Экономика аспаны – бұлтсыз
Қаржы білгірлері әлемдік экономикаға жаһандық рецессия қаупі төнді деп жар салуда. Мұның соңы – жұмыссыздыққа, ал, жұмыссыздық – әлемдік күйзеліске әкеледі дейді. Өзгелердей емес, коронадағдарыс салқынына төтеп бере алған еліміздің экономикасы сәл баяулағанымен, бірқатар салаларда оң динамика байқалады. Экономиканы қолдау үшін дер шағында қабылданған дағдарысқа қарсы бастамалар да осы орайда өзіндік рөлін атқарғаны сөзсіз. 2020 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылуы сөз болған Үкімет отырысында осындай оң пікірлер айтылып, еліміздің экономикалық ахуалы жақсы бағаланды.
Вирус айналып өткен сала
Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен онлайн режимде өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов әлемдік экономиканың өсу қарқыны 7,6%-ға, әлемдік сауда – 10,6%-ға төмендесе де, елімізде тауар өндірісі 1,9%-ға өскенін айтады. Нақты сектор салаларының көбі және жекелеген қызмет түрлері де жақсы өсім көрсеткен. Олардың қатарында құрылыс, ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі бар..
Құрылыс демекші, соңғы он айда елімізде 10 млн. 744 мың шаршы метр немесе 94 мыңнан астам баспана пайдалануға берілген. Дағдарысқа қарамастан, тұрғын үйді беру көлемі өткен жылмен салыстырғанда – жоғары. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов осылай дейді.
Өсім байқалған өңірлер қатарында Қарағанды облысы да бар. Тұрғын үй салу көлемі арта түскенін айтқан аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек «10 айда 391,6 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,3 пайызға артық» дейді. Өсім көрсеткендер қатарында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 3,2%-ға артқан. Жалпы, бұл салада кенжелеп қалған сектор жоқ. Машина құрастырудың өзін айтпағанда, автокөлік құралдары, трейдерлер, электр жабдықтарын өндіру көлемі шарықтап кетпесе де, 4,3%-ға артқанын көрсетеді деректер.
Дағдарысқа қарамастан, түсті металлургия өндірісі де 1,9%-ға жоғары. Бұл ел көлеміндегі көрсеткіш болса, Қарағанды түсті металлургияда – 6,9 %-ға, қара металлургияда – 5%-ға, химия өнеркәсібінде – 5,1%-ға, тамақ өнімдерін өндіруде – 15,2%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруде – 4,7%-ға, фармацевтикада – 3,1 есеге өсім көрсетіп, соңғы 10 айда жақсы нәтижеге жеткен. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жайлы баяндаған облыс басшысы Жеңіс Қасымбек «Өнеркәсіптің нақты көлем индексі 102,4%-ды, ақшалай мәнде – 2,4 триллион теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,5 пайызға артық. Оң серпін өңдеу өнеркәсібінің 4,6 пайызға немесе 1,9 триллион теңгеге өсуі есебінен қамтамасыз етілді» дейді.
Руслан Ерболатұлының айтуынша елімізде инвестициялардың елеулі көлемі тұрғын үй құрылысына 30%-ға өсумен 1 472 млрд. теңге, көлікке 8%ға өсумен 959 млрд. теңге, өңдеу өнеркәсібіне 11%-ға өсумен 661 млрд. теңге, оның ішінде азық-түлік өнімдеріне 20%-ға өсумен 75 млрд теңге, ауыл шаруашылығына 8%-ға өсумен 413 млрд теңге тартылған.
– Дағдарыс деп елімізде сыртқы сауда айналымы да тоқтап қалған жоқ. 9 айда сыртқы сауда айналымы 62,8 млрд. экспорт 35,3 млрд. импорт 27,5 млрд. АҚШ долларын құраған. Осылайша, сауда теңгерімінің оң сальдосы 7,8 млрд. АҚШ доллары деңгейінде қамтамасыз етілді, – дейді Руслан Дәленов.
Мұнай-газ саласындағы көрсеткіш – 100%
Отын-энергетика секторының жайкүйі туралы мәлімдеген Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мұнай және конденсат өндіру көлемі 100,2% екенін айтады. Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар бұл саладағы, яғни, мұнай-газ саласындағы ірі компаниялардың көрсеткіштері көңілге қонымды. Мәселен, есепті кезеңде 57,5 млн. тонна мұнай экспортталып, жоспар 100% орындалған.
