Жаңалықтар

Намыстан ақша жақын ба?

Желтоқсан туды дегенше, сауда орындары мен мекемелерде Аяз ата мен Жаңа жылдық сыйлықтан жүре алмай қалам дей беріңіз. Соның кесірінен Тәуелсіздік күні де тасада қалып қоятыны тағы бар. Мемлекеттік мекемелерге Егеменді  ел болған күніміз аталып өтілмей, шыршаларды орнатып, безендіруге рұқсат жоқ. Дегенмен, ол нұсқау жеке кәсіп иелеріне жүрмей тұр.

Жылда айтылып жатса да, желкеден түйген тоқпақ өтпейтіндер, қайтадан өз дегенін істеуге көшті. Қарағанды қаласында Мұқанов көшесінің бойында «Ясар» атты мейрамхана бар. Ұлттық нақышта салынғанымен, Тәуелсіздік күніне жетпей жатып, Жаңа жылдың «жаршысы» – шыршаны безендіріп, ауласына менмұндалатып қойғанына қарап, «Бұларға ұлттық намыстан көрі ақша жақын болғаны ма?» деген ойға қаласың. Ірі сауда орындары да елден сүйінші сұрағандай шыршаларды жарыса орната бастады.

Базар жағалаған саудагер де, оны аралаған көп қазақ та «Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кием» деп алады да, «Азаттықтың ақ таңы» тойланар 16 желтоқсанға жетпей шыршаның саудасын қыздыруды жөн көреді…

– Жылда осы, шырша саудасы желтоқсан айының басынан басталады. Базарға немесе сауда орнына барсаң, құдды бір Еуропада жүргендей әсерде қаласың. Тым құрығанда Тәуелсіздігімізді сол шыршаның тасасында қалдырмасақ еді. Наурызды осылай неге дәріптемейміз? – дейді қала тұрғыны Азамат Сәрсенұлы.

Сөзінің жаны бар. «Ашынғаннан шығады ащы дауыс» демекші, Наурызды осылай тойласақшы?! Сонау 1926 жылы солақай саясат Наурызды мереке ретінде атап өтуге тыйым салды. Тек, араға жылдар салып 1988 жылы ұлық мейраммен қайта қауыштық. Отыз жылдан асып кетті, сонда да Наурыз өз деңгейінде тойланбайды. «Сағындырып, сарғайтып жететін Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жаңа мазмұнмен, жарасымды сәнсалтанатымен түрлене түсуде. Күн мен түннің теңеліп, жандүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі ежелден халықтық мереке» деп ұрандатамыз да, 21 наурызда киіз үй құрып, келесі күні жинап тастаймыз. Болды, біздің мереке сонымен тәмам. Ал, Жаңа жылды айлап тойлап жатқандарға қарап «Наурыз мерекесі мен Тәуелсіздік күнінде осылай шабылмайтынымыз қалай?» деген заңды сұрақ туындайды. Жоқ, санамыз әлі де болса, кеңес идеологиясының шырмауынан арыла алмай жүр ме?!

Басқа елдерде қалай? Мысалы, Түркияда ресми Жаңа жыл мереке болса да, оны еуропалық сипатта тойлау құпталмайды. Түркия мұсылмандарының басшысы түріктерді шыршаны безендірмеуге және Аяз атаны шақырмауды сұрап үндеу де жасады. Ал, бізде жағдай басқаша… Иә, күнтізбелік жыл аяқталып, жаңа жылды есептеу 1 қаңтардан басталады. Жаңа жыл – ресми мереке. Дегенмен, бас мерекеміз Тәуелсіздік күні аталып өтпей жатып, көшемізді шыршамен безендіруді тек мемлекеттік мекемелер ғана емес, жеке кәсіпкерлер де орындаса екен деген ой біздікі.

Сурет интернеттен алынды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button