Ресми

Жылу орталықтары тексерілді

Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Топардағы МАЭС-2-дегі апаттан кейін барлық жылу және энергия көздерінің жай-күйін қайта тексеруді тапсырды. Бұл туралы аймақ басшысы онлайн режимде өткен аппарат жиынында айтты.

– Энергетикалық қадағалау департаментіне облыстағы барлық жылу электр стансаларына қайта тексеру жүргізуді тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Еске сала кетейік, 13 желтоқсанда Абай ауданындағы «Каzakhmys Еnеrgу» ЖШС Топар-2 МАЭС-де №14 қазандықтың бу құбыры жарылған болатын. Төтенше жағдай салдарынан бір адам қаза тауып, үш адам күйікпен ауруханаға жатқызылды.

Оқиға Абай қаласы мен Топар кентін жылумен және электрмен жабдықтауға әсер еткен жоқ. Станцияда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Оқиғаның себептерін тексерумен жұмыс комиссиясы айналысады. 10 күн мерзімде қорытынды беруі керек.

Абай ауданы әкімдігінің ақпараты бойынша, қазіргі уақытта зардап шеккендердің бірі үй режиміне шығарылды. Екеуі ауруханада емделуді жалғастыруда.

Жеңіс Қасымбек Абай ауданының әкіміне МАЭС басшылығымен бірге қаза тапқан және зардап шеккен қызметкерлердің отбасына барлық қажетті көмекті көрсетуді тапсырды.

***

Облыс әкімі мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілердегі парақшалары кері байланыстың нақты арнасы болуын талап етті. Аймақ басшысы адамдар өз өтініштері мен шағымдарына қатысты нақты шешімдердің орнына, көзбояушылық ретінде жазылатын жауап хаттар алатынына наразылығын білдірді.

– Тұрғындар сіздерге хат жазады. Бірақ, реакция жоқ! Мысалы, тұрғындар аурухана жанындағы ашық құдыққа шағымданды. Олар бұл жағдай туралы бірнеше рет хабарлады. Алайда, жай ғана жауап хаттар алған. Қарапайым мәселе үш айдан кейін – облыс әкімдігіне шағым түскеннен кейін ғана шешілді, – деді Жеңіс Қасымбек онлайн режиміндегі аппараттық кеңесте. – Осындай ісәрекеттер халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын жоққа шығарады. Сіздерден әрбір өтініш ескерілуін талап етемін.

Аймақ басшысы әлеуметтік желілер кері байланыстың тиімді арнасы болуы тиіс екенін атап өтті.

– Адамдар бюрократиялық тосқауылдарды айналып өтіп, сіздерге тікелей жүгіне алуы үшін сіздер, әлеуметтік желілерге шыққандарыңызды еске салғым келеді. Кез келген өтінішке жауап беріңіздер. Егер, өздеріңіз шеше алмасаңыздар, көмек сұраңыздар, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

***

Қарағанды облысы жергілікті қамту үлесін арттыруда. Өткен жылмен салыстырғанда көлем екі есеге артты. Жеңіл өнеркәсіпте нәтиже 2,1 млрд. теңгені, машина жасауда – шамамен 7,4 млрд. теңгені, химия өнеркәсібінде – 3 млрд. теңгені құрайды.

Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжанов аппараттық кеңесте «қарапайым заттар экономикасы» тауарларын мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы айтып берді.

– 2020 жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жобалық кеңсе өнеркәсіптің алты саласын анықтады, олар бойынша «қарапайым заттар экономикасы» шеңберінде тауарларды мемлекеттік сатып алуда жергілікті қамту мониторингі жүргізіледі. 1 желтоқсандағы жағдайға сай жиһаз бойынша жергілікті қамтудың үлесі 87%-ды, жеңіл өнеркәсіп бойынша – 83,5%-ды, құрылыс материалдары бойынша – 91,1%-ды, тамақ өнеркәсібі бойынша – 81,3%-ды, машина жасау бойынша – 60,6%-ды, химия өнеркәсібі бойынша – 53,7%-ды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жергілікті қамту үлесі екі есеге артты, – деп хабарлады баяндамашы.

Оның айтуынша «Жұмыспен қамту жол картасы» жобаларында жергілікті қамту үлесі 90,7%-ды құрады. Нысандарда жергілікті компаниялардың құрылыс материалдары пайдаланылды.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісовтің берген ақпаратына сай, өңірде «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 26,6 млрд. теңгеге 172 жоба мақұлданды. Оның ішінде, 21,5 млрд. теңгеге 165 жоба қаржыландырылды. Олардың басым бөлігі агроөнеркәсіптік кешенде жүзеге асырылады.

Облыста жергілікті қамтуды арттыру бойынша жұмыстар жалғасады. Бұл үшін келесі жылға жоспарлар дайындалуда.

– Қалалар мен аудандардың әкімдері әр кәсіпкермен нақты жұмыс жүргізіп, мемлекеттік қолдау шараларын кеңінен түсіндіруі қажет, – деп тапсырды өңір басшысы Жеңіс Қасымбек. – Жалпы, жергілікті қамтуды арттыру бойынша жақсы жұмыс жүргізілді. Көрсеткіштер жақсы. Бұл қарқынды төмендетпеу керек. Қазақстандық қамтуды ұлғайту жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет. Әрине, біз Қарағанды облысында өндірілетін өнімге баса назар аударуымыз керек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button