Дін-діңгек

Арандатушылар айыпталады

Қазақстан аймақтарындағы дін істері басқармаларының мәліметінше теріс пиғылдағы діни топтарға тіркелгендердің көбі жасөспірімдер екен. Әлі ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін жете түсінбейтін жасөспірімдер жат ағымның жемін тез қабады. Өйткені, ондай сұрқия секталардың басқа әдіс-айласын айтпағанда, әлеуметтік желілерде неше түрлі амалдарға барады. Не істемек керек? Келеңсіздікпен күресіп, тосқауыл қою шарт. Бұл тұрғыда елімізде Атырау облысы дін істері басқармасы көш бастап тұр.

Өткен аптаның соңғы күндерінде аталған мекеменің білікті мамандары біздің облыстық дін істері басқармасында болып, тәжірибелерімен бөлісті. Онда тәжірибе алмасуға аймақтағы дін істері басқармасының қызметкерлерімен қатар, қалалық, аудандық бөлімдер мамандары жұмылдырылды. Теріс діни ағымдарды ауыздықтауда республика бойынша қамшы салдырмай тұрған Атырау облысы дін істері басқармасының ақпараттық-талдау орталығы жыл басынан бері ғаламторда дәстүрлі емес діни бағытты насихаттайтын 12 мыңнан астам топтың ақпарат көзін бұғаттапты. Бұл іс бойынша орталық жыл басында республика көлемінде 15-ші орында тұрса, қазір 1-ші орынға бір-ақ шыққан.

Атырау облысы дін істері басқармасы ақпараттық-талдау орталығының басшысы Рүстем Сейтқалиевтің айтуынша, дінді қолжаулық қылған жат ағымдарды қақпанға түсірудің жолы көп. «Кез келген деструктивті діни ағым өкілі өзінің парақшасын Құран аяттары мен сүннет амалдары туралы материал жариялаумен бастайды. Аудиториясын жинап алғаннан кейін өздерінің уағыз-насихат жұмыстарын жүргізуді қолға алады. Олар материалдарын сапалы (бірдей фон, әр материал бірдей форматта, көбіне қара түсті) дайындайды. Және күн сайын тұрақты түрде белгілі бір уақытта салып отырады. Онымен қоймай, желі қолданушыларының әлеуметтік желіні кешкі уақытта қарайтынын тиімді пайдаланады. Сол уақытта тікелей эфирге шығып, парақша оқырмандарының сауалдарына жауап береді. Әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударатындай инфографика салып, әдемілеп безендіріп қояды» дейді маман.

Сондай-ақ, қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастыру арқылы діни сауаты төмен азаматтарды әп-сәтте қатарына қосып алатын көрінеді. Қазір «ВКонтакте», Facebook, Instagram, Telegram, Tiktok, «Одноклассники» әлеуметтік желілері жастар арасында кең қолданыста. Жат ағым өкілдері кішкентай балалардың назарын аудару мақсатында анимациялық форматта да контент жасап жатқанын айтады мамандар. Әсіресе, жасөспірімдер арасында танымал болған Tiktok әлеуметтік желісінде «насихат» жүргізуде. Аталған орталық мамандары Tiktok әлеуметтік желісінде 50-ден астам жат ағым өкілінің парақшасы барын анықтапты. Осы орайда, ата-аналар балалары әлеуметтік желіде қандай топтарға тіркелгенін қадағалап отырғаны абзал.

«Қазіргі таңда біздің ақпараттықталдау орталығы әлеуметтік желілерде 4 бағыт бойынша зерделеу жұмыстарын үздіксіз жүргізуде. Деструктивті (теріс) діни ағымдардың насихат жұмыстарын бақылауға алу мақсатында арнайы бағдарламалар жасақталған. Орталық мамандары аталмыш бағдарламалар арқылы деструктивті діни топтарға тіркелген азаматтарды автоматты түрде анықтап, жеке деректерін біле алады» дейді атыраулық мамандар.

Әлеуметтік желіде теріс діни ағымды насихаттағандар айыбын өтейді. Атыраулық дін істері басқармасы мұны да сәтті іске асырып отыр екен. Атап айтқанда, биылғы 9 айда ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң талаптарын бұзған 78 факті анықталған. Олардың арасындағы 45 тұлғаға әкімшілік айыппұлдар салынса, 26-сының жұмысы тоқтатылып, 4-не ескерту берілген. 3-і қаралу үстінде.

ҚР әкімшілік құқықық бұзушылық туралы заңының 453-бабын бұзғаны үшін, яғни, интернет ресурстарында діни араздықты қоздыру, экстремизм мен терроризмді насихаттауға бағытталған ақпарат жариялаған жеке тұлғаға 55 мың теңге, заңды тұлғаға 70 мың теңге айыппұл салынады. Ал, заңның 490-бабын бұзғаны үшін, діни әдебиеттерді таратқан жеке тұлғаға 139 мың теңге, заңды тұлғаға 556 мың теңге; заңды діни қызметке кедергі келтірген жеке тұлғаға 139 мың теңге, заңды тұлғаға 278 мың теңге айыппұл салынады.

Мұның бәрі заңда көрсетілгенмен, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, ресми органдарды қосу тетіктері, яғни, жұмыс жүйесі оңай іс емес. Осы сияқты тәжірибелерін Қарағанды облыстық дін істері басқармасының мамандарымен бөліскен атыраулықтар алдағы күндерде еліміздің басқа да облыстарына сапар шегетінін мәлімдеді.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button