Одан бөлек, 45,9 млрд. текше метр көлемінде газ өндіріліп, сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 2,6 млн. тоннаға жеткен. Ал, тауарлық газды ішкі тұтыну көлемі 12,3 млрд. текше метр. Экспортқа шығарылған газ көлемі – 9 млрд. текше метр.
Автобензин өндіру де 3,66 млн. тоннаға жеткен. Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру де жоспардан асыра орындалған.
Соған қарамастан, Нұрлан Ноғаев мұнай өндірісі жайлы айтқанда, бірқатар жекелеген көрсеткіштердің төмен екенін де атап өтті. Мысалы, өндірілген 3,8 млн. тонна дизель отыны жоспардың 99,4%-на, 347 мың тонна әуе отыны жоспардың 84,4%-на, 1,62 млн. тонна мазут жоспардың 99,3%-на сәйкес.
Ал, электр энергиясы өндірісі – 100%.
Өнім көлемі ұлғайған сала
Үкімет отырысында ауыл шаруашылығын дамыту туралы мәселе қаралғанда, министр Сапархан Омаров соңғы 10 айда өнім көлемі 5,2%-ға артқанын жеткізді. Өсім негізінен өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 7,1%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілген. Жалпы, республика деңгейіне 3 облыста жоғары қарқын байқалды. Олардың қатарындағы Қостанай облысында – 121,3%, Ақмола облысында – 114,1% және Павлодар облысында – 105,5%.
– Мал шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі көрсетілген кезеңде 2,7%-ға ұлғайып, 2,1 трлн. теңгені құрады. Бұл ретте тірідей салмақтағы ет өндіру көлемі 3,7%-ға, сүт өндіру көлемі 3,1%-ға ұлғайды, – дейді Сапархан Омаров.
Тамақ өнімдерін өндіру көлемі де 3,4%-ға артқан. Оның ішінде күріш өндіру – 36,8%, сары май – 17,1%, шұжық өнімдері – 14,6, макарон – 9,7%, жарма – 5,6%, ұн –5,1%, қышқыл сүт өнімдері – 4,5%, ірімшік және сүзбе – 2,1% артқан.
Ал, Қарағанды облысында биылғы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығында 341,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,6%-ды құрады. Одан бөлек, осы аралықта аталған салаға 529,7 миллиард теңге инвестиция салынған. «Бұл соманың 83 пайызын жеке инвестициялар, 34,2 пайызын шетелдік инвестициялар алады» дейді Жеңіс Махмұдұлы.
Несие алу көбейіп, қарыз ұлғайған
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың мәліметінше халықтың несиесі 2%-ға артқан. Олардың құрылымында тұтынушылық қарыздар 4,2 трлн. теңгеге, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен ипотекалық қарыздар 2,1 трлн. теңгеге ұлғайған.
Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру үшін кәсіпкерлерден 872,7 млрд. теңгеге 1 277 өтінім қабылданса, банктер жалпы сомасы 447,6 млрд. теңгеге 487 өтінімді мақұлдап, 427,9 млрд. теңге сомасына 691 қарыз берген. Одан бөлек, кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы бойынша кәсіпкерлер 567,3 млрд. теңге сомасына 2 291 өтінім беріп, 4 292-не 91 млрд. теңге бұрын берілген қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен берілген.
Ерболат Асқарбекұлының айтуынша, Ұлттық банктің қаржыландыруы есебінен тұрғын үй құрылысын қолдау жалғаса береді. Олардың қатарында «7-20-25», «Баспана Хит» тәрізді бағдарламалар бар. Қазірдің өзінде нарықтық ипотекалық бағдарлама бойынша 404,5 млрд. теңге сомасына 45 866 өтінім мақұлданып, 320,6 млрд. теңгеге 37 176 қарыз берілген.
Қарағандыда – тың жобалар
Үкімет отырысында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек облыста қолға алынған тың жобалар жайлы да сөз қозғады. Атап айтар болсақ, 2 триллион теңге сомасына 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашумен 45 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. 2020 жылдың өзінде 11 жобаны іске қосу жоспарланса, жалпы құны 168,5 миллиард теңге болатын сегіз жоба іске қосылған. Олардың қатарында алтын өндіру фабрикасы, техникалық газ өндіру зауыты, көтерме-логистикалық орталық және тағы сол сияқтылары бар.
Желтоқсан айында Саран қаласында Yutong қытайлық компаниясымен бірлесіп, жолаушылар автобустары өндірісі іске қосылады. Жобаның құны – 22,1 миллиард теңге. Жылына 1 200 автобус шығару қуатына ие өндіріс орнында 440-тан астам жұмыс орны ашылады.
Салтанат ІЛИЯШ.