз мамандандырылған ХҚКО үлкен жүктемемен жұмыс істеп келді.
– Мұқанов көшесіндегі орталық күніне мың адамға дейін қызмет көрсетті. Бұл – орталықтың бір маманына 50 клиенттен келеді деген сөз. Сондықтан, автокөлікті тіркеу бойынша қызметтерді толығымен өзіне алатын қосымша мамандандырылған ХҚКО ашу жұмыс жүктемесін төмендетуде оңтайлы шешім болды, – дейді Тілеубай Құсайынов.
Жаңа ХҚКО-да автокөлікті қайта тіркейтін 20 маман, 1 жеңілдік терезесі және дайын құжаттарды беретін 4 терезе жұмыс істейді.
Орталық толық жабдықталған. Және 200 орындық автотұрақ бар. Дүйсенбі-сенбі күндері 09.00-ден 18.00-ге дейін қызмет көрсетеді.
Айта кету керек, жыл басынан бері Қарағандыдағы мамандандырылған ХҚКО-да 100 мың автокөлік қайта тіркеліп, 50 мың жүргізуші куәлігі берілді.
Өз тілшімізден.